Еңбекші ауданының әкімі халық алдындағы есебін аяқтады

509
қорытынды кездесу №24 мектепте өтті

Еңбекші ауданының әкімі жылдық есебін қорытты. Бүгінгі қорытынды кездесуге қала әкімі Дархан Сатыбалды да қатысты. Өткен жылы атқарған тірліктері тындырымды, жоспары тың деген халық әкімді жағадан алмады. Қайта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға дайын екендерін жеткізді.

қорытынды кездесу №24 мектепте өтті
Қорытынды кездесу №24 мектепте өтті

Еңбекші ауданы әкімінің есепті кездесуі қаламыздағы №24 мектепте өтті. Әкім келедіні естіген мектеп ұжымы аяқтан тік тұрған. Тәртіп сақшылары да төбе көрсетіп, темірдей тәртіп орнатты. Кездесуге ағылған қарашаның қарасы қалың. Мерекеге жиналғандай көңілдері де көтеріңкі.

Кіре берісте қатаң тәртіппен тіркеліп те жатты. Ал ерте келгендері арнайы дайындалған видеороликті тамашалап отырды. Бұл жолы аудан әкімі көп күттірмеді, есебін бірден бастап кетті.

2014 жылы аудан әкімі аппаратына азаматтардан сегіз жүзге жуық өтініш түсіпті. Басым бөлігі коммуналдық шаруашылық мәселесін шешіп беруді өтінген. Бұл арызға қалаға қосылған ауылдардың проблемасын тағы қосыңыз. Осыны ескерген әкімдік құр қарап отырмапты. Зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бірқатарына ауызсу, көгілдір отын кіргізіп, жарықпен қамтыған. Ауданға қарасты 17 көшеге құрылыс жүргізіп, 24 көшеге шағал төсеген.

Ғалымжан Ильясов, Еңбекші ауданының әкімі
Ғалымжан Ильясов, Еңбекші ауданының әкімі

Инженерлік-коммуналдық жүйелердің құрылыстары жүргізілген. «Ұлағат» шағынауданында ауызсудың, «Мирас» шағынауданы және Жастар, Еламан, Гидролизный көшелерінде табиғи газдың, «Қайтпас-1» шағынауданында ішкі орамдық кәріз жүйелерінің, сондай-ақ, Қ.Төлеметов көшесі бойымен магистральдік кәріз жүргізудің жобалық-сметалық құжаты әзірленуде.

Аудан әкімі Ғалымжан Ильясовтың баяндамасы 20 минутқа созылды. Тапжылмай тыңдап отырған ағайынды жарыс сөзге шыққандар оятты. Бірінші болып сөз алған халық қалаулысы Еркін Сатқанбаев тындырылған тірлікке бағасын берді. Өзі сайланған аумақтың мәселесі күрделі екенін алға тартты.

Айта өтейік, Еңбекші ауданына қарасты шағынаудан тұрғындары үшін ең көкейтесті мәселе — қоғамдық көлік. Мұндағы елдімекеннің біріне жетпесе, енді біріне мүлдем қатынамайды.

Қорытынды есептік кездесуге арнайы келгендер қала басшысына да тікелей сауалын жолдап, тұщымды жауабын алды. Арнайы өтініш білдіргендер де болды. Жалпы, халық Еңбекші ауданы әкімінің есебіне қанағаттандық деді.

Ал қала әкімі кеткен кемшіліктерін тізбеді, жоспарын құптап, тапсырма берді. Есептік кездесуді қорытты. Халықтың берген бағасына қосылды.