Шымкентте жаңа медициналық оңалту орталығы ашылды

274

Шымкентте балаларға және ересектерге арналған «Жұлдызай» медициналық оңалту орталығы ашылды. Мекеме кардиологиялық және неврологиялық ауруы бар науқастарға қызмет көрсетеді. Онда емнің 20-ға жуық түрі ұсынылған. Ең бастысы – орталық науқастарды тегін қабылдайды.

1 жасар Нұртілеу Тұрабектің тұсауы жаңадан ашылған оңалту орталығында кесілді. «Жұлдызай» реабилитациялық орталығында ем алған балалар аяққа тұрған сәтте міндетті түрде тұсаукесер рәсімі өтеді. Нұртілеудің жүрегінде туабітті ауруы бар. 8 айына дейін екі рет ауыр ота жасатқан. Енді аталған мекемеге аптасына 5 рет келіп ем алады. Анасы Айман Қонысованың сөзінше, баласының аяққа тұруы – 1 айдың ішінде жеткен нәтиже.

Айман Қонысова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Келіп жүргенімізге 1 айдан асты. 1 жасына дейін жүрегіне екі операция жасаттық. Баланың физикалық дамуына осы орталықтың үлкен көмегі тиіп жатыр. Осы бір ай ішінде біз қадам басып үйреніп жатырмыз. Қазіргі уақытта жан-жақты дамуы жақсы болып жатыр. Нағыз мамандар жұмыс істейді. Осы орталыққа алғысымызды айтамыз. Бізге қанша уақыт болса да өз қалауымызша келе беруге рұқсат берді. Өйткені бұл жер тек реабилитациялық орталық қана емес дамытатын орталық».

Оңалту орталығы жаңа технологиялармен жабдықталған. Науқастың денсаулығы, физикалық әлеуеті үшін қажетті барлық жағдай жасалған дейді дәрігерлер. Оңалту қызметінен бөлек келушілерді дәрігерелер де қабылдайды.

Биокинет аппараты инсульт алған, неврологиялық немесе кардиологиялық ауруы бар науқастарды виртуалды ойындар арқылы емдейді. Мамандар аталған аппарат қолдың қимыл-қозғалысын реттей отырып баланың денсаулығына оң әсерін тигізеді дейді.

Орталықта 10 арнайы маман және бірнеше дәрігер жұмыс істейді. Мұнда кинезотерапия, емдік дене-шынықтыру, физиотерапия секілді 20-ға жуық ем түрін ұсынады. Ең бастысы оңалту процедураларының бәрі тегін дейді орталық басшысы.

Шымкент қалалық №1 ауруханада кардиохирургиялық орталық ашылады. Ал онда ота жасалған науқастар арнайы жолдама арқылы осы оңалту орталығына келіп ем алады.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Жұлдызай» оңалту орталығын қазір біз аралап шықтық. Ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықпен жабдықталған. Өте көп цифровизация бар бұл жерде. Бұл Шымкент қаласындағы 10-шы оңалту орталығы. Әрине мұқтаж балалар көп, өткен жылы облыстық балалар ауруханасында 120 балаға ота жасалған».

Қазіргі таңда реабилитациялық орталық күніне 35-40 науқасты қабылдауға қауқарлы. Ал мекеме басшысы науқастарды МӘМС жүйесімен қабылдауды да жоспарлап отырмыз дейді.

Гүлдана Дәурен