Қазақ хандығына - 550 жыл

Қазақ хандығының 550 жылдығына арнау өлең

Көз тастап кереге мен кеңдігіңе,
Сүйсіндім ғасырлардан ерлігіңе.
Қынабынан қан тамған замандарды
Азаттықтың ақ таңы жеңді, міне!

Тарам-тарам толқындап ақ сақалын,
Сөз орамын селдетіп ақ батаның.
Ата қоныс жайлаған қазақ жұрты
Құдайындай сыйлаған патша-ханын.

Мыңғырған мал жусатып кең далада,
Тура сөзге тоқтаған толғана да,
Түндігіне қарасаң жарық жұлдыз
Дастанынан бас алар таңда ғана.

Шежірең бар шертілер замандардан,
Кемелденіп тарихта тарамдалған.
Жәнібек пен Керейдің баспалдағы,
Алып ұлтқа оймақтай қадам болған.

Жүріп өттік Қасымның қасқа жолын,
Дәріптеген дәстүрін, асқары оның!
Есім ханның ескіше жолыменен
Ойсыраттық ойратты атқа қонып.

Тумысынан дара боп тұлғалары,
Салқам Жәңгір кеңейтті бұл даланы.
Тағын емес,халықтың бағын ойлап,
Қансыратып қалмақты қуған әрі.

Жұртқа берген жұғымды серт деп ұғып,
Жауға шауып,ту қылған көк бөріні,
Қыспақ көріп тұрса да әр тараптан
Еркін тыныс ежелден еткен ұлы!

Алған қазақ Алтай мен Атырауды,
Алдырмаған Шыңғысқа Отырарды.
Қайтпасын деп қарымы келер күннің
Ер жүрекпен ен дала қосып алды.

Әбілхайыр, Абылай жөні бөлек.
Кеңесары сұлтанның орыны ерек.
Ұлы болған алыптар, ұрпағының
Орын алды жүректің төріне кеп!

Айта берсем қазақтың қасиетін,
Дастан болар дұшпаны бас иетін,
Бес жүз елу жыл толып хандығыңа
Бес ғасырдан жалғапты өсиетін.

Асқарына ту тігіп, аспанына,
Ойып жазды даналық тастарына.
Бес ғасырдың кемеңгер күллі жұрты,
Тойлап жатыр хандығын ақтарыла!

Бәйтерегі жайқалған батыр халқым,
Күннен-күнге жаңғырып жатыр салтың.
Тойлай бергін, тоқтама, қуанышпен
Мың ғасырдан асқанша асыл даңқың!

Ақнұр АСЫЛХАН
Түркістан қаласы