Бейнебақылау жүгенсіздікке тосқауыл бола ма?

2014 жылы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен кәмелет жасқа толмаған 255 жасөспірімге қатысты барлығы 186 қылмыстық іс қозғалған. Соның 119-ы мектеп оқушыларының үлесінде. Мамандардың айтуынша, мектептердегі кәмелетке толма­ғандар арасындағы заңға қайшы әрекеттер негізінен мүліктік (ұрлау, тартып алу) және әлімжеттік сипатта болып келеді екен.

07-007

Келтірілген деректер бүгінгі таңда жасөспірімдердің жа­ғымсыз қылыққа бой алдырып бара жатқанын аңғартады. Алайда, мамандар балалар арасындағы әлімжеттік пен құқықбұзушылықты тыю үшін атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес дейді. Мәселен, ішкі істер органдарының қызметкерлері облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында заңға қайшы әрекеттердің алдын алу, болдырмау шаралары бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіп жатқандарын тілге тиек етсе, білім бөліміндегі жауапты маман Айгүл Текебаева оқу ордаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бақылау бір ізге қойылғанын айтады. Оның айтуынша, былтыр Шымкент қаласындағы 82 мектепке, қалаға қосылған елдімекендердегі 34 білім ұясына бейнебақылау камерасын орнату үшін жергілікті бюджеттен 28 млн теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, маман бүгінгі таңда қаладағы барлық мектеп (қосылған ауылдарды қоса есептегенде олардың саны — 125 ) 100 пайызға бейнебақылаумен қамтамасыз етілгенін, камералардың барлығы жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Құрманкүл Саржанова, А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының директоры:

– Жалпы, мектептерге бей­небақылау орнату қажеттіліктен туындап отыр. Себебі, әр мектептің өз «батырлары» бар. Біреулері ақша бопсалайды, енді біреулері «мықтылығын» дәлелдегісі келеді. Базбіреулері сабақ уақытында көше кезгенді жақсы көреді. Осындайда бейнекамералардың пайдасы зор. Мәселен, біздің мектепте 2403 оқушы бар. Ал олардың сабақ кезінде немесе үзілісте қайда жүргенін, не істеп жатқанын бақылау қиын. Осындайда бейнекамералардың пайдасы зор. Таспаны кері айналдыра отырып, оқушының қайда болғанын, немен айналысқанын және кіммен сөйлескенін біле аламыз. Жасыратыны жоқ, тәртіпке бағынғысы келмейтін, камераны елемейтін оқушылар да бар. Ондай балалардың ата-анасымен сөйлесеміз, сынып жетекшілерімен жұмыс істейміз. 

Осы ретте Айгүл Текебаеваның берген мәліметінің қаншалықты шындыққа жанасатынын білу үшін қаладағы бірқатар мектептерді аралап көруді жөн санаған едік. Шынымен де, «Ворошиловка» елдімекенінде биыл пайдалануға берілген жаңа мектептен басқа барлық білім ұялары бейнебақылауға алынған екен. Барлығында 6-7 камерадан бар. Барлығы дерлік жұмыс істеп тұр. Ондағы жазбаларды мектептегі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен инспекторлар қадағалайды. Мектеп басшылары болса бір ауыздан камералар орнатылғалы тәртіп біршама жақсарды деп ағынан жарылды.

07-008

Гүлбарахан БЕКХОЖАЕВА, ата-ана:

– «Көрмес – түйені де көрмес». Бұл – білім беру мекемелеріне орнатылған бейнекамераларға қатысты айтылғандай. Неге десеңіз, мектептер бейнебақылау камераларымен жабдықталса да тәртіпсіздіктер тыйылар емес. Бұл жерде жалғыз камерамен жағдайды қадағалап, тәртіп орнатуға болады деп ойламаймын.

Жасыратыны жоқ, камераның мектептерде оқушылар арасындағы әлімжеттік, бопсалау, төбелесу секілді «бұзақылықтарды» азайтып, балаларды «уыста ұстауға» аз да болса септігі тиеді деген мұғалім сөзінің жаны бар. Яғни, бұл мектеп ішіндегі тәртіпті бақылаудың ең тиімді жолы екеніне шүбә келтіргіміз жоқ. Бірақ…

Зүлипа ӘЗІРЕТӘЛІҚЫЗЫ, психолог:

– Менің түсінігімше, әлімжеттік – бұрыннан келе жатқан әрі қарапайым «әкел, әпер» дегеннен бастап, адамның психологиясы мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге дейін қамтитын ауқымды құбылыс, үлкен проблема. Баланың агрессиялық қылығының себептері әрқилы болуы мүмкін. Жасөспірімнің өзгелерді күшпен бағындыруының жалғыз себебі оның мінез ерекшелігінде ғана емес. Бұл агрессияның өзіндік тамырлары, себеп – салдарлары бар. Баланың агрессияға бейімділігіне ең әуелі оның шектен тыс қызба мінезі себеп болады. Кейбір ата-ана бұған мүлде мән бермеуі немесе ең сорақысы, агрессияны қалыпты мінезге балауы мүмкін. Ал кей ата-ана тәрбиенің қатал стилін ұстанып, баланы жасқаншақ етіп жібереді. Ондай бала өзіне де, өзгеге де бірдеңені дәлелдегісі келіп, ашу-ызасын біреуден алғысы келіп тұрады. Мұндай мәселені камерамен бақылап шеше алмайсыз. Мұны ата-ана, білім беру жүйесі және заң органдары бірлесіп шешуі тиіс.

Деректерге көз жүгіртетін болсақ, мектеп оқушыларымен жасалған қылмыстың басым бөлігі білім ордасының ішінде емес, сыртында жасалатыны мәлім. Яғни, 2014 жылы қоғамдық орында – 114, сауда, ойын-сауық орнында, үй-жай іргесінде немесе т.б. жерлерде 72 қылмыстық іс орын алған. Осыған қарап отырып мектептерге камера орнату тығырықтан шығарады ма деген сауал туындайды.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №7, 18.02.2015