Грек жастары Қазақстанға оралып жатыр

3-021

Элеонора Кладос, грек диаспорасының өкілі:

– Қазақстандағы гректері тарихи отанымыз деп Грекияға кеткенімен де, онда оларды жылы қабылдамады. Оң қабақ танытпады. Келгендеріне қуанбады. Олар онда бөтен болды. Әйткенмен, бүгінде әркім шамасы келгенінше ғұмыр кешіп жатыр. Қазақстанға қайта оралу туралы ойлары да жоқ емес.

Өткен ғасырдың орта тұсында қазақ даласына депортацияланған ұлттардың қатарында понтий гректері де бар. Кіші Азиядағы понтий гректері Бірінші дүниежүзілік соғысы уақытысында жастүрікшілердің, кемалшылар мен Осман империясының геноцидіне ұшырап, Батуми, Сухум, Кавказ маңы аумағына кеткен еді. Арада жарты ғасыр өтпей олардың басым бөлігі Қазақстан мен Сібірге қоныс аударылды. Елімізге депортацияланған ұлттарды қабылдап алған өңірлердің ірісі — бүгінгі Оңтүстік Қазақстан облысы. Қазіргі күнде облысымызда грек диаспорасы 700 адамнан тұрады. Солардың бірі – Элеонора Константиновна Кладос.

Әкесі Константин Дмитривич Кладос, анасы Елена Константиновна
Әкесі Константин Дмитривич Кладос, анасы Елена Константиновна

Бүгінде 60 жасты еңсерген Элеонораның зейнеткердің әке-шешесі 1949 жылы Батуми жерінен қазіргі Мақтарал ауданының аумағына жіберілген.

3-022

Элеонора Константиновна 1955 жылы 16-мамырда Шымкентте дүниеге келген. Ағасы мен әпкесі сол Батумиде туған. Қазақстанға келгенге дейін ес біліп қалған кездері екен. Барлық мүлкі Батумиде қалып қойған отбасының мұнда келіп, еңсесін көтеруіне жергілікті қазақтардың көмегі көп болғанын, қазақтардың оларға өз үйлерінен бөлмесін беріп, ас-суын аямағанын, қолдан келер көмектерін ұсынғанын ата-анасының көзі тірісінде айтып отыратынын есіне алды.

Понтий гректерінің дәстүрлі хоро биі
Понтий гректерінің дәстүрлі хоро биі

«Автоматизация мен химиялық өндіріс» мамандығы бойынша жоғары білім алып, 1987 жылға дейін қой шаруашылығына арналған машиналарды құрастыру бюросында инженер болып жұмыс істедім. Сол жылы орыс ұлтының адамымен тұрмыс құрып, бүгінде екі бала тәрбиелеп өсірдім. Ұлым Алматыда, қызым Қытайда жұмыс істейді. Екі немерем бар» деген кейіпкеріміз тоқырау жылдарының аса ауыр тигенін айтады. Әпкесі Грекияға 1995 жылы кетіпті. Айналасындағы туған туыстары мен құрбы-құрдастарының Грекияға кетуі де сол уақытқа тап келген.

Дмитрий Сидиропуло, облыстық грек-мәдени орталығының төрағасы:

– 2000 жылдарға дейін біздің облыстағы грек диаспорасы өзге облыстардағы грек диаспораларының ішіндегі ең ірісі болған. Облысымызда 25 мыңға жуық грек тұрды. Кейін Грекияға жаппай көші-қонның себебінен саны күрт азайды. Әйтсе де, соңғы бес-алты жылда Қазақстанға қайта оралып жатқан жастар бар. Мұндағы гректердің дені бизнеспен айналысады. Сауда-саттық, құрылыс, ағаш өңдеу, дәнекерлеу, мейрамхана ісі салаларында кәсібін жүргізіп отыр. 

Бүгінде облысымыздағы мың адамға жетпейтін грек диаспорасының демографиялық құрамының басым бөлігі – қарт кісілер. Понтий тілін жетік болмаса, біледі. Облыстық грек-мәдени орталығы 1990 жылы құрылған. Сол тұста осындағы гректердің Грекияға көшуі қарқынды жүре бастағаны себепті оларға заманауи грек тілін үйрету мен виза ресімдеу үшін ашылыпты. Бүгінде Қазақстандағы грек диаспорасының саны бас-аяғы 6000 адам. Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай облыстарында грек диас-порасы шоғырланған.

3-020

«Грекияға көшу туралы ой болды ма? Неге Қазақстанда қалып қойдыңыз?» деген сұрағымызға «Мен Қазақстанда тудым, осында өстім. Көшіп кету туралы ой болған емес. Менің отаным – Қазақстан. Анам әпкеммен бірге сонда кеткен еді. Анамды көруге 2008-2009 жылдары Грекияға бардым. Қазақстанға қайтқым келді. Шымкенттен кеткім келмейді. Қаланың күннен-күнге көркейіп, өркендеп келе жатқанын көргенде қуанамын. Қаладағы жастардың тәрбиелілігіне сүйсінемін. Автобусқа мінсем, қарттарға орын береді. Ауыр жүк көтеріп бара жатсаң, жүгімді жеткізіп беруге ұмтылады. Мұның өзі бір қуаныш» деп жауап берді Элеонора Кладос.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №3, 21.01.2015