Таяуда Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мырза қаламыздағы «Отырар-TV», ТВК телеарналары мен «Оңтүстік Рабат», «Рабат», республикалық «Қазақстан Заман» газеттерінің журналистерін жинап, сұхбат берген болатын. Шаһардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени хал-ахуалы турасында қойылған сауалдарға Дархан Амангелдіұлы тұщымды жауабын беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бір жарым сағатқа созылған сол сұхбатты газетіміздің бетіне жариялауды жөн санадық.
– Дархан Амангелдіұлы, қазіргі таңда халықты толғандырып жүрген мәселелердің бірі жолау-шы тасымалдайтын компанияларға қатысты болып отыр. Автобустардың уақытылы жүрмеуі, тіпті келмей қалуы, кешқұрым тоқтап қалатыны елдің ығырын шығаруда. Қаптаған жолаушы тасымалдау компанияларындағы тәртіпсіздіктер қашан тоқтайды?
– Жолаушы тасымалдау мәселесіне келгенде қаламызда қиындықтар өте көп. Шағынаудандар мен жаңадан қосылған елдімекендерді аралаған кезде осыған көзім жете түсті. Бүгінде Шымкентте 86 бағыт бойынша 34 компания жолаушы тасымалдаумен айналысады. 34 компанияның көпшілігі сонау 90-шы жылдардан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқандар. Бұлардың бізге қоятын басты екі талабы бар. Біріншісі – тарифты көтеру, екіншісі – субсидиялауға қатысты. Олармен бірнеше мәрте кездесу ұйымдастырдық. Жарайды, талаптарыңызды орындайық, субсидияны да бөлейік, тарифты да көтерейік, бірақ бізге бағыттарыңыздың шығынға жұмыс істеп жатқанын дәлелдеп, кіріс-шығыстарыңызды көрсетіңіздерші дедік. Өкінішке қарай ешқайсысы ешқандай дәлел келтіре алмай, қойған талабымызды орындамай отыр.
Нарықтық экономикада өмір сүріп отырған мемлекетпіз. Сол себепті де бұл мәселелерді алдағы уақытта нарық өзі реттейді деген ойдамын. Бір анығы, шығынға жұмыс істеп жатқандар жабылады, не болмаса сол бағыт бойынша жолаушы тасымалдауды тоқтатады.
Қазір құрамында әкімдік өкілдері мен депутаттар және әкімшілік полиция қызметкерлері бар комиссия жұмыс істеуде. Комиссия жолаушы тасымалдайтын компания көліктерінің бағытты бұзған-бұзбағанын, тазалығын, реттілігінің сақталуын, автобустардың техникалық жағдайын бақылайды. Осы жүргізілген рейдтерден байқағанымыз, реттілік сақталмайды екен, кешкі сағат 20-00-ден кейін жұмыстарын тоқтатады. Бұл көліктердің барлығы түгел жолға шықпағандықтан орын алуда. Мәселен, бір бағытқа 10-нан 20-ға дейін автобус шығуы керек. Өкінішке қарай олай болмай тұр. Кейбір компаниялардың тіпті базасы да, автобустары да жоқ. Олар бір кездері жолын тауып, тендерден жеңіп алған болса керек. Жеңіп алған да, басқа мердігерге тапсырған. Бір сөзбен айтқанда бағыттарды алыпсатып отыр деген сөз. Осының бәрін ескере келе, комиссияның зерттеулеріне сүйене отырып, талапқа сай келмейтін, жол ережелерін сақтамайтындармен келісімшартты бұзамыз. Бүгінгі таңда осындай 11 компаниямен келісімшартты бұзатындығымыз жөнінде сотқа арыз бердік.
Жолаушы тасымалдау мәселесіне қатысты жаңалықтарымыз да баршылық. Солардың бірі – таяуда қаламызда алғаш рет метан газын құятын станция салынады. Инвестормен келісім жасалып қойған. Олар жер сатып алып, құрылысын жүргізуде. Қаңтар айының соңына қарай ашылмақ. Жобаның құны – 5 млн АҚШ доллары. Тағы бір инвестор қаламызға метан газымен жүретін 200 автобус әкелетін болды. Метан газы – бұл экологиялық ең таза жанармай болып саналады. Бұдан өзге Көлік және жолаушы тасымалдау бөліміне әкімшілік парк құрудың жолдарын зерттеу жөнінде тапсырма бердім. Қай жерге орналастыру керектігін қазір пысықтап жатырмыз. Парк құрылған соң ондағы мемлекеттің үлесі 50, жекенің үлесі 50 болады. Алғашқыда автопаркке 100 автобус, сосын уақыт өте келе тағы да 100-ін әкелеміз деп отырмыз. Осылайша қаладағы жолаушы тасымалдауға қатысты мәселелердің түйіні біраз тарқап қалуы тиіс.
– Қонаев даңғылын ұзарту үшін ескі шаһар аумағындағы үйлер сүріледі дегенді барлығымыз естідік. Осы мәселені тарқатып айтып берсеңіз. Сол маңда тұратын халық қалай болар екен деп беймәлім күйде отыр.
– Шымкенттің Бас жоспары 2012 жылы бекітілгенін білесіздер. Сол жоспарға сәйкес Қонаев даңғылы ұзартылып, «Түркістан» моншасынан ары қарай «Сәуле» шағынауданы арқылы Шымкент-Ташкент тасжолына қосылуы керек. Былтыр осыған қатысты облыстан жобалық-сметалық құжатын жасауға қаржы сұрадық. Ол қаржы бөлінді. Қазір сол жұмыстарды атқарып жатырмыз. Енді, мұндай үлкен жобаларды іске асырарда тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндетті. Халық соншалықты наразы болатындай еш қиындықтар жоқ дер едім. Сүрілетін үйлердің барлығы қазіргі нарықтық бағамен есептеліп, иелеріне ақшасы беріледі.
Құрылыс жұмыстарының бас-талу уақытын жобаны бітіргеннен кейін оның құнына қарап белгілейміз. Бұл жұмыс 3 жылға дейін созылуы да мүмкін. Ең басты мәселе мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын үйлердің иелерімен арадағы келісімді шешіп алуға келіп тіреледі. Себебі біз белгілеген бағаға кейбір үйдің иелері келіспей, соттасуы мүмкін. Осының барлығы реттелмейінше бұл үлкен жоба мына кезде басталып, мына кезде бітеді деп кесіп айта алмаймыз.
– Келесі бір сұрағымыз, жаңадан құрылған 4-ші ауданға қатысты. Қаратау ауданы қашан нақты субьект ретінде тіркеліп, жұмысын бастайды?
– 4-ші аудан құру қажеттігі облыс әкімінің идеясы болатын. Бұл туралы Елбасыға ұсыныс беріліп, ол жақтан қолдау тапқан соң, біз біраз іс-шараларды жасап біттік. Бірінші – жаңа ауданның шекарасын бекіту. Оны қалалық мәслихатқа ұсынып, бекітілді. Екінші мәселе – ауданның атауы еді. Облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешіміне сай аудан атауын – Қаратау деп алдық. Мұнда – 210 мыңнан астам халық шоғырланған. Аумағы – 32 мың гектар. Таяуда біз ауданды әділет органына тіркеп, ресми түрде аштық. Қазіргі заңнама бойынша «А» корпусына өтпеген мемлекеттік қызметкер әкім лауазымына орналаса алмайды. Бүгінде кандидаттардың «А» корпусынан өткенін күтіп отырмыз. Содан кейін ғана менің бұйрығыма сай әкім тағайындалады. Әзірге Қаратау ауданы бойынша аудандық ішкі істер бөлімі ашылды. Сондай-ақ, сот, прокуратура органдарының бөлімдері де жақын арада ашыла бастайды. Ал, аудан әкімдігі Тассай елдімекеніндегі ауыл округінің ғимаратында орналасатын болады.
– Өткен жылы Шымкент қаласының тұрғындарына алғашқы есебіңізді бердіңіз, сол кезде айтқандарыңыз биыл қаншалықты орындалды? Атқарған жұмысыңызға көңіліңіз толды ма, қандай өзгерістер бар, не түйдіңіз?
– 2014 – ерекше жыл болды. Себебі Бас жоспарға сәйкес қаламыздың аумағы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайды. 41 елдімекен кіріп отыр. Тиісінше шымкенттіктердің саны 854 мыңға жетті. Бұл бір. Екінші, есте қалатындай атқарылған жұмыстардың бірі ретінде Шымкент қаласының жасын 2200 жыл деп белгілегенімізді айтуға болады. Одан өзге республика, облыс тарапынан қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыру жолындағы жұмыстарды айта кету керек.
Ара-тұра теледидардан көріп қаламыз, Ақтөбе облысында, не болмаса Қызылорда облысында бір жылда 15, 16 мектептің құрылысы жүргізілді деп жатады. Ал, біздің облыс емес, бір ғана Шымкент қаласының өзінде өткен жылы 17 мектептің құрылысы жүрді. Соның 7-уі іске қосылды. Қалған 10-ы 2015 жылға өтпелі.
Бізде көбіне әкімің қалай, жос-пары қандай екен деп сұрайды. Бірақ бір ескере кететін нәрсе, әр әкім өз жоспарымен келмейді. Өйткені біз конституция бойынша унитарлы мемлекетпіз. Унитарлы мемлекетте бүкіл саясат орталықтан жүргізіледі. Біз соны ары қарай жалғастырамыз. Елімізде бағдарламалар көп. Сол бағдарламаларды уақытылы іске асырып отырсақ оның өзі біраз шаруа.
– Шымкенттіктердің көпшілігі қала аумағынан жер телімдерін ала-алмай қалдық. Бас жоспар бекітілген соң беріле бас-тайды делінген еді, әлі тоқтап тұр дейді. Осыған қатысты не айтасыз?
– Ертеректе, 2006 жылға дейін қаладағы жердің 99 пайызы жекеменшікке таратылып кеткен болатын. Дегенмен, ауыл шаруашылығы мақсатында беріліп, ол жерге үй салып алғандардың жері мемлекетке қайтарылды. Жер кодексіне сәйкес жер телімдерін беру үшін ол жерлерге алдымен инфрақұрылым тартылу керек. Сосын ғана жер беріледі. Біздің мақсат – қалаға қарасты барлық елдімекендерге инфрақұрылым тарту. Бізде қазір елдімекендерде 2160 км жол бар. Соның 40 пайызы ғана асфальтталған, 43 пайызы тасжол, қалған 17 пайызы топырақ жол. Басты мақсатымыз осыларды жөндеу. Одан бөлек су мәселесі бар. Қалаға қарасты елдімекендердің 25 пайызға жуығы ауызсуға жарымай келеді. Бұл да кезек күттірмейтін шаруалардың бірі. Электр энергиясына келсек, қаланың 60 пайызы ғана жарыққа қолдары жетіп отыр. Қалғандарының көпшілігі жеке трансформатор қойып, сол арқылы тартып алған. Яғни, сапасыз. Осының барлығын жеткізіп алайық. Сосын ғана кезекте тұрған 65 мың адамның өтінішін қарауға кірісеміз.
– Қай өңірдің, қаланың болмасын әлеуметтік-экономикалық дамуы бірінші кезекте оның бюджетіне байланысты ғой. Биылғы Шымкент қаласының бюджеті көңіліңізден шықты ма?
– Былтырғы да, биылғы да бюджет көңілімнен шыққан жоқ. Бірақ, барымен базар дегендей, осымен санасу керек. Мәселен, жол құрылыстарын жүргізу үшін 12 млрд теңгеден астам қаржы керек болатын, алайда берілгені 2,5 млрд. Бұл енді мүмкіншілікке байланысты дер едім. Жағдайымыз жетіп жатса көптеген мәселелерді шешіп тастауға болар еді. Алдағы жылдары экономикамыз өсіп, бюджетіміз ұлғайып жатса, аянып қалмаймыз.
– «Достық» шағынауданы маңындағы қоқыс тас-тау алаңы жабылады делінгеніне біраз болды. Бірақ әлі де қоқыс тасталынуда. Осы қоқыс полигоны қашан жабылар екен?
– Бұл баяғыдан көтеріліп келе жатқан мәселе. Халық алдында есеп берген кезімде де осы сұрақтар қойылды. Ол бойынша жеке инвестормен 2009 жылы келісім-шартымыз болды. Яғни, қала әкімдігі мен жеке инвестор екіжақты міндеттеме алған. Әкімдік қоқыс полигонын салып, техника сатып алып беруі керек-тін. Ол міндетін толық орындады. Ал жеке инвестор зауыт салуы тиіс болды. Зауыт та салынды. Бірақ, кемшіліктері бар. Осыған байланысты инвесторлармен кездесіп, кемшіліктер туралы айттық. Олар 2 ай мерзімде кем-кетіктерді түзейміз деді. Ақпан-наурыз айларынан бастап кезең-кезеңімен сол маңдағы «Сәуле», «Қазығұрт» шағынаудандары мен әл-Фараби ауданынан шыққан қоқыстарды аталмыш полигонға жөнелте бастаймыз. Келешекте бұл мәселе толық шешіледі.
– Білесіз, биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын бүкіл ел болып тойлайын деп отырмыз. Шымкент қаласы да бұл тойдан қалыс қалмауы тиіс. Осыған байланысты қаламызда қандай іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырсыздар?
– Біз бір мемлекет болғаннан кейін бір той қылып өткіземіз ғой. Әр қала бөлек мемлекет болып, өзінше өткізбейді. Менің естуімше Қазақ хандығының 550 жылдығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысында тойланады екен. Ал енді бізге келсек, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырмақ ойымыз бар. Мәселен, айтыс, конференция өткіземіз. Енді, облыс орталығы болғаннан кейін қала боп, бөлек өткізбейміз. Облыс әкімдігі тарапынан қабылданған іс-шаралар бар. Түркістанда да ерекше қылып өткізу керек деген ұсыныстар айтылып жатыр. Қанша дегенмен Түркістан Қазақ хандығының астанасы болған көне де қасиетті шаһар ғой.
– Соңғы сұрағымызды қойсақ. Сіздің «Фейсбук» әлеуметтік желісінде парақшаңыздың барын білеміз. Шымкенттегі барлық журналистердің достығында барсыз. Әріптестеріміздің кейбірі парақшасында отыратын Дархан мырзаның өзі емес, көмекшісі не баспасөз хатшысы екен деп жүр. Осы рас па?
– Иә, «Фейсбук» әлеуметтік желісінде анда-санда қол босаған сәттерде отырып, шымкенттіктердің маған қойған сұрақтарын, шағымдарын оқып, жауап қатып отырамын. Алғашқыда расымен де парақшамды өзім емес көмекшім жүргізіп жүрді. Кейін үйреніп алған соң өзім отыратын болдым.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ