31 наурыз күні Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Италияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньянмен кездесті. Италияның ресми өкілі С.Раваньян мырза қос ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнатылғанын айта отырып, осы жылдар шінде Италия мен Қазақстанның экономикалық байланыстары қарқын алғанын мәлімдеді.
Қазақстан мен Италия мемлекеттері басшыларының пәрменімен өзара сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі жетілдіру бағытында өндірістік және экономикалық әріптестік пен тәжірибе алмасу жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы құрылып, Қазақстан мен Италияның іскерлік кеңесінің негізі қаланған. Қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі жыл сайын 16 млрд. АҚШ долларынан асып отыр.
Осы мәліметтерді жеткізген елші қазақстандық және итальяндық кәсіпкерлер мұнай, пайдалы қазбалар, халық тұтыну тауарлары, өндіріске қажетті машиналар мен құрылғылар, астық өнімдері секілді тауарларды жеткізуде әріптестік орнатқанына тоқталды. Осы бағытта халқы көп шоғырланған Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі екеніне көңіл бөліп, түрлі салаларда кәсіпкерлік жобаларды бірлесе жүзеге асырудың тиімді тұстары жетерлік деп бағалады.
Италия елшісі биылдың мамыр айында Милан қаласында ЕХРО-2015 көрмесі өтетінін мәлімдеп, оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді осы халықаралық шараға белсене атсалысуға шақырды. Туризм саласында да екі ел кәсіпкерлері бірлесе атқаратын мүмкіндіктерге назар аударды.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Оңтүстіктің экономикалық әлеуетіне жоғары баға берген мәртебелі мейманға алғыс білдірді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жетекшілігімен еліміздің инвестициялық ахуалы жылдан-жылға артып отырғанын жеткізді.
Бүгіннің өзінде Қазақстанда итальяндық инвесторлармен бірлесе пайдалы қазбалар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және техникалар шығару, жеңіл өнеркәсіп, энергетика, құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы тың жобалар табысты іске асып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысында итальяндық «ItalcementGroup» компаниясы цемент өндіру ісін қолға алғаны тағы бар.
2013 жылы облыс кәсіпкерлері Европа елдеріне роуд-шоу жасап, соның нәтижесінде 12 меморандумға қол жеткізді деп мәлімдеді өңір басшысы. Соның ішінде ортақ келісімдердің бірі — «ItalcementGroup» компаниясының цемент зауытын қайта жаңғыртудан өткізу жобасы. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар қолға алынып, цемент өндіруде инновациялық нано-және биотехнологияларды қолдану бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Асқар Исабекұлы Оңтүстік өңірі инвестиция тартуға қолайлы аймақ екенін айта отырып, итальяндық кәсіпкерлерді ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, заманауи құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды шығару, инновациялық жобаларды іске асыру бағыттарында тың әдістер мен жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Облыс әкімдігі өзара тиімді болатын бастамаларға қолдау көрсетуге қашан да дайын екенін мәлімдеп, оңтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің Миланда өтетін ЕХРО көрмесіне қатысуына барынша қолдау көрсететініне сенім білдірді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі