Шымкент қалалық балалар ауруханасы 23 ақпаннан жұмысын бастады. Жаңа медициналық мекеме көп салалы балалар ауруханасы болып саналады. Мұнда жасөспірімдерге жоғары білікті мамандар қызмет көрсетуде. Ауруханада 15 жасқа дейінгі 10 мыңнан астам жеткіншектің стационарлық ем алуына мүмкіндік бар.
Асар шағынауданы аумағында орналасқан №1 қалалық балалар ауруханасы 270 орынға арналған. Медициналық мекеме су жаңа әрі заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Аурухананың аумағы кең. Екі корпустан тұрады.
«А» корпусында қабылдау бөлмесі, жарақат пункті, шұғыл науқастарға шағын операциялық бөлме, қарқынды терапиялық емдеу палаталары бар. Қабылдау бөлмесінің жұмысы қазірдің өзінде қым-қуыт. Мамандар әр науқасты қабылдап, ем-дом бөлімдеріне жіберуде.
Жүрегінде ақауы бар балаларға жаңа ауруханада барлық жағдай жасалыпты. Отыз төсек орны берілген. Одан бөлек ойын алаңшасы да бар.
Ескі ауруханада ойын алаңшасы болған, бірақ тар еді. Жаңалықты бірден байқаған ата-аналар осындай жағдайды жасап отырған билікке ризалықтарын білдіруде. Солардың бірі — кішкентай Мубарактың анасы.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=k4TR8RMYGfI[/youtube]
Әмина Ибрагимова, ата-ана: «Операциядан кейін үш ай сайын ем аламыз. Жаңа аурухана жақсы екен. Тазалығынан бөлек палаталар ыңғайлы салынған. Кең. Бұрын бір палатада бес-алты адам жататынбыз, енді үш төсектен берілген».
Жансақтау бөлімі де соңғы үлгідегі жаңа технологиямен жабдықталған. Әрбір науқаспен ем жүргізуге ыңғайлы. Олардың әрқайсысы бейнебақылау камерасымен бақыланады. Мұнда 18 төсек бар. Жаңа туылған сәбиден бастап 15 жасқа дейінгі жеткіншектерді емдеу үшін білікті мамандар қызмет көрсетеді.
Ақжол Абдраимов, жансақтау бөлімінің меңгерушісі: «Бұрынғы жағдайға қарағанда қазір тым жақсы. Жағдай стандарттарға сай жасалған. Әрбір науқасқа ем-дом жасап, қызмет көрсетуге өте ыңғайлы».
Ауруханадағы тағы қырық орын оңалту бөліміне берілген. Одан бөлек ойын алаңшасы және Монтессори кабинеті бар. Тумасынан сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндердің сауығып кетуі арнайы бағдарлама арқылы қадағаланады.
Мусаим Арыстанов, оңалту бөлімінң меңгерушісі: «Бір бала 10 күн емделеді. Осы күн аралығында арнайы бағдарлама түзіліп, ем қабылдайды. Арнайы тренажер залы бар. Ойын алаңшасы бар. Мұндағы жабдықтардың барлығы тумасынан сал ауруына шалдыққан немесе дисплазия диагнозы қойылған балаларға арналған».
Ауруханада 15 жасқа дейінгі 10 мыңнан астам жеткіншек стационарлық ем ала алады. Тек жаңа медициналық мекемеге жету оңайға соқпай тұр. Тұрғындар бағыттық көліктердің саны артса, игі болар еді дейді. Ал оған дейін жаңа ауруханаға № 8 және 9 бағыттағы автобустармен жетуге болады.