Қиыр Шығыстан келген жұрт

КСРО-ның тірі кезінде Мәскеуден жасалған келте бұйрықтардың бірі – қазақ даласына, арысы Орта Азия елдеріне әр түрлі ұлттарды депортациялау болды. Сол бұйрықтың алғашқы легіне ілінген халықтың бірі – Қиыр Шығыстағы кәріс ұлты еді.

2-019

Сондықтан да биылғы Қазақстан халықтарының Ассамблеясы жылында Оңтүстік Қазақстанда тіршілік етіп жатқан ұлттардың тыныс-тіршілігіне шолуды кәріс ұлтынан бастауды жөн санадық.

Қазақстан халықтары Ассамблеясының тармақтары осындағы ұлттық мәдени орталықтары десек, онда Оңтүстіктегі кәріс халқының ұйысқан орталығы — Қазақстан кәрістері ассоциациясының облыстық филиалы. Орталықты бүгінде Юрий Борисович Югай басқарады.

1937 жылдың қыркүйек айында Қиыр Шығыс жеріндегі кәрістерді эшелондармен Қазақстанға, Өзбекстанға жөнелтті. КСРО-ның қиыр шетінен депортацияланған елдің басым бөлігін Қазақстанның Қызылорда мен Балқаш өңіріне қоныстандырды.

Валерий Цой:

– Әкем Евсей Никифорович пен анам Надежда Ивановна құрған шаңырақтан барлығы тоғыз перзент өрбідік. Төрт аға-әпкем Қиыр Шығыста дүниеге келсе, қалған бесеуміздің кіндік қанымыз Қазалыда тамды. Мен 1948 жылдың 5-сәуірінде туыппын. Отбасымыз мен ес білгенге дейін табаны сыз жеркепені тұрақ етіп, кейіннен саман кірпіштен соғылған үйге көшеді. Ол уақыт — жұпыны ғұмыр кешкен, тойып тамақ ішпеген, киімге жарымаған ауыр күндер болды. Қазалыда балық пен аң-құс мол болатын. Ауылдық жерлерден балықшылар арба-арбаға тиеп, балық әкелетін. Бір арба балықты болмашы тиынға сатады. Мал етінің бағасы қалтамызға тура келмегендіктен балық етін жеп өстік. Ара-тұра қоян мен қырғауыл аулайтын кездер болатын. Содан 1955 жылы мектепке бардым. Әр жылы жазда жергілікті кірпіш зауытында, теміржол стансасында қатар жұмыс істеп, ақша табатын едім. Қазалыда бастапқыда қазақтар аз болды. Мен мектепке барған уақыттарда қазақтар көбейе бастады. Қазақ көршілерімізбен аралас-құралас, бірге ойнап өстік.

Сол лекпен сонау Қиыр Шығыстан қазақ даласына тап болған әулеттердің бірі – бүгінде Шымкентте тұрып жатқан Валерий Евсеевич Цойдың отбасы.

Валерий қарияның айтуынша олардың әулеті Қазалы стансасына жеткізілген. Әр вагонда бес отбасыдан болған. 30-40 күн бойы жол жүрген бас-аяғы жиырма кәріс отбасы Қазалыда вагоннан түсіріліп, жеркепелерге қоныстандырылады. Күздің басы – күн суыта бастаған уақыт.

Қазалыда орта мектепті тауысып, Шымкентке 1966 жылы келеді. 1967 жылы әскерге алынып, оралған соң 1973 жылы Алматыдағы Халық шаруашылығы институтын «ауыл шаруашылығы экономикасын жос-парлау» мамандығы бойынша тәмамдайды. Экономист-маман ретінде Сайрам мен Шымкент қалаларындағы түрлі мекемелерде жұмыс істеп, 1990 жылы Шымкенттегі ауыл өндірісі комитеті төрағасының орынбасары дәрежесіне дейін көтеріледі. КСРО-ның іргесі сөгіліп, құлағаннан кейін Даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру Институтының Оңтүстік Қазақстан облысындағы оқыту орталығының жетекшісі болып біраз жылдар бойы жұмыс істеді.

2-020

Кейіннен бизнеспен айналысып, құрылыс саласында кәсібін дөңгелетті. Бүгінде қосағы Наталья Ивановнамен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, бес немере сүйіп отыр. Қазақпен құда. Келіні – Алматы облысының қызы.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін өз тарихи отандарына көшіп кеткен ұлттардың қатарында қалыс қалған ұлт – кәрістер. Валерий Евсеевичтің сөзінше, Қазақстаннан көшіп кету ойында жоқ. Ойға келмеген. Осында туып, осында өсіп, қазақ жерінде өмір сүріп келемін. Дархан даладағы қазақы кеңдікке үйрендім, өзге ел маған тарлық етеді, – дейді Валерий Евсеевич. Бұл тек жалғыз адамның ойы ғана емес, осындағы көптің ойы.

Сөз арасында айтып өткеніміздей, Қазақстандағы кәрістердің дені бизнеспен айналысады. Оның ішінде құрылыс, қызмет көрсету саласында ісін жүргізіп отыр. Шығармашылықты кәсібіне айналдырғандар да көп.

Қазақстан кәрістері ассоциациясының облыстық филиалы да осы бизнесті дамыту ісіне ерекше мән береді. Оңтүстік Қазақстан облысы мен Оңтүстік Корея арасындағы бизнес әріптестікті күшейтуде көпір қызметін атқаруда.

Қазақстандағы кәрістер арасында кәріс тілі қолданылмайды деуге болады. Ал, Халықтар достығы үйінде тіл үйрететін курстар бар. Онда кәріс тілін тереңдетіп үйретіп кетпесе де, негіздерін танытады. Кәріс тілін үйренбек болған өзге ұлт жастары сонда барып, тіл үйренуіне жағдай бар.

Юрий Югай, Қазақстан кәрістері ассоциациясы облыстық филиалының төрағасы:

– Оңтүстік Қазақстанда 10 мыңға жуық кәріс ұлтының өкілдері тұрады. Олардың басым бөлігі Шымкентке қоныстанса, Жетісайда 2,5 мыңға жуық кәріс бар. «Тек қана өзіңе сен, еңбектен» деген түсінікті ту етіп ұстанғандықтан, әрдайым тынбай еңбек етеміз. Адам жұмыс істесе жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бәрі де өзіңе байланысты. Қай нәрсеге де өз күшімізбен жетуді құп көреміз.

Кәріс халқының қалдырмай атап өтетін үш тойы бар. Ол – балаға бір жас толғанын тойлау, үйлену тойы және 60 жылдық мерейтой. Бұл үшеуі дәстүрлі түрде тойланады.

Биыл айтулы жыл. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл, ҚР Конституциясының қабылданғанына 20 жыл, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Осы себепті де Қазақстан халықтары Ассамблеясы аясында бас-аяғы 400-ге тарта мерекелік іс-шара өткізу жоспарланған. Мәдени орталық барлық іс-шараларға белсенді қатысып, қатардан көрінеді.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №2, 14.01.2015