Қазақстан премьер-лигасының командалары арасындағы ел чемпионатының екінші тур ойыны ордабасылықтар үшін сәтті аяқталды. Теміртау қаласында матчтың 80-минутында Еркебұлан Тұңғышбаев есепті ашып, команданы жеңіске жетеледі. Қалған 20 минут ішінде алаң қожайындары есепті теңестіруге тырысқанымен нәтиже болмады — үш ұпай шымкенттіктердің қоржынында.
Бұл матч басталмас бұрын Оңтүстіктің командасы бірқатар қиындықтарға тап болған еді. «Шахтер» мен «Ордабасы» арасындағы кездесу бір сағатқа кейінге шегерілді. Ауа райының қолайсыз болуына байланысты Астанадан Теміртауға апаратын тасжол біраз уақытқа көлік қозғалысы үшін жабылған. Оңтүстіктің командасы мінген автобус екі рет тоқтатылып, жерлестеріміз жол үстінде кідіріп қалды. Нәтижесінде Теміртаудың стадионына жоспарланған матч сағат 16:00-де басталды.
Естеріңізге салайық, «Ордабасы» футбол командасы наурыздың жетісі күні өз алаңында «Ертісті» қабылдап, 1-1 есебімен тең түскен болатын.