Шымкентте жеңіл өнеркәсіп дамып келеді. Әсіресе тігін фабрикалары көбеюде. Сондай кәсіпорынның бірі — «Даму» қорының қаржылау қолдауы арқылы қарқын алған «KazPlast» компаниясына тиесілі тігін фабрикасы. Мұнда 135 азаматша жұмыспен қамтылған. Жалақылары да жаман емес. Көбінесе арнайы киім тігетін фабрикада өз ісінің шеберлері қызмет етеді.
Бір күнде екі ауысымда жұмыс істейтін тігін фабрикасы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Әр тігіншінің алдында — итальяндық тігін мәшинесі. Қол күшін қажет етпесе де тігіншіге жүктелген міндеттің жүгі ауыр. Компанияның жылына 125 мың данадан аса костюм тігеді. Әсіресе құрылыс саласынан тапсырыстар көптеп түседі екен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ldt9hJuQXyw[/youtube]
Ақылбек Алматов, «KazPlast» компаниясы директорының орынбасары: «Біз өндірген тауарлар еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі. Өйткені сапасына аса көңіл бөлеміз. Мемлекеттің, әсіресе «Даму» қорының көмегімен үлкен мүмкіндіктерге қол жеткіздік. Ендігі мақсат — тігін фабрикасына арнайы үлкен ғимарат салу».
Жылдың қай мезгілі болсын, бұл тігін фабрикасында жұмыс тоқтаған емес. Шымкентте тігілетін қызметтік жейделерден бастап, арнайы костюмдерге дейін сұраныс көп.
Айта өтейік, фабрикада түрлі үлгідегі арнайы киімдер тігіледі. Бүгінгі таңда жұмысы қарқын алған «КазПласт» компаниясының жоспары тың. Бәсекеге қабілетті болу үшін әр жұмыскеріне қойылатын талап та қатал.