Бәрі де тиын жинаудан басталған

Бес қабатты тұрғын үйдің үлкен көшеге қараған бетіне жапсарлас салынған дүңгіршектің маңдайындағы «Коллекционер» дүкені» жазуы айнала бой көтерген ағаш бұтақтардың тасасында қалып, анықтап қарамаған адамға байқала бермейді.

11-016

Анатолий Яганин, коллекционер:

– Мұндағы жиналған заттардың санынан жаңыламын. Неше зат бар екенін жобалап болса да айтып бере алмаймын. Тым көп. Қазір де әр күні хабарласып, өзінде бар көне заттарын өткізбек болғандар жетерлік. Затын алып келеді, қаншалықты құнды, тарихи екенін білу үшін жіті қарап шығамын. Содан кейін барып, бағасына келісіп, сатып аламын. Немесе өзімде бар басқа бір затпен алмастырамын. Мұндағы қор осылайша толығып отырады. Зергерлік әшекей заттарды жинау үшін ауыл-ауылдарды араладым. Облыс аумағында мен бармаған ауыл аз. Тоқырау жылдары кезінде жұртшылық қолында бар заттарын жайма базарға, көшеге шығарып сатты. Апа-әжелердің өз әшекей заттарын да сатуға қойғанын көрдім. Мұндай керемет зергерлік бұйымдарға қызығып, бір жағынан қадірі кетпесінші деп сатып алған кездерім болды.

Атауы тартымды дүкеннің қоңыр есігінен аттаған адамның көзіне алғаш болып сансыз фарфорлар, құмыралар, бүгінде пайдаланудан қалған ыдыс-аяқтар түседі. Оң жақ қапталды жағалай кітаптар, алуан-алуан кенеп суреттер қойылған. Тіпті, сазбалшықтан жасалған құмыралар да бар. Шеті кертілген, бүйірі тесілген құмыралардың арасынан бүтіндерін де табуға болады. Бұл дүкеннің төменгі қабаты, ауызғы бөлмесі.

Кіреберіс бөлмеден бес-алты сатылы баспалдақпен жоғары көтеріліп, екінші қабатқа өткен сәтте күмістен құйылған зергерлік бұйымдарды, классикалық үлгідегі қабырға сағаттарды, күміс сақиналар мен кәдесыйларды көресіз.

11-013

Уақыттың табы басылған, көнеліктің иісі шығатын екі бөлмені лықа толтырған бұл заттардың иесі, жинаушысы – Анатолий Иванович Яганин.

Бүгінде алпыс жасты алқымдаған коллекционер Анатолий Яганиннің осы бір әуес іспен айналысқанына қырық бес жылдан асыпты. Ұлтым – мордвин деп таныстырған Анатолий қарттың туған жері – Түлкібас ауданындағы бұрынғы Корниловка, қазіргі Жаскешу ауылы. Әке-шешесі 1936 жылы Ресейден сонда көшіп келген.

11-015

Анатолийдің түрлі тұрмыстық бұйымдарды, тарихи жәдігерлерді, археологиялық қазба заттарды жинауға деген әуестігі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары басталған. Түлкібастың құнарлы топырағын еміп, нанын айырып отырған отбасының баласы есігінің алдындағы бау-бақшадан тиын тауып алады. 1924 жылы шығарылған тиынды жуып, тазалайды. Міне, осыдан бастап нумизматикаға қызығып, хас нумизматқа айналып шыға келеді.

Бертін келе Ұлы Отан соғысында ерлігі үшін берілген медаль-марапаттарды жинауды бастайды. Одан кейін тұрмыстық фарфор заттар мен құмыралардың түр-түрін жинауға көшеді.

Коллекционер қарттың бүгіндегі басты байлығы, мақтанышы – зергерлік бұйымдар. Мұндағы күміс әшекей заттардың ең көнесі сонау XIX ғасырдың екінші жартысында жасалған. Қазақ зергерлерінің қолынан шыққан, XX ғасырда соғылған күміс әшекейлердің бір парасы жарты қабырғаны сықа толтырып тұр.

11-014

Бойжеткен қыз, жас келіншек тағатын мойын әшекейі – алқа, батыс пен оңтүстікте сақталып қалған – шекелік, тіл-көзден сақтайды деп мойынға ілетін тұмарша мен бойтұмар, қыз бұрымының ұшымен жалғасып, иесінің сыңғырлаған күлкісімен үйлесім тапқан шолпы мен шашбау, әйел баласының туғанынан бастап өмірінің соңына дейін тағып жүретін сырға сынды заттар жинақталған. Тіпті, бұрнағы жылдары тұтастай күміс қондырылған ерлер белбеуі де болған екен.

Өткен күндердің тағы бір белгісі – ескі құмыралар. Сазбалшықтан иленген құмыраларды Шардарадан алдыртқан. Бұл күндері пайдаға жаратудан қалған құмыраларды иесі де қимайды. Олармен бір қатарда XIX ғ. соңы мен XX ғ. басында өмір сүрген суретшілердің кенепке салған суреттері ілінген. Сол жылдардағы Оңтүстік Қазақстан аймағының табиғат сұлулығын бейнелеген, майлы бояумен салынған туындыларды облысымыздың түкпір-түкпірінен жинастырған.

11-012

Әлі күнге дейін тық-тық етіп, уақытты бедерлеген, қадым заманнан қалған қабырға сағаттары да қатар-қатар тізілген. Осылардың арасындағы ең құндысы – Le Roi De Paris сағаты. XIX ғасырда орыс қоныс аударушылары Оңтүстік Қазақстан жеріне әкелген бұл сағат уақыттан әсте жаңылып көрмепті. Мұндай сағат бүгінде ілуде бір кездеседі.

11-017

Анатолий Яганиннің Түркістанның 1500 жылдық мерейтойында, Дүниежүзі қазақтарының II құрылтайында көрмесі қойылған. Төлеби ауданы мен Шымкент қаласындағы бірнеше мектепте Ұлы Отан соғысы мүйісін жасақтауға қатысқан. Қазір де жәрмеңкелерге өз заттарын шығарып тұрады.

«Коллекционер» дүкені қаланың шетінде орналасқан. Білетіндері некен-саяқ. Барушысы аз. Өз пәтерінің екі бөлмесін көне заттарға толтырып, жұртқа ұсынып отыр. Бөлмелердің тарлығынан ондағы заттар бейберекет жайғастырылған.

11-011

Енді осы қолында бар керемет дүниелерін жалпы жұртшылыққа көрсету үшін қаланың орталығынан кең орын керек. Өткен ғасырдың басында тіршілік еткен қазақтардың әспетті әшекей заттарының қандай болғанын көріп, сырына қанығу үшін Анатолий Яганиннің иелігіндегі зергерлік бұйымдарды қаламыздағы мұражайлардың біріне шығаруды қолға алу қажет сияқты.

Жәнібек Нұрыш

«Оңтүстік Рабат», №11, 18.03.2015