Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын Бәйдібек халқы атшабарда атап өтті. Ұлттық ойынымызды дәріптеу мақсатында Алдабергеновтар отбасы көкпар беріп, шабандоздар салым салуда таласа тартысты. Наурызды тойлаудың 9 күндігіне сай Тағзым күнінде сарқырама ауылының тұрғындары өмірден өткендердің рухына құран бағыштап, ас берді.
Жомарт Алдабергенов, ұйымдастырушы: «Ұлыстың ұлы күні күні қарсаңында елге келіп, көптің батасын алсақ деген ниетпен көкпар өткізіп отырмыз. Наурыз құтты болсын!»
Бұл көкпарға Оңтүстіктің бірқатар аудандарынан шабандоздар арнайы келді. Жүзден аса көкпаршылар әр салымы үшін 5 мың теңгеден бастап қаржылай сыйға ие болды. Ал соңғы салымға темір тұлпар тігілді.
Алтынбек Төлеген, Төле би ауданынан келген көкпаршы: «Көкпар беріп отырған Қарабатырлардың ниеті мен батасы қабыл болсын! Көпшілік осылай көкпар бере берсін. Әдемі өтіп жатыр. Наурыз мейрамы құтты болсын!»
Әр ұлт өзге елдің алдында тілі мен мәдениетімен танылады. Олай болса жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастыратын ұлттық ойынымыздың дамуына үлес қосатын ер-азаматтар көп болып, ниеттері қабыл болсын!