Қала әкімінің орынбасары Ассамблея мүшелерімен кездесті

22

 

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары және ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар жетекшілерімен кездесті. Іс-шараны қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев ашып, жүргізіп отырды.

Жиында Мемлекет басшысының “Егемен Қазақстан” газетінде жарық көрген сұхбатында айтылған идеяларды халық арасында ілгерілету мәселелері талқыға түсті. Қала әкімінің орынбасары С.Құранбек қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулықты сақтаудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталды.

– Елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік этносаясаттың нәтижесінде қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулық берік орныққан. Бүгінде еліміз Әділетті Қазақстанды құрудың практикалық кезеңіне қадам басып, қоғамда бірлік, ынтымақ, еңбекқорлық, адалдық, қарапайымдылық сынды жаңа құндылықтарды алғашқы орынға шығарды. Ассамблея мүшелері берекелі бірлік жолын жалғау арқылы қоғам игілігіне бағытталған құндылықтарға құрметпен қарап, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосып келеді. Бүгін өздеріңізбен арнайы кездесудегі мақсат – қала аумағында мемлекеттік этносаясатты сіздермен бірге нәтижелі іске асыру, қоғамдық келісімді сақтауға бағытталған жобаларға этномәдени бірлестіктердің әлеуетін тарту. Алда бірлесе атқаратын жұмыс әлі де көп, – деді Сәрсен Абайұлы.

Қала әкімінің орынбасары қалалық ассамблея Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтылған идеяларды халық арасында ілгерілету жұмыстарына атсалысуы керек екенін де нықтап айтты. Алдағы кезеңдерде бірлесе атқаратын жұмыстарды жүйелеу әрі жандандыру мақсатында бірқатар ұсыныстар мен тапсырмалар берді.

Кездесу барысында мемлекет және қоғам қайраткері, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев, қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Романова, қоғам қайраткері Фахриддин Қаратаев бірқатар мәселелерден хабардар етіп, ұсыныстарын жеткізді.

Бүгінде қалада 17 этномәдени бірлестік пен ҚХА жанындағы қоғамдық негізде әрекет ететін 7 құрылым жұмыс істейді. 2023 жылы этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылым мүшелері тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру, туындаған мәселелер бойынша ахуалды реттеу, этномедиацияның әлеуетін пайдалану және жалпыұлттық бірлікті көздейтін 100-ден астам ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына атсалысты.