Тарихыңды тануды Түркістаннан баста!

Кереметіне сырттай қанығып, куә болған жандардың аузынан суы құри айтқанына қызығып, «көп естігеннен бір көрмекке» газетіміздің «Бір күн» айдарына азық ету үшін  Түркістан қаласында орналасқан Тарихи-мәдени этнографиялық орталыққа бардық.

Тарихыңды тануды Түркістаннан баста!

Түркістандағы Тарихи-мәдени этнографиялық орталық – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Құрылысы 2010 жылдың наурыз айында басталып, тоғыз ай ішінде тәмам болып, сол жылдың 16-желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында тұсауы кесілді. Құрылысы басталған сәттен-ақ дабылы шартарапқа тараған нысанның ашылу салтанатына Елбасы қатысты.

Этномұражай – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығысында қорған-қамалдың сыртында орналасқан. Орталықтың мұражайлық экспозициясы 3800 шаршы метрді құрайды. 3 қабаттан, 5 көрме залынан, 8 ірі экспозициялық бөлімнен тұрады. Бірінші қабаттағы Киіз үйді шыр айнала «Ерте дәуірдегі Түркістан тарихы», «Орта ғасырлық Түркістан тарихы», «Шыңғыс хан мен Әмір Tемір дәуіріндегі Түркістан тарихы», «Оңтүстік Қазақстан жеріне Ислам дінінің таралу тарихы» экспозициялары қойылған. Атаулары айтып тұрғандай бірінші экспозицияда осы Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы аумағынан археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған ыдыс-аяқ, қару-жарақ, құралдарды, мыс қазан, мыс үккіш, безбен таразы сынды жәдігерлерді көруге болады. Ерте дәуірдегі тайпалар, ерте орта ғасырдағы қағанаттардың тыныс-тіршілігі, құрылуы мен жойылуын осында көрнекі түрде көрсетілген. Шыңғысхан шапқыншылығы, Шыңғысхан әулетінің билігі тұсындағы Түркістан даласы да осы бірінші қабатта. Ал, Ислам дінінің Қазақ жерінде таралуы, Әмір Темірдің билігі, Ахмет Яссауи кесенесінің салынуы да осында көрініс тапқан. Тек көру керек. Айтпақшы, бұған дейін газетімізде «Сауран мұнаралары тербеледі» атты мақала жарияланған еді. Сонда айтылған Сауран қаласындағы «Тербелетін қос мұнара» туралы да осында кең мағлұмат бар.

Тарихыңды тануды Түркістаннан баста!

– Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту барысында орталықтың екінші қабаттағы экспозициялары өзіне тіпті ынтықтыра түседі, – дейді орталық басшылығы. Екінші қабаттағы үлкен экспозиция «Қазақ хандығы және Түркістан – Қазақ хандығының Ақ Ордасы» деп аталып, тұтастай осы тақырыпқа құрылған.

Бұл жерден қазақтың хан сайлау рәсімін көрдік. Ханды ақ киізге отырғызып, басынан асыра жоғары көтеретін қазақтың хан сайлауын бейнелейтін сурет расында да айбарлы. Әр ханның тұсындағы Қазақ хандығының хал-ахуалы, экономикалық жағдайы мен ұстанған саясаты жеке-жеке бейнеленіп, заттай айғақтармен қойылған. Қазақ шежіресі мен жүз-рулардың тізімі, таңбалары келтірілген. Қазақ хандарының үлкен портреттері де ілулі.
Қазақ хандығына арналған экспозициясының тағы бір жұрт қызыға тамашалайтын экспонаттардың бірі, ол – Хан тағы.

Тарихыңды тануды Түркістаннан баста!

Екі жағында мұздай қаруланған күзетші қойылған таққа жайғасқан ханның киген киімі көз тоқтатып қарауға тұрарлық. Хан тағындағы тағы бір экспонат жеке шыны ішіне қойылған ханның шапаны мен бөркі. Әттеген-айы, ханның кескіні жоқ. Беттің формасы ғана бар. Қай хан екенін, не қай ұлт екенін айырып болмайды.

Гидтен мұның себебін сұрағанымызда, «руаралық дау болмас үшін, ханды осылай кескінсіз берген» деп жауап берді. Демек, Тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың басты жәдігерлерінің бірі Хан тағында отырған ханның кескіні болмауына қазақтың рушылдығы себеп екен. Бұл руаралық тайталас дегеніңіз, қоғамның әр түрлі бұлтарыс-қалтарыстарынан өтіп, мұражайдағы экспонаттарға да жеткен. Хан тағына жадағай қуыршақ басты қондыра салмай, «міне, біздің қазақ бабамыз осындай болған» деп мақтан етерліктей кескін-келбеті келіскен түрді қондыра салуға болмас па еді?! Ханның түрі неге кескінсіз деген сұрақтарға «бұған рушылдық себеп» деп жауап бергеннен, сол жауаптың алдын алған жөн бе еді?

Тарихыңды тануды Түркістаннан баста!

Айтпақшы, екінші қабатта Қазақ хандығына арналған экспозициядан бөлек, тағы екі зал бар. Біріншісі – «Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен мұрасы» деп аталады. Сопылық ілімнің ірі насихатшысына айналған Ахмет Ясауиге арналған бұл залда «Суфизмнің символы» кескінделген. Бұған қоса, «Сопылардың биі» атты сурет ілінген. Сопылық ағымға қатысты біраз мағлұматтар осы залда келтірілген. Орта ғасырларда медреселерде шәкірттерді қалай оқытқанын бейнелейтін тарихи реконструкция да орнатылған.

Тарихыңды тануды Түркістаннан баста!

Екінші қабаттағы ендігі бір зал Алашорда қайраткерлеріне арналыпты. Бұл зал екінші қабаттың оң жағындағы «19-20 ғасырлардағы Түркістан тарихы» экспозициясының қатарына кіреді. Алаш қайраткерлерінің ел болашағы үшін жасаған ұмытылмас істерін, Кеңес үкіметі заманындағы Түркістанның тіршілігін, Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайын, сол тұста жасалған қолөнер бұйымдарын, тұрмыстық жабдықтарды осы экспозиция қарауға ұсынады. Расымен де, 20 ғасырдағы Түркістанның заманына жетелеп әкетуге қауқары жетеді.

Ерте және орта ғасырлардағы Түркістанды бірінші-екінші қабаттарда қалдырып, үшінші қабатқа шыққанда «Тәуелсіз Қазақстандағы жаңа Түркістан» атты экспозицияға тап боласыз. Бұл – бүгінгі Түркістан мен Түркістанның ертеңі. Қақ ортада Қорқыт ата кесенесінің шағын көшірмесі қойылыпты. Түрлі күй ойналады. Екінші бір көзге ілінетін ірі жәдігер – былғарыға бедерленген Қазақ елінің тарихы. Сонау балбал тастардан бастап сатылап көтеріліп келіп, бүгінгі Қазақстанға дейінгі кезеңдер былғарыға үлкен шеберлікпен бедерленіпті. Былғарыдағы бедерді қолмен ұстауға болмайды.

Түркістанның бүгініне қанық жан, рухани астананың ертеңіне қызықса, онда ертеңін танытатын екі бірдей макет анандайдан көзге ұрып тұр. Бірінде, келешекте Түркістан қаласында салынатын ғимараттар, яғни, Түркістан қаласының бас жоспары, ал екіншісінде «Әзірет Сұлтан қорық мұражайы» маңынан бой көтеретін туристік кешеннің макеті мен-мұндалайды. Құдды бір өзге мекен дерсің?! Бұл Түркістанның макеті екенін алыстан көзге ілінетін Ахмет Ясауи кесенесі айқындап тұр.

Тарихыңды тануды Түркістаннан баста!

Этноорталыққа келушілердің арасында шетелдіктер көп. Жаңа технологиялардың дамуымен қатар адамдардың оңашалануға бейімделуі музей-мұражайға келушілер гидтердің қызметін пайдаланбай, өздіктерімен аралауды жөн көреді екен. Сондықтан да әрбір жәдігер туралы ақпарат жазылған интерактивті құрал-жабдықтарды пайдалануға сұраныс бар. Түркістандағы этноорталыққа да осындай интерактивті гаджеттердің керек екендігі көрініп-ақ тұр. Өйткені, шетелдік туристердің орталықтың жаңа технологиямен қамтамасыз етілуіне қатысты көңілдері толмайтын тұстары бар.

Бүгінде келушісі әр маусымға сай бір молайып, бір азайып отыратын этноорталыққа кіру ақылы. Өзін-өзі қаржыландыру жағдайына жету үшін музей менеджментін жетілдіруге бағыт алудың қажеттілігі де байқалады.

Жәнібек НҰРЫШ

Суреттерді түсірген – Әйгерім БЕГІМБЕТ.