18 жасында аудандық сотты басқарған

Жақында Ордабасы аудандық сотының ұйымдастыруымен 1941-1950 жылдары сот саласында қызмет еткен тыл ардагері Жамал Шойбековамен кездесу өтті.

Жамал апа 1924 жылы Арыс ауданында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде жас болғанына қарамастан, майдандағы әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарға араласқан. Ол 1942 жылы Ордабасы аудандық (бұрынғы Арыс аудандық №2 учаскелік соты) сотында хатшылық қызмет атқарып, 18 жасында басшылардың ұйғаруымен төрайымдық қызметке тағайындалған. Екі бөлмелі, есігі құлыптаулы аудандық сот ғимаратын басқару өз құзіретіне берілгенде жас қыздың бойын үрей билеген екен. Ел басына күн туғанда ер азаматтардың орнын жоқтатпай, аудандық сотта шама-шарқынша адал қызмет атқарып, жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан.

12-015

– Қазір жасым 91-де. Соғыс басталған кезде мен 17 жаста едім. Осылайша соғыстың өрті жастық шағымды шарпыды, – дейді апамыз. – Соғыс кезінде Қазақстан майданды киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Бала деп, жас деп ешкімді аяған жоқ. Колхозда барлық жұмысты әйелдер мен балалар атқарды. Жер жыртып, егін егіп, өндірген өнімді және мал бағып дайындаған ет пен сүтті майданға жөнелтіп отырдық. Тынымсыз еңбектің арқасында ғана жеңіске жететінімізді түсіндік.

Соғыс алдындағы жылдары ауылды сарып ауруы жайлады. Анам, кіші сіңлім және мен үшеуміз де ауырып, амал жоқ Шұбар ауылына көштік. Енді жазылдық дегенде соғыс бас-талды. Сол жылы әкем қайтыс болды…

Ол кезде мен ауылдағы мектеп интернатта аға пионервожатый едім. Жазғы демалыста балалар лагерьде демалып жатқан. Соғыс басталған жылы қасындағы 8 бала әскерге кетіп, 2 қыз қалдық. Содан 600 баланы аман-есен үйлеріне шығарып салдық. 1941 жылы 22 тамыз күні мені ауылдық кеңестің төрағасы Қалшаев шақырды. Барсам кабинетте мен танымайтын 2 кісі отыр екен. Төраға маған: «Қызым, жас болсаң да, аға пионервожатый жұмысын жақсы атқардың, ол еңбегіңе рахмет», – деп, қасындағы кісіні таныстырды. «Бұл кісі Айтымбетов Тілеулі, аудандық халық сотының Шұбардағы №2 учаскенің төрағасы. Ауылдағы сот жұмысына хатшы керек, соған сені лайық көріп отырмыз», – деді. Мен: «Білімім жоқ қой, қалай болады?» – дедім аңтарылып.

«Қорықпа, тек істі жазып отырсаң болды, оған сенің білімің жетеді», – деді.

Менің сот саласындағы алғашқы қадамым осылай бас-талып, сол жерде жеті ай хатшы болып істедім. Одан кейін соғысқа радист-байланысшы қызметіне дайындап жатқан 125 қыздың ішінде болдым. Алайда отбасы жағдайына байланысты 3 қыз ауылда қалдық.

Содан бір күні мені аудандық атқару коммитетінің бастығы Жұрынтаев шақыртып: «Қарағым, Жамал, ер кісілердің барлығы соғыста, сенің сотыңның есігі жабық тұр. Сол сотқа өзің иелік етесің, сотты өзіңе тапсырамыз, қабылдап ал да, жұмысқа кіріс», – деп тапсырма берді. Сонда мен:

«9 кластық білімім бар, қағаз жазуды білгеніммен, үкімді қалай шығарамын?», – дедім. «Облсоттағылар саған көмектесеміз деп жатыр, өзің істемесең болмайды, қарағым. Біз де көмектесеміз», – деді ол кісі.

Бір өзім, істі неден бастау-ды да білмеймін. Бар-жоғы жеті айлық тәжірибем ғана бар. Тәуекел деп іске кірісіп кеттім. Хатшы қыз бен бір сот орындаушы жігітті жұмысқа алдым. Сол кезде сотта жиналып қалған 6 адамның ісі бар екен. Оның ішінде үш адам қамауда. Бар білгенімді ойланып-толғанып, істі қарауға кірістім. 9 кластық біліммен үлкен топ құраған адамдардың қылмыстық істеріне үкім шығару оңай болған жоқ. Сотқа қатысып отырған прокурор мен қорғаушылардың неше түрлі талаптарына тез арада шешім айту қиынға соқты. Осы қиын сыннан қаймықпай тура жүріп өтуім өзіме үлкен сабақ болды. Үкім оқуға шықтым. Үкім бойынша қылмыстылардың жетекшісі 10 жылға кесіліп, мал-мүлкін конфискілеу белгіленгенін дауыстап оқи бастадым. Ал айыпкерлердің залда отырған туған-туыстары мен бала-шағасы жылап жатты. Сол сәтте менің де көзімнен еріксіз жас ағып, жылап тұрғанымды өзім де білмей қалыппын. Дегенмен, есімді жиып, қалғандарына тағайындалған жазаларды тез-тез оқып, сот отырысын жабық деп жария-ладым. Бірақ көзімнен жас тоқтамады. Қасымдағы прокурор: «Судья да жылай ма екен?» деді. Мен де жұлып алғандай: «Судьяны да ана туған ғой» деппін. Солай жылауық судья атанып кете жаздағаным бар, – дейді кешегі күнді еске алған Жамал апа.

Жамал апаны соғыс есейтті. Мұнан соң ол Арыстың №1 учаскесінде қызметін жалғастырып, одан кейін 1953 жылы Мақтаралда соттың төрайымы болады. Бірақ денсаулығына байланысты онда ұзақ қала алмай, Түркістанға қоныс аударып, аудандық прокуратурада еңбек етеді.

Айтпақшы, Жамал апамен кездесуге келгендер тыл ардагері есіктен енгенде «Тұрыңыздар, сот келеді!» деген дауыстан өре түрегелді. Бұл Жамал Шойбековаға деген құрмет еді. Бүгінде оның кеудесінде Кеңес үкіметі тарапынан берілген орден, медальдар жарқырайды. Жамал апамыз ұл-қызынан 100-ден астам немере, шөбере сүйіп отырған бақытты әже.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

ОҚО сот кеңсесі ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

«Оңтүстік Рабат», №12, 25.03.2015