«Қапланбек» агрошарап өндірісі қайта жанданды. Енді дүкен сөрелерін осы компания шығаратын шараптарды көптеп кездестіруге болады. Күніне 40 тонна, яғни 5 мың бөтелке шарап шығаратын бұл зауытта ішімдіктің 9 түрі ашытылады. Зауытты өз қолына алған жеке кәсіпкер қаражат болса өндірісті одан да кеңейтуге дайын.

002

«Қапланбек», «Жібек жолы», «Ркацители», «Тамада», «Талас», «Портвейн», «Кагор», «Саперави», «Херис» – бұлар өндірісі қайта жанданған Қапланбек шарап зауытының жаңа өнімдері. Жаңа жылдан бастап тамырына қан жүгіре бастаған бұл кәсіпорын өнімінің сапасы шетелдерден келген шараптардан артық болмаса кем емес дейді мамандар.

Елемес Есходжаев, зауыттың қызметкері: «Шарап десе, көбісі Франция, Армения, Грузия елдерінің шараптарын айтады. Ал біздің шараптар олардан кем емес. Сапасы жағынан да, дәмі мен иісі жағынан да – барлығы керемет. Сондықтан болар. Алматы, Астана, Атырау қалаларынан, тіпті, Ресейден тапсырыстар келіп жатыр.»

Шарап бөшкелері
Шарап бөшкелері

Қапланбек шарап зауыты өзінің шарап сақтайтын қоймаларымен бүкіл елге әйгілі. Мәселен, қоймадағы үлкен бөшкелердің әрқайсысында мың литр шарап сақтаулы тұр. Мамандардың айтуынша, шарап түріне байланысты бір жылдан бірнеше жылға дейін бөшкілерде сақталады. Неғұрлым көп сақталған шараптың бағасы да солғұрлым жоғары болмақ.

Ербол Күзенбеков, технолог: «Дәл қазір бұл қоймада 1 миллион декалитр шарап бар. Әр шараптың сақталу уақыты түрлі болғандықтан, олар әр цехта бөлек бөлек сақталады. Сақтауға келмейтін шараптар да бар. Олар әзірлене салып бөтелкеге құйылып, сатылымға шығарылады. Ал маркалы шараптар қоймада 2-3 жыл сақталса, коллекциялы шараптар одан да ұзақ уақыт тұрады.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=91v5KAw17Zs[/youtube]

Бір бөлмеде Оңтүстіктегі ең көне шарап «Херис» сақталып келеді. Маманның айтуынша, шарап еменнен жасалған бөшкеде ұсталады. Сонда ғана оның дәмін, түсін және хош иісін қалпында сақтап қалуға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, дәл қазір шарап зауытында 33 маман жұмыс істейді. Алайда зауытты өз қолына алған жеке кәсіпкер қаражат болса, өндірісті кеңейтуге дайын.