Алаяқтарға алданған шымкенттіктер жалақысыз қалды

235

Еткен еңбектің орнына қоқан-лоққыдан басқа бір тиын бермеген кім? Әділдік іздеп, шарқ ұрған қарапайым жұмысшылардың жалақысын бермек түгілі, биліктегі кісілердің атымен қорқытатын алаяқтар бар. Арнамызға арнайы шағымданып келген жұмысшыларды алдап кеткендер кімнің атын жамылғанын анықтап білуге тырыстық.

vlcsnap-2015-02-17-17h31m50s64

Алаяқтарға алданған Дмитрий Шевчук пен Владислав Ребровтың өзге құрдастарынан айырмашылығы жоқ. Көптеп ақша тапсақ, отбасымызды асырасақ деген ниетпен жұмысқа бірінші болып шақырғандардың соңынан еріп, вахталық жұмыс істеген. Ал жұмыс беруші анау-мынау емес, 180 мың теңге жалақы беремін деп сендіріпті.

Владислав Ребров:»Қызылорда жақта вахталық жұмыс істедік. Бетон құйдық. Жұмысшыларға ешқандай жағдай жасалмаған. Керек десеңіз, тамақты да ит қорлықпен береді. Үйімізге әзер жеттік».

Өздерінің 15 күндік жұмысы аяқталған соң Шымкентке әзер жеткен жастар жұмыс берушіден жалақыларын талап еткен. Алайда ол еткен еңбектің ақысын өтемек түгілі, қоқан-лоққы көрсетіпті. Жұмысшылар істі сотқа береміз десе, қожайын фирманы белгілі халық қалаулысы қамқорлығына алғанын, іс-әрекеттерінен ешқандай нәтиже шықпайтынын айтыпты.

Дмитрий Шевчук: «Менің таныстарым мықты, Мелдеханов бәрін шешеді деді. Біз сияқты қарапайым жұмысшы осындай фамилия естіген кезде не істей алады? Алғашында қорықтық. Десе де істі соңына дейін жеткізуге шештік. Олар — алаяқтар. Мелдехановқа ешқандай қатысы жоқ екен».

Бұл іске қатысты тергеу жұмыстары басталғанымен, аяқталмаған. Оның созбалаңдыққа салынуына құжаттардың жоғы кедергісін келтіріп отыр. Шымкенттік құрылыс бригадасының Қызылордада жұмыс жасағаны туралы бірде-бір айғақ жоқ көрінеді. Өңірдің бас еңбек инспекторы келісім-шарт болмаса, әділдікті соттан іздеу керегін алға тартады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=FI6g5tpC2IE[/youtube]

Бастар Есқараев,ОҚО еңбек инспекциясы басқармасының басшысы: «Жұмыскер жұмыс берушімен шарт түзіспей, ауызекі сөзбен келісетін болса, бұл азаматтық-құқықтық қатынас болады. Одан туындаған жауапкершілік сот орындарында қаралады. Егер жұмыс берушінің кесірінен еңбек келісім-шарты түзілмесе, онда ол басқа жағдай болады».

Сондай-ақ өңіріміздің бас еңбек инспекторы қандай да бір жұмысқа тұрарда сақ болуға шақырады. Уақытша жұмыс болса да келісім-шарт жасау керегін ескертеді. Ал Владимир мен Дмитрий әділдіктің жеңетініне сенімді. Оларға атын алаяқтар жамылған халық қалаулысы да көмектесуге әзір.