Оңтүстіктің барлық аудандарынан жиналған жас шабандоздар көкпар тартып, облыс құрамасына іріктелінді

Шымкенттің орталық атшабарында қалалық мәслихат депутаттарының жүлдесіне арналған жаппай көкпар берілді. Іріктеуге жүзден аса шабандоз жиналды. Жалғыз шектеу – көкпаршының жасы 18-ден аспауы тиіс.

Өйткені, бұл жаппай көкпардың қорытындысы бойынша бапкерлер жастар арасындағы ел чемпионатына дайындық жасамақ. Үздіктерді іріктеп алып, облыс құрамасын жасақтайды.

Оңтүстіктің барлық аудандарынан жиналған жас шабандоздар көкпар тартып, облыс құрамасына іріктелінді

Облыс құрамасынан өз орнын табу үшін Оңтүстіктің барлық аудандарынан епті шабандоздар жиналған. Іріктеудің тартысты өтуі де осы себептен.

Нұрлан Бекназаров, қалалық мәслихаттың хатшысы: «Спортты қолдауға әрқашан дайынбыз. Оның үстіне облыс құрамасын жасақтайын деп отыр екен, бір жағынан көмек те болсын деп ұйғардық. Костюмдерімізді шешіп, біз де ат үстіне бір сәт мінсек деп отырмыз. Дегенмен, көкпар тартуымыз екіталай.»

Көкпардың тартысты өтуі шабандоздардың ептілігіне байланысты

Бұл – жастар арасындағы іріктеудің үшінші кезеңі. Депутаттар қаржылай демеп, әр салымға кем дегенде 20 мың теңгеден тігіп отыр. Ауылдарда берілетін жаппай көкпардан бұл көкпардың өзгеше екені анық. Өйткені, шабандоздар арнайы талапқа сай салымға қол жеткізуі тиіс.

Оның үстіне көкпар барысында бапкерлер жастарды командаға бөліп, ауданаралық сынақ та өткізді. Жеңімпаз команда 20 мың теңгеге ие болып, олардың арасынан үздіктер іріктеудің чемпионы атанды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TTkWNQ1SqkQ[/youtube]

Көкпар бір күнге ғана жалғасты. Алайда, іріктеудің келесі кезеңдері әлі де өтеді. Өйткені, ел чемпионатына дейін жерлестеріміз дайын болуы тиіс. Жастар арасындағы республикалық көкпар Астана қаласына жоспарланған.