Қой жылында құрттаған судан құтыламыз деп қуанған құрсайлықтар ауызсудан тағы да қағылды. Бұған дейін таза суды көрші ауылдан тасып ішкен тұрғындар енді қыс ауасында жол шайылып кеткенін айтып ашынады. Тіршілік нәрінен таршылық көрген ағайынның сөзіне сенсек, мұнда ауызсудың құбыры тартылған. Тіпті жаңа жылдың қарсаңында сол құбырдан су аққан. Алайда құрсайлықтардың қуынышы екі-ақ күнге созылды.
Қарлығаш Босынованың әр таңы бір әрекетпен басталады. Су іздеп, сан-саққа сабылады. Құрсай ауылының тұрғыны үйіндегі құтыға сақтаған тірішік нәрі таусыла салысымен амалсыз лас суды тұтынуға мәжбүрміз деп ашынып отыр.
Қарлығаш Босынова, Құрсай шағынауданының тұрғыны: «Су келмейді. Келген күнде мына жол нашар деп, су таситын көліктер кіре алмайды. Сол себепті біз қарды ерітеміз, онша барынша үнемдеп қолданамыз. Жаңбырдың суымен кір жуамыз. Қардың суымен ыдыс-аяқ жуамыз. Қазіргі таңда осындай қиыншылықтарды көріп жатырмыз».
Бүгінде тірішік нәрінің тапшылығын Құрсай шағынауданындағы 500 отбасы тартып келеді. Мұнда су жеткізілуі үшін құбыр тартылғанымен, нәтиже жоқ, су ақпайды. Ашуға булыққан ағайын мәселесін жергілікті билік өкілдеріне жаздыгүні, шіліңгір шілде айында да айтқан. Жиналған жұрт, тіпті, сақтағалған су ластанып, құрттап жатқанын да жайып салып еді. Шулы жағдайдан соң араға 6 ай салып шөліркеген ағайынға су жеткізілді. Бірақ олардың қуанышы көпке ұзамады.
Лаура Рысбекова, Құрсай шағынауданының тұрғыны: «Облыс әкімінің орынбасары Берік Оспановқа бардық. Ол «Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оны жөндеп болса, 1 аптаның ішінде су беріледі» деп айтты. Бір апта емес, екі апта өтті ғой. Талғат Қасымбековке кірдік. Лесбековке де бардық. Барлығы «Мердігер жөндеп жатыр» дегеннен аса алмады. Мердігердің жұмыстары мардымсыз. Ешқандай нәтиже жоқ».
Құрсайлықтардың су мәселесіне қанық қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығы өзекті сауал шешілуге жақын деп отыр.
Талғат Қасымбеков, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Желтоқсан айында жұмыстар толығымен аяқталып, су берілген. Бірақ дәл қазір ол жерде су жоқ. Себебі Құрсайға су көзі болып табылатын құбырда ақау пайда болды. Сол себептен қазіргі таңда мердігер мекеме «Шаңырақ-21» қазір өзінің міндеттемесіне байланысты келіп, қалпына келтіру жұмыстарын атқарып жатыр. Бүгін-ертең, Құдай қаласа, су болады деп ойлаймын.»