Арыс қаласының әкімі 2014 жылды қорытты

576

Арыс қаласындағы орталық жылыту қазандығы 30 жылдан бері күрделі жөндеу көрмей келеді. Қаладағы 10 шақты көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етіп отырған нысан 1983 жылы пайдалануға берілген. Содан бері қазандық жергілікті бюждет есебінен жасалатын ағымдағы жөндеу жұмыстарымен ғана шектеліп келеді. Бұл туралы қала әкімінің есептік жинында мәлім болды.

3 (2)

Қала басшысы Ертай Сейіт тұрғындар тарапынан көтерілген бұл мәселенің жыл аяғына дейін шешілетініне сендірді. Облыстық бюджеттен нысанға тиісті қаражат қаралған. Жоспарға сәйкес биыл қазандық күрделі жөндеуден өтеді.

Жиында мәлім болғандай, тоғыз жолдың торабы болған өлкеде былтыр атқаралған жұмыстар аз емес. Барлық салада айтарлықтай өсім бар. Кәсіпкерлік саласында бірнеше нысан қуаттылығын арттырып, тоқтап тұрған мекемелер қайта іске қосылды.

Үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Ордабасы құс» ЖШС-нің құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын, жылына 1 млн. 800 мың дана жұмыртқа шыратын фабрикасының жобасы мақұлданған.

Сондай-ақ, өткен жылы «Агрофирма Жаңа Ақдала» ЖШС жұмысын қайта бастады. Агрофирма тамшылатып суару әдісімен 170 гектар алқапқа қызанақ пен жүгері дақылдарын екті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=0o8Qnh_g55I[/youtube]

Ал қала дихандары былтырғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан егіншілік талаптарын сақтап, 7171 тонна астық, 12718 тонна жүгері, 1405 тонна мақта, 82340 тонна бақша, 8255 тонна көкөніс және 1268 тонна картоп өсірді.

Қалада мемлекеттік бағдарламалар да кезең-кезеңімен іске асуда. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 400 бас ірі қара алу тапсырмасы 146 пайызға артық орындалды. Кейбір түйткілді мәселелерге жергілікті билік өкілдерінің назарын аудару үшін есептік жиынға арнайы келген тұрғындар тарапынан түскен шағымдарды қала әкімі биылғы жұмыс жоспарына енгізді.