Президенттік кәсіби «Астана» спорт клубының құрамындағы «Astana Arlans» және Польшаның «Rafako Hussars Poland» командалары арасындағы бүкіләлемдік бокс (WSB) сериясындағы бесінші маусымының кезекті матчы Шымкенттегі жеңіл атлетика спорт кешенінде наурыздың 14-і күні сағат 17:30 басталады.
Бүгін қос команданың боксшылары БАҚ өкілдерімен кездесіп, таразыға тартылды, салмақ өшесті. Бес жұптың да салмағы тиісті шектеуден аспады.
«Арландардың» қатарында Оңтүстіктің боксшысы Ержан Жомарт та бар. 21 жасар жерлесіміз команда сапында алғаш рет жұдырық түйістірмек.
Ержан Жомарт: «Арланның» қатарында бірінші рет рингке шыққалы жатырмын. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Өз алаңымызда өтіп жатқан жекпе-жектерде жеңіске жетуге міндеттімін деп ойлаймын.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=AvMgJHx2g7s[/youtube]
Шымкенттегі бокс кешін ең жеңіл 49 келі салмақтағы боксшылар ашып береді. Биылғы маусымда бұл салмақта «арландықтардың» намысын қорғайтын боксшылар аз емес. Осыған дейін ринг төріне Мардан Берікбаев пен Теміртас Жүсіпов шығып үлгерген. Енді 21 жастағы Ержан Жомарттың кезегі келді. Ол «Astana Arlansтың( құрамында алғаш рет жұдырық түйістірмек.
Оның қарсыласы Давид Ягодзиньский былтырғы маусымда Мардан Берікбаевқа жеңілген болатын. Жалпы, Ягодзиньский төрт жекпе-жек өткізіп, оның үшеуінде жеңіліс тапқан. Ал бұл кездесуде кімнің бағы жанарын ринг көрсетеді.
Турнирдің тоғызыншы апталық жекпе-жектеріне қазақстандық және польшалық С1 тобының боксышылары қатысады ( 46-49 кг, 56 кг, 64 кг, 75 кг и 91кг).
«Astana Arlans» «Rafako Hussars Poland»
49 кг — Ержан Жомарт (Қазақстан) 49 кг Jagodzinski Dawid Sebastian (POL)
56 кг — Тоитов Мейірболат (Қазақстан) 56 кг Kozlowski Sylwester Grzegorz (POL)
64 кг — Башенов Самат (Қазақстан) 64 кг Legowski Kazimierz Krzysztof (POL)
75 кг — Нұрсұлтанов Мейірім (Қазақстан) 75 кг Jablonski Tomasz (POL)
91 кг — Левит Василий (Қазақстан) 91 кг Jakubowski Igor Pawel (POL)
Аға бапкер – Марат Жақиев Аға бапкер – Zbigniew Raubo (POL)
Ержан Жомарт – 2013 жылғы жазғы Универсиаданың қола жүлдегері, Қазақстан чемпионатында екі рет ақтық сынға дейін жеткен (2013,2014).
Мейірболат Тоитов — «Astana Arlans» құрамындағы ең тәжірибелі боксшы. Ол 2013 жылы бүкіләлемдік бокс сериясында елордалықтармен бірге жеңіске жеткен болатын. Үшінші жыл қатарынан команда сапында. Биылғы маусымда екі кездесу өткізіп, оның екеуінде де жеңіске жетті.
56 келіде ринг төріне Мейірболат Тоитовпен Сильвестер Козловский шығады. Өткен жылы Мейірболат поляк спортшыларымен кездесуде Марек Петрущукты жеңген болатын. Петрущук биыл да жарысқа қатысуда. Тек бұл жолы Козловскимен ауысады. Сильвестер биылғы маусымда ол екі рет рингке шығып, бір рет қарсыласынан басым түсті.
Самат Башенов — команда капитаны, WSB чемпионы. Бесінші маусым қарсаңында 60 келіден 64 келіге ауысты. Биылғы маусымда екі рет жеңіске жетті.
Осылайша 64 келі салмақта «арландардың» капитаны Самат Башенов ел намысын қорғайды. Оның қарсыласы — Казимеж Леговский. Бұл салмақта поляк босшыларының көшбасшысы болып Дамиан Кивиор есептеледі. Ол өткен жылы командаластарын алға сүйреген болатын.
Биылғы маусымда Кивиор төрт кездесу өткізіп, соңғы сынақта жарақат алды. Нәтижесінде оны Леговский алмастырып отыр. Казимеж Башеновқа қарсы бірінші рет шығатын болады. Ал WSB-те екінші рет сынға түспек. Сол себепті бұл жекпе-жек қалай аяқталатыны сарапшылар үшін жұмбақ күйінде.
Мейірім Нұрсұлтанов биылғы маусымда 69 келіден 75 келіге жоғарылады. «Astana Arlans» санына WSB-дің төртінші маусымында келді. Бесінші маусымда үш жекпе-жек өткізіп, оның үшеуінде де жеңіске жетті.
Соңғы екі кездесу бокс кешіндегі ең тартысты жекпе-жек болмақ. 75 келі салмаққа дейінгі сынақта WSB-дің жекелей рейтингісінде үшінші орында тұрған қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов поляк командасының капитаны Томаш Яблонскиймен жұдырық түйістіреді.
«Rafako Hussars» капитаны бұл салмақтағы рейтингте көш бастап тұр. Яблонский төрт жекпе-жек өткізіп, оның төртеуінде де қарсыластарын тізе бүктірген. Доданың төртінші маусымында польшалық боксшы жеті кездесудің бесеуінде жеңіске жеткен. Сондай-ақ, ол қазақстандық Ерік Әлжановтан да ол басым түскен еді.
Василий Левит — «Astana Arlans» намысын екінші жыл қатарынан қорғап келеді және де екі жылдың ішінде бірде бір рет жеңілген емес. Бесінші маусымда төрт кездесуде жеңімпаз атанды.
Бокс кешінің соңғы жұбы — ауыр салмақтағы Василий Левит пен Игорь Якубовский. Польшалық боксшы 91 келідегі былғары қолғап шеберлері арасында көшбасшы саналса, Василий одан кейін тұр. Қос боксшы да биылғы маусымда жеңіліс көрмеген. Сол себепті бұл жекпе-жек қай боксшының мықты екенін анықтайды.
Польшаның «Rafako Hussars» командасы WSB сериясында биыл екінші жыл қатысуда. Былтыр олар алғаш рет топтық іріктеу барысында «Astana Arlans» командасымен кездескен. «Арландар» екі жақтың алаңында да поляктарды 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Ал биылғы маусымдағы алғашқы кездесуде «арландықтар» Польшада алаң қожайындарынан 3:2 есебімен басым түсті.
В тобында «Rafako Hussars» пен «Astana Arlansтан» бөлек тағы «USA Knockouts», «Puerto Rico Hurricanes», «Baku Fires», «Italia Thunder», «Argentina Condors» және «Caciques Venezuela» командалары бар.
Сегіз аптаны қорытындылай келгенде «Astana Arlans» өз тобында бірінші орында келеді. Қоржында 24 ұпай бар. Ал «Rafako Hussars» жетінші орында тұр.