Оңтүстікте жалақы қарызы толығымен өтелді

269
Шымкент қаласындағы «Механомонтаж» ЖШС ғимараты

Оңтүстікте еңбеккерлерінің жалақысын кешеуілдеткен кәсіпорындар қарызынан толығымен құтылды. Бұл жөнінде облыcтық еңбек инспекциясы басқармасының басшылығы мәлімдеді. Айтуларынша, өткен жылы 47 мекеме қызметкерлеріне 252 млн. теңге берешек болған. Тіпті, сол қарыздың 3 млн. теңгеге жуығы әлі күнге төленбей келген еді.

Қарызға белшесінен батқан мекемелер арасында қаламыздағы “Механомонтаж” құрылыс компаниясы, «Южполиметалл» кәсіпорны мен Мақтаарал ауданындағы балабақшалар көш бастап тұрған. Енді еңбеккерлеріне жалақы төлеуге қауқарсыз мекемелерден қаржы мәжбүрлі түрде сот орындаушылар көмегімен өндіріліп алыныпты. Айта кетейік, бүгінде Оңтүстікте шағын және орта кәсіпорындар саны 127 мыңнан асып отыр. Ал заңды тұлғалар сапында 30 мыңдай кәсіпорын бар.

Бастар Есқараев, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы: «Жаңа жылдан бастап 8 мекемеден 52 млн. теңге жалақы қарызды анықтадық. Ал наурыз айының 2-ші жұлдызында қарыздың барлығы толық жойылып отыр. Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл көрсеткіштің тұрақтамауы да мүмкін. Алдағы уақытта да берешегі бар мекемелермен біз күнделікті жұмыс жасап, қарыздарды жою үшін қызмет етеміз.»