Біздің Әкім

Бір кісі мың кісіге олжа салар

Мұғалімдіктен басталған жол
Әкім Ысқақ – Қазақстан Республикасының бірінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты. Қазақ тілінде жазылған тұңғыш «Халықтың көші-қоны туралы» заңның авторы. 1997 жылы Қазақстан бойынша «Жыл адамы» атанды.Шымкент педагогикалық институтын және Алматы мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын 1980 жылы өзі оқыған Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. Әр жылдары Бөген аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, республикалық «Лениншіл жас» газетінің Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары бойынша меншікті тілшісі, Ордабасы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1995 жылы желтоқсанда баламалы негізде Ордабасы сайлау округінен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 1999 жылдың желтоқсанынан -ҚР Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісі Төрағасы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары.
Мәжіліс депутаты нағыз халық қалаулысына айналды. Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде, әрі Үкіметке баламалы негізде «Халықтың көші -қоны туралы» заңын жазған депутат ретінде аты тарихта қалды. Жылға жуық қызу, текетірес талқылауда, Парламент қабырғасындағы 42 отырыста Ә. Ысқақ өз заң жобасын қайраткерлікпен қорғап, дәлелдей білді. 1997 жылдың 13 желтоқсанында Елбасы бұл заң жобасына қол қойды.
Осы заң негізінде елімізде Көші – қон және демография жөніндегі агенттік, облыстарда көші-қон басқармалары құрылды. Осы заңның арқасында алыс және жақын шетелдерден 1 миллионнан аса қандасымыз атамекенге оралды. Ә. Ысқақ Қытайдан, Монғолиядан, Өзбекстаннан оралған жүздеген оралмандардың азаматтық, пәтер, білім алуына , жұмысқа орналасуына және т.б жұмыстарына тікелей қамқор болды. 1999 жылы Премьер – министрге депутаттық сауал жолдап, арнайы ұшақ бөлгізіп, Ауғанстандағы, Пәкістандағы шиеленісті аумақтарда бастарына қауіп төнген, аш-жалаңаш қалған 700 қазақтың аман-есен Қазақстанға оралуына жәрдемдесті.
Жуырда Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университет колледжінің студенттері Әкім Әбдіхайымұлын Астанадан арнайы шақырып, кездесу өткізді. Онда ұл-қыздар Ә.Ысқақтың қаламынан туған «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», т.б кітаптарынан үзінділер оқып, оның бірнеше әнін шырқады. Жылышырайлы еркін өткен жүздесуде колледж оқушылары көкейлерінде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап алды. Жиналғандарды әсіресе жерлесіміздің көші-қон заңын қабылдаудағы табандылығы риза етіп, адам тағдыры туралы әңгімелері қатты толқытты.

Мұхит асқан ұл – қыздар
Депутат ретінде ол Англия, Америка, Түркия мемлекеттерінде болды.Сол тұстағы АҚШ – тың Қазақстандағы елшісі Элизабет Джоунстың шақыруымен АҚШ – қа барған сапары әсте есінен шықпайды. Сол жолы ұлтжанды ақын кезінде мұхит асып кеткен жетім балалардың тағдырына алаңдап, солардың біразымен жүздеседі де.
– Вашингтонға барғанымызда америкалықтар асырап алған жетім балалар туралы күтпеген жерден естіп қалдым да, солардың жай -күйін білгім келді, -дейді ол өткен күндерді ойға оралтып. – Бар жұмысты жиыстырып қойып, белгіленген бағыттан ауытқуға тура келді. Алдымен Чарлз және Кристин атты ерлі-зайыптылар асырап алған Арман атты қазақ баласымен танысуға бардық. Тағдыры қызық әрі ауыр екен.
Перзент сүю мүмкіндігі болмаған соң Чарлз бен әйелі бала асырап алу үшін Ресейдің Самара қаласындағы жетімдер үйіне барады. Онда 300 ұл-қыз бар екен. Солардың ішіндегі жалғыз қазақ баласына ерлі-зайыптылардың көңілі ауады.
-Басқа бір баланы алсаңыздар болар еді,- дейді жетімдер үйінің басшысы.- Бұл баланың шешесі бар. Ол алыста, Қазақстанда тұрады. Келісімін алу қиынға түседі.
Американдықтар алғашқы таңдауларынан бас тартпай, қандай қиындыққа тап келсе де, жеңіп шығуға дайын екендерін білдіреді. Ақыры әлгі баланың анасын шақыртуға тура келеді. Ол екі күн бойы көз жасы сорғалап отырып, ақыры келісімін береді. «Өмір бойы сені ұмыта алмаспын» деп, ұлына хат жазып қалдырады. Тұрмысқа шығып, бала-шағалы болып отырған келіншектің басқа амалы қалмаса керек.

Арман Америкаға осылай кетіпті. Бірнеше жыл бұрын мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен шетелге келген анасы осында жүріп өзі ұнатқан жігіттен аяғы ауырлап қалады. Бірақ жігіттің оны жар ететін ойы да жоқ екен. Бейбақ қыз еліне, үйіне барудан жүзі жанып Самараға тартып кетеді, сонда босанып, баласын жетімдер үйіне өткізеді. Ұзамай тұрмыс құрып, бала-шағалы болады.
Иә, американдықтардың бала асырап алуы қызық. Олар баланың аты-жөнін, ұлтын өзгертпейді. Қайта баланың қайдан шыққанын айтып отырады. Чарлз бен Кристин де солай етіпті. Қазақстан туралы білуге, Арманға әңгімелеп отыруға құштар екен. Бірақ… Құдай басқа салмасын бұндай тағдырды!
Ақын бір сәт үнсіз қалды. Тостақтарын жуып алған біраз жұрт та ләм-лим демей, өз ойларымен болып кеткендей…

Теңдесі жоқ тұңғыш заң
-Менің басқаруымдағы жұмыс тобы әзірлеген заң жобасы ұсынылған кезде тек екі министрлік қана біздің сөзімізді сөйледі: Ішкі істер министірлігі мен Сыртқы істер министрлігі, -дейді ол өткенді еске алып.Өйткені аталмыш органдар мәселенің астарын терең түсінді. Жұмыс тобының жетекшісі ретінде маған Үкімет ұсынған заң жобасының тек бірді-екілі тұсына ғана ұсыныс енгізуге құқық берілген. Алайда ол құжатты талқылау барысында бірталай ұсыныс жиналып қалды. Енді оның бәрін қалай өткіземін? Ол мүмкін емес. Конституцияны оқыдым, Парламент депутатының мәртебесі туралы заңды оқыдым, сөйтсем, Мәжіліс депутаты өз заң жобасын ұсынуға құқылы екен. Содан мен баламалы заң жобасын ұсынуға бел байладым. Үкіметтің заң жобасында «болмайды» деген баптарды «болады», «көшіп келушілер жергілікті бюджеттен қаржыландырылсын» дегенді «…республикалық бюджеттен …»деп өзгерттім. Ал, көшіп кетушілерді қаржыландыруға қатысты бапты мүлдем алып тастадым. Шетелден келіп, азаматтығын әлі алып үлгермеген екі оралман азаматты жұмыс тобына кіргіздім. Бірі – Қытайдан көшіп келген Алмас Ахметбекұлы деген ақын жігіт, екіншісі – Монғолиядан қоныс аударған Нұрлан Бодалханұлы деген азамат. Қоғамдық негізде 14 кеңесші-көмекшім болды. Солармен күндіз-түні бірігіп жұмыс істедік.
Наталья Коржова секілді шенеунікпен тайталасу оңай емес еді.
Коржова әңгімені төтесінен жіберді: «Бұл заң жобасы қайдағы бір түсініксіз тілде жазылған. Біз мұны түсінбейміз. Жұршылыққа түсінікті болуы үшін оны орыс тіліне аударыңыз!».
Қазақ тілінде әзірленген заң жобасына орысшаға аудару өте қиынға түсті.Шыдадық, қазақша нұсқасын «Егемен Қазақстан» және «Қазақ елі» газеттері арқылы бүкілхалықтық талқылауға ұсынып жібердім. Барша қазақстандықтар үн қатты.Баламалы заң жобасы Парламент қабырғасында екі күн талқыланды. Коржова қал-қадерінше мені кіналай сөйледі, кекетіп-мұқатқан тұстары да болды. Намыстанып кеткенім соншалықты – дайындап қойған баяндамамды ұмытым кетіп, мінберге шығып кетіппін. «Ар жетім қалар, егерде арыңды біреу лайласа, Бақ жетім қалар, егерде бағыңды біреу байласа… Қазақ жетім қалар, егерде өз Отаны болмаса», – деп сөзімді аяқтадым. Бір қарасам, депутаттардың бәрі көздеріне жас алып, жылап отыр. Марат Оспанов та төмен қарап, көзінің жасын сүртті. «Бұларға не болды?» десем, Коржованың сөзі өңменімнен өтіп кеткен, оның үстіне эмоциям бар, ақынжандылығым бар, өзім жылап тұр екенмін. Содан талқылау басталды, сұрақтар қойылды. «Казахстанская правда» газетінде сол тарихи сәт хақында «Мұндай оқиға бұрын-соңды тарихта болмаған еді. Әкім Ысқақ заң жобасын қазақ тілінде талқылауға және депутаттардың алдында қазақша сөйлеуге болатынын дәлелдеді» – деп жазылды. Тоқетері, сол отырыста үш-ақ әріптесім қарсы болды да, қалған депутаттардың баршасы мен ұсынған заң жобасын қолдады. Содан мінберге Коржова шықты да, ашуланып: «Мен бұл заңды мойындамаймын…» – деді. Сонда Заманбек Нұрқаділовтің сөйлеген сөзі әлі жадымда: «Наталья Артемовна, министрлер еркек не әйел деп бөлінбейді. Сен мына жерге келіп әйелдік мінезіңді көрсетпей тыныш отыр. Себебі, Әкім Ысқақ шын мәнінде тер төгіп, заң жобасын жасап, депутаттарды сендіре білді…» – деп ашуланды-дағы, залдан шығып кетіп қалды. «Халықтың көші-қоны туралы» заңын қабылдау оңай болмады. Талқылаудың өзіне 1 жылдай уақыт кетті. Мәселе Елбасыға дейін жетті. ҚР Президенті жанында Ұлттық комиссия да мені қолдады, заң жобасын қабылдауға болатыны туралы Парламентке ұсыныс жасады. Кейін Сенат мақұлдады. Жобаны Елбасының қол қоюына жібергенде, елордамыз Алматыдан Астанаға көшіп жатқан. 1997 жылы 9 желтоқсанда Астанаға табан тіредік те, ертесіне Елбасы билік өкілдерінің төрт көзін түгелдеп, Ақмола атауын Астана деп өзгертті. 13 желтоқсан күні Н.Назарбаев Астанада заңға қол қойды.
Күні бүгінге дейін қазақ топырағына 1 миллионнан астам қандасымыз оралды. Соңғы екі жылда шетелден 75 мың 485 қазақ қоныс аударыпты…Әкім қазір депутат емес. Бірақ халықтың қалаулы ұлдарының бірі болып қалды. Атақ емес, абырой іздеген оның қолынан қаламы түспеді. Ол жастар сүйіп оқитын авторлардың бірі. Оны көпшілік әсіресе мың- сан оралмандар туған бауырындай көреді, ол туралы «Біздің Әкім» деп, сүйсіне әңгімелейді.

Захардин ҚЫСТАУБАЕВ (Мақаланың толық нұсқасын «Оңтүстік Рабат» газетінің 49-нөмірінен оқи аласыздар)