«Оқушыдан тартып алған нанды мұғалім жеп тұрды…»

Әмір Мұсақұлов

Тұрақты оқырман жақсы біледі — газетімізде Жеңіс мерекесі қарсаңында «Олар оралған жоқ» атты арнаулы айдар ашып, онда соғыста қаза тапқан ерлерімізді ел есінде қалдыру мақсатында бірқатар мақалалар тізбегін ұсындық. 9-Мамыр күні «Мәңгілік даңқ» шеруін ұйымдастыру арқылы облыс жұртшылығын кешегі сұм соғыстағы ерлік істерді ұмытпауға үгіттедік. Енді… тылдағы ерең еңбекті насихаттамақпыз. Тыл ардагерлерінің қиян да ауыр тағдырын, еңбегін жастар білуге тиісті деп санаймыз. «Тылдағы ерлік» айдары осыны мақсат тұтып отыр.

Әмір Мұсақұлов
Әмір Мұсақұлов

Тыл ардагері Әмір Мұсақұловтың соғыс жылдарындағы ауыр да азапты өмірі туралы толығырақ білуге асықтық. Ардагер ұстаздың үйіне арнайы іздеп барғанымыз да сондықтан.

Сіз бен біз жақсы танитын байырғы ұстаз Әмір Мұсақұлұлы соғыс басталған жылы небары 7 жаста болыпты. Мектеп қабырғасын аттағаны сол, соғыс оты тұтанғандықтан еңбекке араласуына тура келген. Бала болса да ауыр жұмысқа жегілген аналар оның әлі күнге дейін көз алдында. Әмір аға сол күндерді тізбектей отырып, қатарластарымен бірге егістікке шығып бидай жинаған, масақ тергенін айтады. Ол кезде еңбекақы деген жоқ. Күн көрудің өзі қиын. Соған қарамастан майдангерлерге аз да болса көмек көрсету бәрінің парызы болыпты. Бәрі де Жеңісті жақындатуға жұмылған.

– Масақ әжептеуір ақша тұратын. Жас балалар болып бәріміз масақ теріп, өкіметке өткізетінбіз. Үйге алып кетуге болмайды. Күзет қатал болды. Бірақ соған қарамастан шөпке тығылып жүріп, үйге алып баратынбыз. Жалақы деген жоқ, өзімізді-өзіміз асырау үшін сондайға бардық.

Бидайды да тасыдық. Үлкен қанар қапқа салынған астықты есекке артып, стансаға өткізетінбіз. Ол кезде де үйге құр қол қайтпас үшін балалар қамысты қапқа тығып жіберіп, сауалдатып бидай ағызатын. Төгілген бидайды қайтар жолда жинап алатынбыз, — дейді соғыс жылдарын еске алған тыл ардагері.

Астық демекші, соғыс жылдарында тек оқтың азабы емес, жоқшылықтың да азабын тартқан халықтың жейтін ас таппаған сәттері жиі болған. Қырманда астықты сиырға бастырып, өнімді соғысқа жіберіп отырған. Халық диірменде тезекке қатып қалған бидайды жинап, ас еткен.

Ойын баласы Әмір Мұсақұлұлы масақ теріп, астық тасып қана қоймай, өгіз жегіп, отын іздеген. «Әлімізге қарамай небір үлкен арбаларды айдадық. Шөп шауып, орталыққа тасыдық. Қой қоздайтын кезде де үлкендерге жәрдемдестік. Қой сауатын. Оның сүтінен ірімшік жасалынды. Соғыс кезінде мектептің терезелері сынған сыныбында білім алдық. От жағылмайтын. Қыстың күні сынып іші суып, тіпті боранның ызғары сезілетін. Шапан мен тонымызды шешпей оқуға мәжбүр болдық. Сол жылдары сонау колхоздан келіп, білім алатын балалар болды. Олар күннің ызғарына қарамастан сабақтан қалмайтын. Оның бәрі сол кездегі оқушылардың білімге деген құштарлығы екен. Оқушы кезімде орын алған мына бір жайт әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Сыныптасым сабақ үстінде жүгері нан жеп отырды. Оны байқаған оқытушы «сабақ үстінде нан жеуге болмайды» деп нанын алып қойды. Ол кезде мұғалімнің айтқаны заң-тұғын. Бір кезде үзіліс берілді. Бәріміз сыртқа шықтық. Кенеттен сыныпқа көзім түсіп кетті. Мұғаліміміз әлгі нанды теріс қарап жеп тұр екен. Кейін ойланып қарасам, оның бәрі аштықтың кесірі екен ғой», — деп тыл ардагері ауыр күрсінді.

Соғыс кезінде халық бар тапқан-таянғанын майданға жіберіп отырғаны белгілі. Бәрінің тілегі бір. Ол — жеңіске жету. Әйелдер шұлық тоқып, көрпені сөгіп, мақтасын иіріп, қалың шалбар, тон тіккен. Қысқа деп сақталған қап-қап қауын қағы мен құрт-ірімшіктің солдаттарға жөнелтілгенін бүгінгі ұрпақ біледі.

Әмір Мұсақұлұлы дүниеге келген Отырар ауданы соғыс жылдарында еңбек еткен ардагерлер мен Еңбек ері атанған азаматтар саны жағынан облыс бойынша алғашқы орында. Ауданда ұйымшылдық деген басым болған. Бәрі қан майданына аттанған сарбаздарды керек-жарақпен қамтып отыруды мақсат тұтқан.

«Біз енді ес біліп келе жатқанда қан майданы басталып еді. Әкем ол кезде колхозды ұйымдастыру жұмыстарына араласты. Совхоз басшысы болды. Кейінірек сауда саласына кетті. Әлі есімде мен бала күнімде ағайынымыздың үйінің артында үш түп өрік ағашы болатын. Ағаш астында ер жеткен ауыл балалары бас қосып, бильярд ойнаушы еді. Соғысқа олардың бәрі аттанып, тек біреуі ғана елге оралды. Әрине, көз алдымда жүрген ағалардың соғыстан қайтпағаны жаныма қатты бататын. Ес білгелі соғысқа аттанғандардың амандығын тілеп отырдық. Ол кезде бүгінгідей бейбіт өмір кешу арман болды. Кейін «жеңіс алдық» дегенді естігенде бәрінің жүзі жадырай түсіп, болашаққа деген үміт оты лаулай бастады. Бірақ қаншама боздақ қан майданының құрбаны болды. Талай қазақ баласы жақынынан айырылды. Әрине, өкінішті-ақ. Бүгінде соғыста жауға қарсы оқ атқан ардагерлердің саны азайып барады. Соғыс майдангерлері былай тұрсын, тыл ардагерлерінің қатары кемуде», — дейді Әмір Мұсақұлұлы.

Кеңес үкіметі жеңіске қол жеткізгенімен, 1955 жылға дейін халықтың жағдайы жақсара қоймағанын білеміз. Оның бәріне кейіпкеріміз куә. Ол 1951 жылы Отырардағы Ж.Жабаев атындағы орта мектеп қабырғасын тәмамдайды. Мектепті бітіре сала сол кездегі Қызылқұм (қазіргі Шардара) ауданында еңбекшілер депутаттарының атқару комитетінде жалпы бөлімнің меңгерушісі болады. 1952-1957 жылдары Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінде білім алған. «Филолог, қазақ мектебінің жоғары кластарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шыққан соң өзі білім алған мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. 1959 жылы Шымкент педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушылық қызметін бастайды. Содан бері білім беру ісінде талай жылдар бойы еселі еңбек етті. Оның еңбегі мемлекет тарапынан еленіп те жатыр. Түрлі марапат пен наградалардың иегері.

Айтпақшы, кейіпкеріміз жақында ғана «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл да ардагердің бала күнінен тылда еткен еңбегінің мемлекет тарапынан еленуі болса керек.

Бүгінде Әмір Мұсақұлұлы жұбайы Хафиза Касенова екеуі 4 ұл, 2 қызды өсіріп, 11 немере мен 5 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты ата-әже.

Қария жасы сексеннен асқанына қарамастан әлі күнге дейін қоғамдық шаралардың басы-қасында жүр. Ойлағаны – бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне титтей болса да өз үлесін қосу.

– Біздің кезімізде бірінші кезекте сауат ашу мәселесі тұрды. Әрине, ол жақсы бастама болатын. Бірақ сауат ашудың ар жағында басқа саясат жатқан екен. Орысша оқытып, орыс тарихымен таныстырды. Қазақтың ұлттық ойындарын ойнасақ, ол — феодолизм қалдығы деді. Ал біз соған сендік. Шын мәнінде, орыстандыру саясаты арқылы сананы улау мақсаттары болыпты. Бүгінде, шүкір, бейбіт елде тұрып жатырмыз. Бәрінен де бейбітшіліктің қадірін түсіне білу маңызды.

«Уақыт бәрін ұмыттырады» деп жатады. Бірақ соғыс тауқыметі ешқашан ұмытылмайды, – деп сөзін қорытындылады Әмір қария.

Расында да тылдағы ерлікке пара-пар әрекет пен қиындық ұмытылмасы анық. Бүгінгі қария, кеше ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ер. Оларды ардақтай білейік.

Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №52, 24.12.2014