Оңтүстік Қазақстан облысында балық шаруашылығын дамытудың 2015-2016 жылдарға арналған іс-шарасы әзірленіп, бекітілді. Аталған жоспар аясында өңірде 27 балық шаруашылығын құру жоспарлануда. Осы жобаны жүзеге асыру үшін «Максимум» аймақтық инвестиция орталығы 400 млн. теңге көлемінде несие бөлмек.
Жеңілдетілген пайызбен берілетін несие балық өсірумен айналысамын деп ниет танытқан азаматтарға бес жыл мерзімге дейін беріледі. Сонымен қатар, өңірде балық өсіруге арналған шарбақтық технологияларды шығаратын «ЮгРегионПласт» зауытының өнімдерін алуға да төмен пайызбен лизинг ұсынылмақ.
Мамандардың айтуынша, шарбақ технологиясының көмегімен жылына 40-120 тонна аралығында балықтың дөңмаңдай, сазан, тұқы және т.б. түрлерін өсіруге болады. Аталмыш технология еліміздегі балық шаруашылығы саласында алғаш рет Оңтүстік Қазақстанда қолданылмақ.
Бұл әдіс су тазалағыш қондырғысы бар тоғандарға қарағанда балықты бағып, өсіруге кететін шығындарды 60 пайызға дейін аз жұмсауымен ерекшеленеді. Электр қуатына да артық қаржы жұмсалмайды. Сондықтан жаңа шарбақтық технология бойынша өсірілген өнімнің өзіндік құны өте төмен болғандықтан нарыққа да арзандатылған бағада сатылмақ.
Дереккөз: Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметі