Иттің жақсысы – тазы

Таяуда ғана қаламызда қазақы құмай тазыларының облыстық байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты – қазақ тазысының тұқымын сақтап қалу, санын арттыру және Халықаралық кинология қауымдастығының (FCI) алдында осындай тұқымның бар екенін дәлелдеп, мойындату.

10-023

«Қансонар» республикалық қауымдастығының облысымыздағы өкілдігі ұйымдастырған байқауға 40-тан астам тазы иттері әкелінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өңіріміздегі «Қазақ тазысы» тұқымды иттердің саны бұдан әлдеқайда көп. Алғаш рет өткізіліп отырғандықтан тазы ұстаушылардың бәріне хабар жетпегені, дені ауылды жерде тұратындықтан, жолдың қашықтығынан келе алмай қалғандары бар.

Әйткенмен, осы 40 иттің арасындағы тек 24-і «Қазақ тазысы» тұқымына лайық деп танылды. Қалғандары қазақ тазысы тұқымының сипаттамаларына сай келмеді. Іріктеуден өткен қазақ тазылары өз ішінен тағы үш санатқа жіктелді.

10-020

8 қазақ тазысына «келешегі зор», 10 тазыға «келешегі үлкен», ал алтауына «келешегі нашар» деген баға берілді. Қазақ тазыларын бұлай жіктеудің мәні: мейлінше асыл тұқымды қазақ тазыларын анықтап, олардың басқа тұқымдармен ұйысуын болдырмау, өзара шағылыстырып, қазақ тазысының тұқымын асылдандыру, қазақ тазыларының жалпы дерек қорын жасақтау болып отыр.

«Қазақ тазысы» тұқымы халықаралық федерация тарапынан мойындалмағанымен, ҚР Ауыл-шаруашылығы министрлігімен бекітілген «Ұлттық ит тұқымдарын бонитировкалау жөніндегі нұсқаулықта «Қазақ тазысы» тұқымының стандарты жазылған.

10-019

Стандартта «Қазақ тазысы тұқымының сыртқы сипаты – орта ғана немесе ортадан жоғары бойы бар, мығым құрғақ денелі ит. Еркек иттердің шоқтығы бойынша биіктігі 60-70 см. Ұрғашылары – 55-65 см. Кермелік индексі 103-ке жуық. Терісі жұқа, жылтыр, бүктемелері жоқ, бұлшық еті жақсы дамыған, әсіресе мықыны бұлшық етті» деп, көрсетілген.

Ал, Б.Хинаят, Қ.М. Исабековтің қосавторлығымен жарық көрген «Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы» кітабында: Тазыларды тұқымына қарай қазақтар құмай, құмай тазы; таза қандылығы мен түгіне қарай: құны, құны тазы; будандасқан болса: дүрегей, дүрегей тазы, қайын, қайын қаптал түрлеріне бөлетінін айтады.

10-025

«Аттың жақсысы – бозы, иттің жақсысы – тазы» демекші, қазақ аңыз-әпсаналарында тазыны қыран құстың жұмыртқасынан шыққан деп есептейді. Халқымызда: «Қыран құмай екi жұмыртқа табады, бiрi — құс құмай, екiншiсi — құмай тазы» дейтін сөз бар. Сонау құздың ұшар басына, адам аяғы жетпес қияға ұясын салатын қыран құмайдың жұмыртқасынан жарып шыққан құмай тазыны қолға түсіруге жігіттің кіл мықтысы ғана шыдас береді. Құмай тазы ұстаған қазақтың мерейі тасып, байлығы шалқып, дәурені дүрілдейді, деп біледі.

Бұл аңыздың шығуына, қазақ тазысының алғырлығы, тектілігі мен әркімге біте бермес жаратылыс екендігі себеп болса керек-ті. Қазақ төріне шығарған жалғыз ит тұқымы, осы құмай тазы. Қашқан қоян-түлкіні қалт жібермейтін, алғыры ақбөкен алатын, қажет десе қабан қуатын, мықтысы қасқырдан тайсалмайтын құмай тазыға сұраныс мол.

10-021

Құмай тазыны иемденуге қазақпен қатар, түрікмендер, түріктер мен ресейліктер де таласып жүр. Әрқайсысы да құмай тазыны ұлттық тұқым ретінде тіркетуге, өздеріне теліп кетуге асық.

10-024

Дмитрий Вагнер, қазақ құмай тазысын өсіруші:

– Мұндай байқауларды жиі өткізу қажет. Өйткені, осындай шаралар кезінде қазақ тазысын өсіретіндер бір-бірімен танысып, араласып байланысады. Қазір таза асылтұқымды қазақ тазысын табу қиындап кетті. Саны азайып барады. Қазақ тазысына деген сұраныс жоғары. Білетінім, мысалы, мына Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы аңшылар арасында осы қазақ тазысы өте танымал. Олар қазақ тазысына қатты қызығады. Жиі-жиі монотұқымды көрмелер өткізіп тұрады. Сондықтан да біздер қазақ тазысын өз еліміздің атынан тіркетуге асығуымыз қажет.

Ал, жаңа бір ит тұқымын тіркетудің шаруасы шаш-етектен. Алдымен, осы тұқымның тұтас бір шығу тегіне қатысты дерек жинақталады. Арнайы белгіленген стандартқа сай келетін қазақ тазыларының базасы жасалады.

«Қансонар» республикалық қауымдастығы ОҚО өкілдігінің директоры, Рахат Олжабайұлының сөзінше, Оңтүстікте қазақ құмай тазыларының саны өзге облыстармен салыстырғанда артық. Асылтұқымды, қаны мейлінше таза. Созақ, Отырар аудандарынан қазақ тазыларының күшіктерін сатып алып жатқандар жетерлік.

10-022

Талай жылдардан бері тазы ұстап, аңға салып, сауық құрып келе жатқан қазақтың бірі, Дүйсен Сүлейменов. Оның Сұңқар атты тазысының сырт бітімі, жүріс-тұрысы, өзін ұстауы, сынды критерийлерінің барлығы жиналып келіп, «қазақ тазысы» тұқымы деген атауға лайық деп танылды. Құмай тазыға «Үздік» деген баға берілді. Аталық Сұңқардың тұқымын алуға тілек білдірушілер көп.

Осы байқауға өз тазысын алып келгендердің арасында шымкенттік Дмитрий Вагнер де бар. Ұлты неміс Дмитрийдің Юта атты қазақ тазысы Ресейде туған. Сол жақтан әкелінген екен.

Қазақ тазыларын іріктеу байқауы наурыз айының соңына дейін жалғасады. Содан кейін 4-сәуірде «Қансонардың» облыстық өкілдігінде қазақ құмай тазыларының көрмесі болады. Сол уақытқа дейін көрмеге қатысуға жіберілетін қазақ құмай тазыларын анықтау, тіркету жүргізіледі.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №10, 11.03.2015