Шымкенттегі дендрологиялық саябаққа қашан су беріледі?

Үш жылдан бері сусыз тұрған дендрологиялық саябақта сегіз мыңға жуық ағаш қураған. Мәселе Бәйдібек би мен Ұ. Арғынбеков күре жолы қиылысындағы үш деңгейлі жолайрығындағы құрылыс кезінде құбырлардың кесілуінен туындаған. Бұл мәселе қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды. Сонымен дендрологиялық саябаққа қашан су беріледі?

«Шымкенттегі дендрологиялық саябақта су жоқ. Қаланың ең басты бағы үш жылдан бері сусыз тұр. Бұлай жалғаса берсе, ағаштардың бәрі өледі». Осылай деген қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Мырзахмет Сынабаев мегаполис басшысынан осы мәселеге назар аударуын сұрады.

«Тек қана қаланың ішіндегі инфрақұрылымды жөндеу керек жеткізіп беретін суды. Дендросаябағымыз үш жыл болды сусыз тұрғанына. Ұ.Арғынбеков пен Бәйдібек би көшелері жөнделеді деп сусыз қалды. Енді биыл тағы сусыз қалса, талдардың бәрі өліп қалатын шығар деп ойлаймын. Осы саябақтарға су жеткізіп беру керек. Соны қолға алсаңыз, көктем басталды, ертең күн ыси бастайды. Наурыз саябағы бар, скверлер бар»,- дейді Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Мырзахмет Сынабаев.

Қоғамдық кеңес отырысында бұл сауал жауапсыз қалғандықтан, мәселе туралы Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ басшысын сөзге тарттық. Гүлнар Бертайқызының сөзінше, дендросаябақтың 2020 жылдан бері сусыз тұрғаны рас. Себебі су келетін БМК каналы бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген, онымен қоса Бәдібек би мен Ұ.Арғынбеков жолайрығының құрылыс кезінде құбырлар кесілген. Дегенмен, мәселе биылдан қалмай шешілуі тиіс, дейді саябақ директоры.

«Дендропаркте үш жылдай проблемалар болған. Ол проблема 2020 жылы басталған. 2020, 2021, 2022, 2023 жылдары болды. Себебі Бәйдібек би мен Ұ.Арғынбеков көшесіндегі жолайрығы салынған кезде трубалар кесіліп тасталған болатын. Сол кезде қателіктер кеткен болу керек. БМК каналы біраз жылдан бері біраз қордаланған проблемалар бойынша ақша бөлінбей жөндеуден өтпеген еді. Қазір жөндеуден өтті. Қазір тапсырып жатқан болу керек. Биыл суды өз деңгейінде аламыз деп қуанып отырмыз. Биыл судан проблема болмау керек негізі», – деді А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ директоры Гүлнар Сапарымбет.

Су жоқ жылдардың ішінде өсімдіктерге зиян келгені жасырын емес. Бұл мәселені арнайы комиссия тексеріп, сараптама да жасаған. Нәтижесінде саябақтағы 8000-ға жуық ағаш қурап қалғаны анықталған.

Гүлнар Сапарымбет, А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ директоры: «Адамға қалай ауа керек болса, өсімдікке де солай су қажет. Иә, мәселе болған. Расымен біраз жер қураған. Мұны жасырмаймыз. Арнайы комиссиядан өтті. Экспертизадан өтті. Мен 2022 жылдың желтоқсан айында келдім, сол жылдың қазан айында АКТ жасаған, сонда 8000 мыңдай ағаш қурады деп жазған. Қазір ол қураған ағаштардың 30-40%- нан құтылып жатырмыз».

Гүлнар Сапарымбеттің айтуынша, дендробақ суды биылдан бастап өз деңгейінде алады. Сөзінше, тіпті кешегі күннен бастап су беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 150 литр су келген. Саябақ басшысы қазіргі таңда «Басқару және жұмыс істеу жоспары» құжаты дайындалып жатқанын айтады. Егер қолдау тапса, суғару, гендік қорды көбейту сияқты өзекті мәселелер шешімін табады.