Түркістан: 56 млн. теңгеге жөнделген мектепке оқушылар кіре алмай отыр

1

Жолбасшы ауылындағы жалғыз 300 орындық мектепте 600-ге жуық бала оқып жатыр. Жергілікті тұрғындардың сөзінше білім ордасының жанындағы қосымша ғимаратты күрделі жөндеуден өткізсе мәселе өз шешімін табар еді. Сонымен, құрылыс жұмыстарына бюджеттен 56 млн. теңге бөлінсе де неге оқушылар жаңа мектепке кіре алмай отыр?

Түркістан облысындағы 300 орынды мектепте 600-ге жуық бала оқып жатыр. Бұл Жолбасшы ауылындағы жалғыз білім ордасы. Жергілікті тұрғындардың сөзінше нысан жанындағы қосымша ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары ойдағыдай жасалса, мәселе шешімін табар еді. Алайда, 5 ай бұрын құрылыс жұмыстары аяқталған бұл ғимаратқа бастауыш сыныптың 100-ге жуық оқушысы әлі де кіре алмай отыр.

Мәккәм Ермекбаев, Жолбасшы ауылының тұрғыны: «Біз кіре алмай жатырмыз ғой. Соған көңіліміз толмай отыр. Мына 300 орындыққа бала сыймайды. 580 бала оқиды. Арзымайтын кемшіліктері қалған. Рақмет мемлекетке осыншалықты істеп берді. Бірақ ақырына келген кезде 31 желтоқсан 4 айдан бері аша алмай отырмыз»

Қазір бұл мектептегі балалар екі ауысыммен білім алып жатыр. Бұл қас қарайғанда үйіне қайтатын екінші ауысымдағы оқушылар үшін қиын. Себебі 2 жарым шақырым болатын облыстық маңызы бар жолдың жаяу жүргіншілерге арналған бөлігі жоқ. Сонымен қатар, көше бойында жарық шамдар да орнатылмаған.

Тасболат Әріпов, Жолбасшы ауылының тұрғыны: «Балаларды кейбір әке-шешелері, біз немерелерімізді жетектеп әкеліп, алып кетеміз осы жерге. Неге десеңіз жол тар, машина көп жүреді. Әйтеуір жол апаты болмасын, басқа болмасын деп балалардың тыныштығын ойлаймыз. Әкімшілікке, басқаға ауылымыздың биі айтып жатыр бәріне. Болады-болады деумен келе жатыр ғой»

Мектеп жанындағы бұл қосымша ғимарат өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған. Ескі ғимаратты қайта жаңғыртуға бюджеттен 56 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға мектептің қабырғалары сыланып, едені толық ауыстырылған. Сонымен қатар, ішкі электр желілері мен жылу жүйесі жаңартылған. Алайда, нысанды тапсырар кезде қасбеті бүлініп, сызат түскен. Сол себептен де қателікті жоюға білім бөлімінің өкілдері уақыт берген көрінеді.

Насыр Сманов, Келес аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
«Сөз туындамау үшін жылы кезде бізге жасап, істеп бересіз деп кепілдік хатын алдық. Сонымен қоса бұлардың кепілдік уақыттары да бар. 3 жылға дейін келіп істеп беретіндей. Біз келісімге келдік осы жұмыстарды жүргізіп бермеген жағдайда сотқа жүгінетінімізді ескертіп, хат бергенбіз»

Ал жауаптылар құрылыстың ұзаққа созылуы жобалық-сметалық құжаттаманың дұрыс жасалмауынан деп ақталды. Яғни, нысанның іргетасын нығайту жұмыстары ескерілмеген. Мердігер мекеме қателіктерді жойып, алдағы оқу жылына дейін нысанды тапсырамыз деп сендіріп отыр.