Дәрігерлер көлік қаққан адамның туыстарын іздейді

348
Науқас әлі есін жиған жоқ

Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасының дәрігерлері науқастың жақындарын іздейді. Жол апатынан зардап шеккен адамға ота жасаған дәрігерлердің айтуынша, жасы шамамен 40-тағы азамат әлі есін жиған жоқ. Өкінішке орай, қалтасында өзімен бірге құжаты болмаған.

Науқас әлі есін жиған жоқ
Науқас әлі есін жиған жоқ

Наухастың жасын дәрігерлер өздері шамалап отыр. Ер кісі ауруханаға 16-қаңтарда күндізгі сағат 12-лерде жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Артынша оны қаққан «Ауди А6» көлігінің жүргізушісі де жетеді. Жүргізушінің айтуынша, зардап шегуші жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп, кейін, неге екені белгісіз, қайта бұрылыпты.

Ержан Сақов, «Ауди А6» автокөлігінің жүргізушісі: «Мен өзімді кінәлі емеспін демеймін. Өзі де қызық әрекет жасады. Олар екі адам болып аялдамаға қарай өтті. Сосын бұл қайтадан кері қайтты. Мен өзім де түсінбей қалдым. Тротуарға бір метр жетпей алдымнан шыға келді. Ауруханадан шыққан адам ба деп түсінбей қалдым. Сол арада тез жедел жәрдем шақырдым».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=vD6-BU6RQiI[/youtube]

Дәрігерлер наухастың миына 1 жарым сағат бойына ота жасаған. Қазір ол әлі есін жимапты. Ақ халаттылар оның жағдайы ауыр деп отыр. Қолы да сынған.

Дәрігерлер 1,5 сағат бойы ота жасаған

Жандарбек Байжігітов, жедел-нейрохирургия бөлімінің аға дәрігері: «Жағдайы тым нашар болғандықтан тез арада ота жасадық. Өмір мен өлімнің арасында жатты. Миы қатты зақымданған, миы жыртылған, бас сүйегі сынып, ішіне қарай кіріп кеткен. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде қажетті ем-домдарды қабылдап жатыр. Бірақ әлі күнге науқасты сұрап, туыстары келмеді.»

Оқиға «Жұманов» базары маңында орын алған. Көлік апатынан зардап шеккен азаматтың қалтасынан ешбір құжат табымаған. Тек кілттер мен темекінің қорабы ғана болыпты. Сондықтан дәрігерлер ес-түссіз жатқан науқастың кім екенін анықтай алмай жатыр.