Жар атанбай, жүкті болма!

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жариялаған мәліметіне қарағанда әлемде жыл сайын кәмелет жасына жетпеген 16 миллион қыз жүкті болып, 15 бен 18 жасар 3 миллион бойжеткен жасанды түсік жасататын көрінеді. Ал  елімізде 15-17 жас аралығындағы кәмелетке толмаған 10 мың жас жеткіншек жүкті болып қалады екен.  Кәмелетке толмаған қыздардың ерте жастан жүкті болуының денсаулыққа зияны өз алдына бөлек әңгіме.

Сүйегімізге айықпас таңба салған осындай оқиғалардың орын алуына кім кінәлі? ХХІ ғасырда адасып, әлде тым еркінсіп кеткен қоғам ба, болмаса әлі санасы толық қалыптаспаған албырт жастықтың кесірі ме? Мүмкін ұлттық тәлім-тәрбиенің жете дәріптелмеуі  шығар? Сіз не дейсіз?

2-031

Анар АБДАЛИЕВА, №72 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, психолог:

– Ұлттық менталитетімізге жат мұндай оқиғалардың көбейіп бара жатқандығы бүкіл халықты толғандырады. Психолог ретінде кәмелет жасына толмаған қыздардың жүкті болуына себепші болатын мына факторлар деп ойлаймын.
Біріншіден, ата-ана тәрбиесінің әлсіздігі, әсіресе ана мен қыз баланың ортасындағы әңгіменің көп жағдайда болмауы. Мысалы, ана балиғат жасына толған қызбен осы тақырыпта арнайы сұхбат құруы керек. Бірақ, қазір қалай? Байқаймын, көп ата-аналар «жұмыс, жұмыс» деп балаға көңіл бөлуден қалуда. Ата-ана ұстазға, ұстаз ата-анаға сілтеумен мәселені тағы да шиеленістіруде. Мен айтар едім, ата-ананың берген кішкене болсын ақылы оның бойында жиырма төрт сағат емес, бүкіл ғұмыры бойында тәлім болады.
Екіншіден, әлеуметтік-жағдайлар мен азғындаушылық. Қазір ХХІ ғасыр нарық заманы деп жатады. Иә, бұл рас, бірақ нарық заманы деп арын саудаға салатын қыздардың ішінде өзіміздің қазақ қыздары да толып жүр. Некесіз балалардың көбісі осындай жеңіл жүрісті қыздардан туылуда.
Үшіншіден, бейнероликтер. Интернет желісінде ғана емес, қарапайым теледидарда да осы күндері көретін де, көрмейтін де дүниелерді экраннан жарыққа шығара беретін болған. Бұл не деген сұмдық? Мұны көріп өскен ұл-қыздар не болмақ, олардың болашағына кім алаңдайды сонда?
Негізгі факторлар осы. Мұхтар Әуезовтың керемет нақыл сөзі бар: «Халқым, ел боламын десең, мешеу болып қалмайын десең, бесігіңді түзе» деген. Балаға тәрбиені тал бесіктен берсек, ол жер бесікке жеткенше жамандық атаулыға жуымай жүрер еді.

Айнұр Есенаманова, гинеколог дәрігер:

– Медицинада қыз баланың жүкті болуға ыңғайлы кезеңі 20-24 жас. Ерте жүкті болған жағдайда түсік тастау қаупі болады. Түсіктің екі түрі бар: өздігінен және жасанды. Қолдан жасалатын түсікті біз әйелдің өмірін және денсаулығын сақтап қалу мақсатында, зорлау немесе инцест салдарынан болатын еріксіз жүктілік кезінде, сәби ауыр науқасқа шалдыққан кезде немесе әйелдің жатырындағы сәбиді асырай алмайтын жағдайы болған кезде жасаймыз. Бірақ, қазіргі таңда заңсыз жасанды түсік жасататындар бар. Жасанды түсіктен кейін қабыну процесі басталады. Қабыну аурулары әйелдің жыныс мүшелерінде түсік жасатқанға дейін өршелене түседі. Осы жағдайдан соң алдын ала емдеу жүргізгеннің өзінде нәтижесі аз. Ең өкініштісі, қабынудың салдарынан әйел бала сүю бақытынан айырылуы әбден мүмкін. Сонымен қатар созылмалы ауруларға да ұшырайды. Аурулардың емі нәтижесіз болса, біраздан кейін жатырда, аналық бездерде ісік пайда болады. Түсіктен кейін әйелдің жүйке жүйесі айтарлықтай өзгеріске душар болады. Жасанды түсіру – хирургиялық әдіс болғандықтан, жыныс мүшесінің зақымдануы мүмкін. Соның салдарынан жатыр тесілуі, оның мойнының жыртылуы және тарылуы мүмкін. Жасанды түсіктен кейінгі жүктілік қалыпты, қиындықсыз өткеннің өзінде босанатын уақытта асқынулар көбейіп кетеді. Әйелдердің емшек безі қатерлі ісігіне ұшырауының ең басты себебі – жасанды түсік.

Бақберген Ілесұлы, заңгер:

– Қылмыс-тық кодекстің 117-бабы бойынша бірінші:  тиiстi бағдардағы жоғары медициналық бiлiмi жоқ адамның түсік жасауы, екіншіден, тиiстi бағдардағы жоғары медициналық бiлiмi бар адамның заңсыз түсік жасауы, үшіншіден,  тиiстi бейіндегі жоғары медициналық бiлiмi жоқ адамның түсік жасауы не тиiстi бейіндегі жоғары медициналық бiлiмi бар адамның бiрнеше рет заңсыз түсік жасауы, төртіншіден,  абайсызда жәбiрленушiнiң өлуiне не оның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан заңсыз түсік жасау заң бойынша жазаға тартылады.

Әлия Пірімжан, Шымкент қаласының тұрғыны, 14 жаста:

– Бүгінде бізді қатты ойландыратыны өз қатарлас достарымыздың кіші бола тұра тұрмысқа шығып, жүкті болуы. Мен көп құрбыларымды білемін олардың өмірлерінде қиындықтар туып жатыр. Күн сайын болмаса да, әйтеуір жиілеп орын алып кеткен жағдайлар ата-аналарымызды да қатты үрейлендіреді. Сондықтан болар, күнде ата-аналарымыз ақыл айтуын тоқтатқан емес. Қазақта мынадай мақал бар ғой: «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», сосын «ұл ұяты әкеге, қыз ұяты шешеге» дейтін. Мәселе ұлттық тәрбиенің дұрыс дәріптелмеуінде сияқты.

Жүсіп Алдоңғаров, ОҚМПИ студенттер Альянсының төрағасы:

– Ең алдымен жастардың ой-санасын бүлдіріп жатқан жайтқа тоқталсақ. Ұятсыз видеороликтерді көруі кәмелетке толмай жүкті болуға алып келудің бір жолы. Ондай видеороликтерді қайдан көреді? Әрине, ғаламтор желісінен. Бұл – біріншісі. Екінші, қазіргі кезде жұмыс істемесе күн көру қиын болғандықтан ата-аналар жұмысқа көп уақыт бөліп, балаларына назар аударуды екінші орынға қойды. Көңіл бөлу былай тұрсын, олардың тәрбиесіне қараудан да шет қалуда. Таңертең жұмысқа кетіп, кешке келеді. Асын ішіп, киносын көреді, кейін ұйықтайды. Ал бала тәрбиесі жайына қалады. Үшінші, ауылдан қалаға келген қыздардың тым қатты еркінсіп кетуі. Еркінсіп жігітпен жүреді, әрі қарай жүкті болып не баланы алдырады болмаса өз-өзіне қол жұмсайды. Мұның барлығын тек қатал заңмен құртуға болады. Баланы алдыртуға заң бойынша тыйым салу керек.

Бағдәулет НҰРМАТ,
ОҚМПИ, филология ғылыми мектебінің 1-курс студенті

«Оңтүстік Рабат», №1, 07.01.2015