Биыл – белгілі қаламгер, республикалық «Жалын» бәйгесін екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» бәйгесін үш рет жеңіп алған, «Бауырмал» сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Түлкібас, Бәйдібек аудандары мен Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Мемлекеттік стипендияның төрт дүркін иегері, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың құрметті профессоры – Мархабат БАЙҒҰТ мерейлі 70 жасқа толады. Өз оқырманын қалыптастыра білген әрі олардың қатарын жылдар өткен сайын қалыңдатпаса селдірете қоймаған жазушыны жұртшылыққа мерейтойы қарсаңында тағы да жақынырақ танытуды жөн көрдік. Белгілі тіл маманы, ғалым Ақжол Қалшабектің Мархабат Байғұттың шығармашылығы туралы толғанысын жариялап отырғандағы мақсатымыз осы еді.
Шырайлы Шымкенттің шырын жазушысы Мархабат Байғұтты бұрыннан-ақ ақи-тақи танитын едім, шығармаларын індетіп, іздеп жүріп оқитын едім десем шындыққа шет болар еді. Ол кісінің арғы-бергі дүниелерінен алаңсыз, бойға сіңіріп оқығаным осы – «Ақтолғай» болды. «Ақтолғай» – адамның жүріп өткен жолы екен, дә. Жәй жолы емес, өмір жолы. Өмір жолы деген оңай емес қой, сірә! «Ақтолғай» да дәл солай. «Ақтолғай» – естелік эссе. Осы эссе, естелік, мемуар мәнзелдес мақамдарыңыз тегі шікәмшіл шарауалардан-дүр. Неге? Өйткені бұл жанр – әуелі өзіңді жазу, айна алдында тұрғандай болу. Өз-өзіңмен бетпе-бет келу. Бұрын өңкей бөгделерді бөтен біреу боп жазып жүргенсің ғой. Хош, ол басқа іс болатын. Сырттан билеп тон пішіп, әдеби материалдарды саз балшықтай илеп, бір өзің жаратушы автор боп жырғап жүргенің. Ал енді кезек өзіңе келгенде оңай емес. Енді өзің туралы айта қойшы, кәні, оңай болса. Қазақ лирикасының қара нары әрі нәрі Қасым ақын айтқандай «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» деп. Анығында жазушы бұрында өзгелерді жазған боп өзін жазып жүрсе керек. Әсілі ақын-жазушы ныспылы ағайын-жұртыңыз өмірден өзін жазумен әуре боп өтеді дейді ғой. Олай болса бұрынғының бәрі жазушының да өзі туралы ақтарылып айтпаққа жасап жүрген дайындығы боп шықты. Яғни, әркімнің түбінде өзі бір «Ақтолғайы» болары хақ-ты.
Мұқағалидің ақтолғайы – «Фаризаға» өлеңі. «Фариза, Фариза жан, Фариза- қыз…» деп басталатын ше кәдімгі… Жаңағы Қасымның ақтолғайы – «Өзім туралы» жыры. Шерхан Мұртазаның ақтолғайы ол – «Ай мен Айша»! Романшы Рамазан Тоқтаровтың ақтолғайы – «Бітеу жара» шығармасы іспеттес боп кете береді.
Мақаң да өз ақтолғайын жазып шықты. Онысына «Оңтүстік Қазақстан» газеті себепші бопты. Ойламаған жерден. Содан соң эсселеп, кестелеп бермекші бопты. Ұлы әңгімеден үріккен. Романнан дә. Содан соң үйреншікті ұзақ әңгімеге иек артқан.
Әлқисса, әңгіме Байқуаттың Қарагерінен басталған. Ол да тегін емес. Қарагер – символ ғой. Әулеттің символы. Егемендіктің символы. Намыс. Дегелекұя, Балықтысу… Таупістелінің шөбін жеп, суын ішкен ағайынның қанаты. Символ-қанаты. Соның ішінде – Тәте-Тәтеев Байғұт та бар. Байғұтқараның иесі. Мархабат. Тәтеев яки Мархабат Қуандықов та бар боп шығады. Сол символдың ішінде.
Байекеңнің бауы керемет. Шебер суретшінің пейзажындай. Импрессионистердің мәнерінде майын тамызған жазушы. Баяғы Гоген құсап, Сезанн құсап… яки Ван Гог құсап. Мүмкін Қастеев көкем құсап шығар.
Қаратай. Қаратай туралы әңгіме ірі әңгіме. Қазақ тарихындағы ірің бет – репрессия. Екі басты самұрық империяның соңғы патшасы Николай екіншінің отбасын Екатеринбург шаһарында құрбандыққа шалған қызыл қырғын ол. Қазақтың алашордасының алтын қанатын күйдірген сол репрессия өртіне Қаратай да үйітілген. Содан кейін азамат Хабаровскі деген жерден «Мертілдім мерездіктің оғы тиіп» деп хат жазған ғой. Қаратайды Ақбиіктегі Ахметжан Әбдікерімов ақсақал бүгінгінің бүкіл оқыған-тоқығандарына теңгермепті. Ол кісінің айтуынша «Қаратайдың бір өзі бүгінгілердің бес жүзіне татиды» екен дә. Оқуы көп болғанмен, тоқуы шала болғандардың. Кеңестік кеселмен миы шырмалғандардың…
Әсем ана сол Қаратай көкесін қалай жоқтаған:
Сыздайды жүрек жарадай, көке,
Қалайша жауға санады-ай, көке.
Қалайша қинап, қамады-ай, көке,
Келер ме екен, келмес пе екен,
Қамалып кеткен Қаратай көке?!
Шедевр деген шіркініңіз осы шығар, сірә. Трагедия. Әулет трагедиясы. Шерлі көкірек шежіресі. Құры ғана гөй-гөй емес, ұрпақ санасын шабақтап, шарболаттай шынықтыру да бар мұнда.
Қаратай – жазушының нағашысы, Тәшкен айналасын төңіректегіш қазақтардың айтуынша тағасы.
Сы-сы-сырдың Лениннен кейінгі көсемі Стәліннің өлгені жайлы қаралы хабарды (қазіргі тілмен айтқанда қуанышты хабарды) бұ кісі Пістелі бастауыш мектебінде оқып жүргенде естиді. Рахман ағайдың аузынан. Ол кезде біздің
«Ленин біздің атамыз,
Саясында жатамыз,
Қарсы келген дұшпанды,
Қақ жүректен атамыз», –
деп жүрген, яки:
«Мен айтамын тақпақ,
Сәветтерді мақтап,
Оң қолымның күшімен,
Соң қолымның күшімен,
Фәшистерді қырамын,
Мәскеуге барамын,
Ленін орден аламын», –
д-е-е-п жүрген кезіміз ғой, баяғы. Алқызыл галстук тағып. Барабан соғып. Пионершілетіп…
Пістелі демекші, бұл жазушының ұшқан алтын ұясы. Ұшқан алтын ұяны суреткер «Сұрасаң біздің ауыл Пістеліде» деп үшкірлі қалам ұшымен құйқылжытады-ай. Пістелісайда өсетін таупістесін (жаңғақ тұқымдас жеміс ағашы), Аққұзар жақтағы доланалы беткейін, Бөкейтаудағы көкемарал мен киікотын… Таупістелі М.Байғұтқа Л.Толстойға Ясная Поляна қандай болса сондай. Мұқағалиға Шалкөде қандай болса сондай. Абайға Жидебай қандай болса, ол да сондай екені көрінеді.
Сол Таупістелі бастауыш мектебі ол кісінің алғашқы академия-сы іспеттес болыпты. Осында «Қазмемкөркемәдеббас» өнімдерін миға өткізген. Ақ шәйіден кәстөм-шалбар киетін Жорабек Жұмановтай ұстаз алдын көріпті (Кейіннен екі жәшік лимонат алып, сыркүріш булап, бес жұмыртқа һәм үш сомнан ақша жинап, бұл оқу ордасын тәмәмдаудың рәсімін де ойдағыдай өткерген). Одан әрі Әмірханов әлеміне бір сүңгіп, аспирант Мырзатай Жолдасбековтың сынағынан сүрінбей өтіп, КазГУ-дегі әдебиет теориясының кеңестік дәуірдегі алыбы академик Зейнолла Қабдоловтың дәрісханасынан бір-ақ шығады. Ұстазсыз шәкірт болмайды. Сол З.Қабдолов М.Әуезовтің шәкірті болған. Ал Әуезов кезінде ол да шәкірт болған. Кімге? А.Байтұрсыновқа. Ж.Аймауытовқа. Б.Момышұлы Шымкентте Ж.Аймауытовтан сабақ алған. Алашорда жұлдызы Шымкент педтехникумында директор боп істеген ғой кезінде. Полковник Б.Момышұлы әскер өнерінде өзіне генерал Панфиловты ұстаз тұтқан. Кіші сержант Мархабат Байғұтовтың әскер өнеріндегі ұстазы – маңдайына мина жарықшағы тиген, соғыс ардагері полковник Акулич болған. (Осы жолдардың авторы, білдей ефрейторыңыздың 20 күндік карантинде алғашқы әскери ұстазы, әскердің әліпбиін үйреткен – сержант Бурцев болған).
Әскерде жазушы стройбаттың (құрылыс батольоны) дәмін татқан. Онысын «құрылыс баттағы қорлықтар» деп боямасыз әдемі эпизодтармен жеткізе білген. «Физический слабый» жазушы сібірде үш жыл сіргеленген (бұған сіргелілердің еш қатысы жоқ). Әуелгіде Аңгарскінің түбінде «теплякта» паналаған. Артынан құдай оңдап Новосибирскіде сержант мектебінде оқыған. Сібірдің бас қаласындағы академқалашықты көрген. Құрылыс материалдары туралы дәрістенген. Кейіннен сақа жазушы болған кезінде Саха елінде болып Марха-қыз өзенінде жүзген. Теплоходпен бірақ. Ақыры зымиян Золиннің зұлымдықтары зая кетіп, аяулы Алматыға бет түзеген. Яғни, әскерден босаған. Соғыстан қайтқан сержант Ә.Нұршайықов құсап Алматыға келе сала ағайын-туыс, ауылды да, кластасты да, курстасты да кейін ысырып, бірден кітапханаға, кітап әлеміне бас сұққан. Кітаптармен көріскен. Абай айтпақшы мағлұм болды: ең ет жақыны, ет бауыры, досы да кітап екен дә… Кімді көп сағынса сол досы болмақ-та. Үш жылдық сібір сіргелеуінде кітапты қатты сағынып жүріпті. Бейсенбай Кенжебаев сынды қазақ әдебиеттануының алып айсбергін де сағынған. Кәкен Ахановты да. Университет дәрісханасының иісін сағынған.
Артынан «Лениншіл жаспен» жылап көріскен. Сосын қара шаңырақ – КазГУ-дің филфагы… Аяулы ақ орданың ауасын армансыз жұткан.
Одан кейін Түлкібас аудандық «Маяк», қазақшалағанда «Шамшырақ» газетінде лирикалық очерктің майталманы болып қалыптанған. Мархабат мәнзелдес алғашқы мақамдар бой қылтитқан. Сол мақамдардың дақпырты Машат жоталарынан асып, шырайлы Шымкентке шейін жеткен ғой. Ақыры «Мәністі мектеп мәнзелдес» болған «Оңтүстік Қазақстан» газетіне орныққан. Не? Өзі де, өмірі де, жазуы да. Шардараны шарлаған. Жетісайға жүгірген. Мақтаралды мақтаған. Б.Момышұлыдан сұхбат алған. Сөйтіп жүріп бір рет «Шпигельді» бүлдіріп алған. Ондай-ондай болады ғой. Оған бірақ обком Рамазановтың реңі бұзылмаған. Ойламаған жерден партбюро хатшылығына сайланған. «Мадленнің» тәтті торты секілді дөкейліктің тәтті дәмін татып көрген сонда. Аз ғана. Б.Қонысбекпен қызметтес болған…Сол кездегі асқан абыройлы мекеме облыстық партия комитетіне де ауысады. Біраз нәрсені көреді. Айбарлы А.Асқаровты жақыннан көреді. Асқаровтың ертегі боп тұрған кезі. «Кішкентай Наполеон» депті оны сол кезде. Кеңестік жүйеде кішкентай болса да Наполеон болу оңай боп па? Құнанбай болу одан арман қиын. Кеңестік жүйенің қуыршағы болмағанынан шығар. Ол кездегі ең үлкен батырлық – кеңестік жүйенің қуыршағына айналмау болған ғой, тегінде?!
Асқаров Шымкенттің шырайын кіргізген. «Шымкенттің шырайын кіргіз» деп, әрине, оған Брежнев қарт айтпаған. «Қалы бар патша» өліп кетсін айтпас. Оңтүстік өңірінің өңі түгіл түсіне кірмеген дендропарк соққан. 500 мың түп. 1400 ағаш түрінен. Бүкіл әлемнің ағашын Шымқалаға көшіріп әкелген. Ағаш егу мектебі Қазақстанда солай қалыптасқан екен дә. Отырардан этнографиялық музей ашқан. Қасқасуды екінші Медеу қылмаққа үлгере алмаған.
Д.Қонаев, А.Асқаров – партиялық-секретарлық құбылыс қой.
Профессор Мекемтас Мырзахметұлынан сұрағам. Бірде. 80 жылдық юбилейінде Шымкентке келгенінде. Шәй ішіп отырып. «Бауыржан Қонаевқа қалай қараған еді?» деп. Айтқан еді: «Жақсы қараған. Қонаевты. Қамырдан қыл суырғандай ғып басқарып отыр деп айтатұғын. Елді. Қазақстанды». Баяғы С.Сәдуақасовтың желісі. Т.Рысқұловтың іздері. Асқаров сол ғой. Алашорданың қалған-құтқаны. Қоржын түбінде.
Байғұтов тағы Болтенконы көрген. Обкомда. Болтенкоңыздың тыныс-тіршілігі сол бопты: қарымды қаламгер Қарауылбек Қазиевті қарауылына алыпты. Ақыры «қаза болуына қарасқан». Әркімнің бір Болтенкосы болған. Қаһарман батыр Бауыржан Момышұлының Болтенкосы – маршал Гречко болған. Не генерал Чернюгов. Ж.Тәшеновтың Болтенкосы – Хрущев болған. Болтенколар көп болған. Қазақ болтенколарда жетерлік болған.
Жазушы өмірінде бірталай қызмет болған. Соның ішінде «Нөл-три» де болған. «Нөл-триге» себепші боп жүрген профессор Керімбек Сыздықовтай керіміңіз екен дә. «Нөл-три» жайлы кейінде «Шығарма» деген шығарма жазылған. Асылы «Ақтолғай» – өмірбаян тектес ғана дүние емес, сондай-ақ сөз зергерінің шиырлы шығармашылық зертханасы да. Күллі көркем дүниелер мен нақышты очерктердің де туу тарихы осы шығарма өн бойында алтын өзек боп тартылған. «Интернаттың баласы» повесінің Әмірханов ағай әлеміне қатысты екенін білесіз. «Ақ орамалды қыз» атты әңгіменің де қайдан туғанын бағамдайсыз. Жазушы шығармаларындағы бригадирлер прототипінің негізгі түп-тамыры – Еспенбетов Нысанбек сынды құдайға қараған, қайырымды жан екенін аңғарасыз.
Кітап соңына таман Оңтүстік өңірінің әкімдерінің тарихи-очерктік портреттері беріледі. Шіре-шіре шебер штрихтармен. Бұл да бір оңды нәрсе боп шыққан. Қаламгер оларды сырттан сезіп сыдыртпаған, қоян-қолтық қызметтес боп жүріп, іштен танып, таратып жазған. Бұл жерде жазушының шенуніктік өмірі де кәдеге көп жараған.
Марс Үркімбаевтың кезінде ішкі саясатты басқарған. Аяғынан қаз тұрғызған. Израйлден тамшылатып суғару дегенді әкелген әкім. Қ, ө, ұ, і, ә, ғ, ү әріптерін айтуға қиналған. З.Тұрысбеков кесене, күмбездерді көп салдырған. Кетерінде кейіпкерімізге: «Осы сіз үй мәселесін шеше алмадыңыз-ау», – деген. Б.Сапарбаев Шымкенттің өшкен шырағын қайта жаққан. Біздің кейіпкерімізге «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болмаққа ұсыныс жасаған. Кейіпкеріміз көнбеген. Себеп. Баяғы «Оңтүстіктегі» Әмірсейіт Әлиевтің кезіндегідей лаулаған өрттей «намысшыл» кезі емес-тін. Тағы бір себеп: жеке бас жан жарасы-тұғын. Жазылмаған. Шөкеев Шымкентті гүлдендірген… Әшімов Абайды жатқа оқыған. Сол Әшімовтің тұсында қаламгер Пайғамбар жасына жетіп, кезінде Б.Жылқышиев бастық қып тағайындаған тіл басқармасы мекемесінен мезі болыңқырап, «Егеменнің» оңтүстік өңірі бойынша арнаулы тілшісі боп кете барған. «Егеменнің» етженді президенті Сауытбек Абдрахмановтың бұйрығымен. Кітапта солай жазылған екен дә. Тәтеевтің кітабында емес. Тағдыр кітабында. «Лаухул маһфузда». Айтпақшы Б.Жылқышиев тұсында М.Шахановтың 60 жылдық керемет мерейтойы өткен. Өз көзіммен көргем. «Сантиметр» Қ.Ергөбек «мэтр» М.Шахановтың мерейтойын жүргізген. Сонда. (Бұл жолдардың авторының қалайда к.ф.н болмаққа бекініп, Шымкентке көшіп келген кезі-тін ол).
Әсілі бұл кісі ешқандай «топшылдыққа» кірмеген. «Таза сақтап бойымды, жүрдім жеке-ай…» девизі болған құсайды. Адамдардың «географиясына» емес, «биографиясына» көп қарағыштапты. Әйтпесе «Шымкенттің барына шүкір дейік» – деп жазбас еді. «Дат, қазақтар!» деп шырылдамас еді. «Дат, қазақтар» «Оян, қазақ» пен «Мен қазақтың» яки «Қалың елім, қазағым, қайран жұртымның» 2000 жылдардағы микро варианты ғой. Бұл орайда жазушы «бар қазақты Сырағаңша (Сырбай Мәуленов) жылап тұрып жақсы көруге, Ғафуша ғашық болуға, Баукеңдейін биіктеп көсегені көгертпекке» шақырады.
Сол қазақты жақсы көруінің арқасында Желтоқсанның ызғырық желі соққанда «Асқаровшинадан» аман қалған. «Советский писательге» сатылмаған. Себебі жазушы Захардин Қыстаубаев айтқандай бойында «бір уыс арамдық жағы тапшы болған». Кейбіреулер осы кезде Фигароның рөлін ойнамаққа талпынған…
Сонымен… З.Қабдолов демеген. Кеттебекпен кездескен. Сётаромен дерттенген. Сералиевпен шерленген. Василевке кектенген. Ақырында бәрібір М.Байғұт боп қалумен шектелген. Ең абзалы сол деген. М.Байғұтыңыз осы.
«Ақтолғай» солай сызылып барып бітеді… (Келестен шыққан Тоқаш Бердияровтай шайырыңыз айтпақшы «Оңтүстіктің алтын науат күзі бар, Жаңа түскен келіншектей сызылар» деп). «Оңтүстіктің» әр санын кеңестік дәуірдегі Қырғы базардай құж-құж қайнаған тіршілік ара-арасынан саңылау тауып, сыздықтатып оқып жүрдік. Біреуі қолға түссе, біреуі түспей қалып дегендей… Онда да өкінбедік. «Әй, бір кітап болып шығар… Сонда оқып алармыз» дегенбіз. Айтқандай газет бояуы құрғамай жатып кітап боп шықты. «Ақтолғай». Қазығұрттан. Кеме қалған емес, баспа «Қазығұрттан». Сыртында ауыздықпен алысқан – Қарагер. Айтып ек қой символ деп. Ақырында автордың «Алладан жарылқау, бақ-береке тілеп» жазған, автографы бар экземпляры қолға түсті. Артынан ежіктеп оқу. Кафедрада, дәрісханада, үйде… түзде. 65 автобус салонында. Бәрібір емес пе?
«Ақтолғай» – шырайлы аймақ Шымкенттің шерлі-шырын шежіресі боп шыққан екен. Көркем шежіресі… Артынан… Осы жолдар қағазға түспекке тіленіп, тыныштықты түрткілеген…
Айтып-айтпай не керек, «Ақтолғай» алабөтен шығарма екен.
Ақжол ҚАЛШАБЕК, фил. ғыл. кандидаты
«Оңтүстік Рабат», №5, 04.02.2015