Шымкенттік оқушылар қорғансыз жануарларға қамқорлық көрсетті

31

Шымкенттік оқушылар қаладағы қаңғыбас ит пен мысықтар орналасқан ғимаратқа барды. Үй-күйсіз жануарлар баспанасын аралаған шәкірттер, ондағы төрт аяқтыларға қамқорлық көрсетті.

Шымкенттік балақайлар қаңғыбас ит пен мысықтардың баспанасына барып, қайырымдылықпен айналысты. Олар нан, макарон өнімі мен арнайы тамақтар әкеліп, қараусыз қалған жануарларға қамқорлық көрсетті. 4 сынып оқушылары мұндағы иттердің ерекше екенін айтады.

«Біз иттерге тамақ алып келдік. Олар сыртқа шығып ойнайды екен. Иттер маған ұнайды. Маған мына жақта тұрған ақ ит ұнады. Әдемі екен», – дейді 4 сынып оқушысы Інжу Әбдіоқап.

«Біз иттерге тамақ беріп жатырмыз. Бізге осында келіп, жануарларға қамқорлық көрсеткен қатты ұнады. Мына жақта иттер өте әдемі екен», – 4 сынып оқушысы Бекасыл Үсен. 

Қорғансыз жануарларды көріп, қамқорлық көрсетуге 40 шақты бала келді. Жетекшісі бұл шара балалардың жануарларға деген мейірімін арттырып, олардың қоршаған ортаны ерекше бағалауына септігін тигізетінін айтады.

«Бүгін 4 сынып оқушыларын осында алып келіп, өзіміздің көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Мұның басты мақсаты, балалардың қоршаған орта мен жануарларға деген мейірімін ояту. Біздің іс-шарамыз өзіндік мақсатына жетті деген ойламыз. Себебі балаларға бұл жер ұнап жатыр», – дейді сынып жетекшісі Айжан Есімбекова.

Бұл баспананың ашылғанына 5 жылдай уақыт болды. Осы аралықта қайырымды жандар далада қалған иттер мен мысықтарды әкеліп, бас көз болып отыр. Қазір мұнда 47 ит пен 21 мысық бар.