Әкімнің әкесі

(Бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі атанған Әбдіқайым Ысқақ туралы)

 

(Бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі атанған Әбдіқайым Ысқақ туралы)
(Бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі атанған Әбдіқайым Ысқақ туралы)

Ұмытпасам, 1977 жылдары болу керек, қазіргі «Ұлан», бұрынғы «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған Әкім деген оқушы баланың «45 минуттың хикаясы» атты әзілін оқып, ішек-сілем қатты. Қысқаша оқиғасы былай:

«Жетінші сынып. Геометрия пәні жүріп жатқан. Соңғы алтыншы сабақта:

– Күлкеев! – деп мұғалім Анарқұлды тақтаға шақырды. Тақта алдында тұрған Анарқұлға ағай үш бұрыш сызып және оны әріптермен белгілеуді сұрайды. Анарқұл оны әп-сәтте сызып белгілеп берді.

– Енді осылардың қабырғалары не деп аталады?

– ???

Анарқұлда үн жоқ. Әлде түсінбей қалды ма екен?

Өзің белгілеген АВ қабырғасы не деп аталады? – деп қайта сұрады.

Анарқұл ойланып қалды.

Алдыңғы партада отыратын жолдасы Сансызбай жайлап «катет» деп сыбырлады. Оны шала естіген Анарқұл:

– Котлет! – деді мәз болып.

Мына сөз оқушыларды қыран-топан күлкіге көмді. Мұғалім де еріксіз күліп жіберді. Ал Анарқұл бір шикіліктің болғанын іші сезді». Мөлтек әңгіменің ұзын-ырғасы осы.

Сонда «Әй, түбі осы Әкім баладан әжептеуір әзілкеш шығады-ау» деп ойлағанмын. Расында да оқушы Әкімнің екі езуіңді жиғызбайтын әзіл-сықақ дүниелері баспасөз беттерінде жарияланып жатты. Мектеп бітіргесін Шымкент пединститутының физика факультетіне оқуға түскенін де білдік. Ақындықтың ақ жолын айналып өткені қалай деп таңырқадым. «Е, мейлі, атақты Ломоносов қаншама физик, математик болса да, бойына ақындық дарыған ғалым еді ғой. Оны қойшы, өзіміздің Евней Букетов қаншама ғұлама ғалым болса да ағып тұрған ақын ғой. «Бұ бала не Ломоносов, не Букетов болатын шығар» деп ойлап жүргенбіз. Жоқ, олай болмапты. Өзінің туып-өскен Ордабасы ауданында әп деген-нен мұғалім, іле-шала аудандық партия қызметкері, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жатты. Кейінірек Ломоносов, Букетов шықпаған биікке бір-ақ секірді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Ұжыммен бірге. 1981 жыл
Ұжыммен бірге. 1981 жыл

Осы кезге дейін оның азан шақырып қойған атын атамай, ел-жұрт «Әбдіқайымның баласы» дейтін. Дегенде былай дейтін:

– Ойбай, Әбдіқайымның баласы сықақ жазыпты!

– Сол Әбдіқайымның түбітиек немесі мектеп бітіріпті!

– Әбдіқайымның баласы әкесін жерге қаратпай оқуға түсіпті, анау-мынау емес, Шымкент пединститутының физика факультетінің студенті.

– Әбдіқайымның баласы келін түсіріпті!

– Әбдіқайымның баласы мектепке мұғалім боп орналасып, физикадан сабақ береді екен!

– Әбдіқайымның баласы Ом ағайды орап алатындай «Бір физиктің махаббаты» деген сықақ жазып, сатиралық кітап шығарыпты!

– Атам қазақ айтқыш қой. «Бір бала әкесінен кете туады, бір бала әкесіне жете туады, бір бала әкесінен өте туады» демейтін бе еді?! Әкесінен өте туған-ау? Әбдіқаймның мына баласы әкесіне бастық болыпты!

– О несін айтасың? Әбдіқайымның баласы Парламент депутаты болыпты…

Содан кейін-ақ Әбдіқайым есімі баласынан кейін аталатын болды. Жұртшылық оны енді Әбдіқайым ағай деп емес, «Әкімнің әкесі» деп атайтын болды. Бұл да болса басқа қонған бақ, абыройлы атақ қой!

– Әкімнің әкесі бір мектепті 30 жыл басқарған!

– Әкімнің әкесі өте қарапайым жан!

– Әкімнің әкесі 45 жыл химия-дан сабақ беріп, Менделеевтің кестесін үш ұрпақ өкіліне үйреткен!

– Әкімнің әкесі жағдайы жоқ, жетім балаларды интернатқа орналастырып, адам қатарына қосты!

– Әкімнің әкесі қаншама тәрбиесі қиын баланың мамандық таңдауына бағыт-бағдар берді!

– Әкімнің әкесі жас ұрпақтың білім алып, өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген. Ауылына жаңа үлгідегі, үш қабатты 624 орынды мектеп салуына ықпал еткен ардақты ұстаз!

…Мен де ел-жұрт секілді «Әкімнің әкесі» демей-ақ қояйын. Әбдіқайым ағаны көптен бері білемін. Араластым, дәм-тұзымыз жарасты. Қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтаған құдалығында таңды таңға ұрып, дастарқан басында бірге отырдық. Сонда бір байқағаным, сабырлық пен тәрбиелілікті бойына сіңіргені сонша диірменнің астыңғы тасындай қозғалмайды екен. «Құдай-ау, Әбдіқайым ағаны отырған жеріне биыл тастап кетсең, келесі жылы сол жерден тауып алуға болады екен-ау» деп топшыладым.

Бір мектепті тапжылмай ширек ғасырдан аса басқару да осы мінезінен шығар. Бір таңқаларлығы – 30 жыл басшы болғанда бір адам алдынан қия өтіп, шаң боратып, шағымданбаған екен. Бұл не деген сөз? Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов айтқандай: «Әрбір қаламгер әдебиетке өзінің талантымен ғана емес, мінезімен де сіңісу керек». Міне, мінезбен сіңісу деген осы!

Әбдіқайым аға 80 жасқа келді. Құдайдың берген несібесі шығар, 6 ұл, 3 қыздан 32 немере, 8 шөбере сүйген бақытты ата! Балалары, келіндері, немерелерінен 20 адам мұғалімдікті таңдаған бақытты ұстаз!

Баяғыда біреу:

– Бақыттың әке-шешесі бар ма? – деп сұрапты.

– Бар! – депті көпті көрген абыз. – Бақыттың әкесі – Бірлік, шешесі – Ынтымақ!

Ынтымақ пен бірлікті, парасаттылық пен қарапайымдылықты темірқазық етіп ұстаған Әбдіқайым ағаны мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.

Көпен ӘМІРБЕК,

Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Президент сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері

«Оңтүстік Рабат», №7, 18.02.2015