Екінші дүниежүзілік соғыс — ел басына туған қиын-қыстау, сұрапыл кезең еді. Майданда қорғасын, елде «қара қағаз» жауған кез. Майдандағы жауынгерлер қолына қару алып, жауға қарсы шықса, тылдағы еңбеккерлер жарғақ құлағы жастыққа тимей, күн қатып, түн қатып еңбек етті. Осылайша, майдан мен тылдағылар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жеңіс үшін аянбай тер төкті. Майдан даласы мен тыл қажеттерін елдегі зауыт-фабрикалар мен кәсіпорындар қамтамасыз етіп отырды. Сондай зауыттардың бірі — Шымкент қорғасын зауыты болатын.
Петр Ломако, КСРО түсті металлургия министрі:
– Соғыс жылдары Шымкент қорғасын зауыты негізгі өнімнен бөлек, зеңбірек оқтарын шығаруды ұйымдастырып, тау-кен өндірісіне арналған машиналардың қосалқы бөлшектері мен жабдықтарын жасады.
1929 жылы іргетасы қаланып, 1932 жылы өз жұмысын бастаған қорғасын зауыты 1934 жылдың 20 қаңтарында алғашқы өнімін шығарды. 1937 жылы Кеңес Одағы бойынша өндіріліп-балқытылған қорғасынның 75,3 пайызы осы зауыттың үлесінде болды. Ол жылдары зауыттың басшысы В.А. Переводкин болатын. Басшының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде 1939 жылы Қазақстанда өндірілген қорғасынның — 73,2, жалпыодақтық қорғасынның — 62,1 пайызын өндірген.
1941-1945 жылдар аралығында
Соғыстың алғашқы айларынан бастап, ел экономикасын соғыс мүддесіне бейімдеп қайта құру, материалдық жəне адам ресурстарын қайта бөлу шаралары жүргізілді. Сонымен қатар неміс фашистері басып алған жерлердің тұрғындары мен кəсіпорындар көшіріліп әкелінді. Қорғаныстық маңызы бар ондаған кəсіпорындар іске қосылса, бұрыннан істеп тұрған кəсіпорындар өнім өндіруді арттырды. Бұл межені орындауда Шымкент қорғасын зауыты да қалыспады. Оған майдан даласында атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылса, соның жетеуі Шымкент қорғасын зауытының үлесінде болғаны дәлел. Сонымен қатар, соғыс жылдары қорғасын зауытының 400-ден астам жұмысшысы қолына қару алып майдан даласына аттанған.
Орден мен медаль алған қорғасыншылар: 500.
Олардың:
«Ленин орденін – 15
«Қызыл Ту» орденін – 52
«Құрмет белгісі» орденін – 32
ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін – 17 адам алған.
Облыста 472 ҰОС қатысушысы мен 21 747 тыл еңбеккері тұрады
Жеңістің 70 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне 1 миллион теңгеден беріледі.
Ал, жаппай демобилизациядан кейін, соғыс басталғанға дейін осы зауытта еңбек етіп, майдан даласына кеткендер зауытқа қайта оралып, жұмыстарын жалғастырды.
Айтпақшы…
Майдан даласын оқпен ғана емес, басқа да қажеттілікпен қамтамасыз етіп отырған зауытты өз көзімен көріп, тыныс-тіршілігімен танысуға ниет білдіретіндер аз болған жоқ. Сондай жандардың бірі — КСРО орталық сайлау комитетінің төрағасы М.И.Калинин еді. Сонымен қатар, бұл зауытқа Кеңес Одағының маршалы С.К. Тимошенко, мемлекет және қоғам қайраткері Д.А. Қонаев, жазушы М.Әуезов келген.
Иосиф Сталин, КОКП бас хатшысы:
– «Металлург Қазақстан» танк колонасының құрылысына 700 мың рубль жинап берген Шымкент қорғасын зауытының жұмысшыларына, инженерлер мен техникалық қызметкерлерге Қызыл Әскер атынан алғысымды білдіремін.
Бүгінде Шымкент қорғасын зауытының кіре берісінде зауытта еңбек етіп, майдан даласында соғысқандарға арнап қойылған ескерткіш-тақтайша бар. Онда 117 жауынгердің аты жазылған. Соның ішінде Кеңес Одағының батыры, зауыттың балқыту цехында жұмыс істеген Хасан Мамытовтың да есімі қашалып жазылған.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №2, 14.01.2015