Жалған көлік прокуроры қолға түсті. Өзін көлік прокуратурасының қызметкерімін деп таныстырған Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны «Мәскеу-Бішкек» жолаушылар пойызының бастығынан ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Қазақстан ІІМ көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 13-қаңтарда Шымкенттің желілік ішкі істер басқармасына «Мәскеу-Бішкек» жолаушылар пойызының бастығы бопсалау фактісі бойынша шағымданған. Бейтаныс азамат «Мәскеу-Бішкек» бағытындағы пойыз басшысын қорқыту арқылы 5 мың Ресей рублін алып кетіпті. Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабының 1-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.