Бір мекемеде 14 ардагер бар

Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 26 жыл толды. Он жылға созылған соғыста талай жауынгердің ерлік танытқанын бүгінгі ұрпақ ұмытқан емес. Қолына қару алып, соғысқа аттанған кешегі жауынгерлер, бүгінгі ардагерлер ел есінде. Осы датаға орай Шымкенттегі «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясының қызметкерлері бейбіт өмірді көре алмаған қаруластарын еске алып, «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қойды.

07-002

Солардың бірі – Бақыт Қалдыкөзов 1995 жылдан бері «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясында еңбек етеді. Бүгінде ұжымда өзі секілді Ауған соғысына қатысқан 14 азамат бар екен. Олардың ең үлкені 57-де. 53 жастағы ардагер соғыс жылдарында ерекше еңбегі үшін «Қызыл жұлдыз» төсбелгісіне ие болған. Нақтырақ айтқанда, бұл төсбелгі майданда жүрген достарын ажалдан құтқарған еңбегі үшін табыс етілген.

07-003

 

Айта кетейік, 2238 күнге созылған Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мыңнан астам азамат аттанған. Оның 2 мыңнан астамы оңтүстіктің жігіттері.

07-001

 

– Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бар. Бүгін қаруластарымыздың рухына тағзым етіп келіп отырмыз. Тек бүгін емес, ол азаматтар ешқашан ел есінен кетпейді. Қиын да соқпағы ауыр заманда қолына қару алып, жауға қарсы шайқасқандардың көбінің арамызда жоғы өкінішті-ақ. Арада жүрген майдангерлерге мемлекет тарапы көмек көрсетіп отыр. Ай сайын ақшалай жәрдемақы да алып тұрамыз. Тек соғыс салдарынан денсаулығына нұқсан келіп, мүмкіндігі шектеулі жанға айналған жауынгерлерімізге жіті көңіл бөлінсе деген тілек бар. Өзім қызмет ететін мекеме басшылығы Ауған соғысының ардагерлерін естен шығарған емес. Жыл сайын сыйлықтар мен 3 күндік демалыс беріледі. Мұны ардагерлерге деген ерекше құрмет деп түсінемін. Осы ретте компания басшылығына алғысымды айтамын, – дейді «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясындағы Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Қалдыкөзов.

Жансая Тәуекелқызы

Суреттер автордыкі

«Оңтүстік Рабат», №7, 18.02.2015