Өткен ғасырдың 30-40 жылдарында қазақ жеріне депортацияланған ұлттардың қатарындағы бір шоғыр ел – поляктар. Украинаның Польшамен шекаралас облыстарындағы поляктарды Қазақстанға көшіру әрекеті 1936 жылы басталып, 1942 жылға дейін жалғасты. Кейбір деректер кеңес билігінің қырына ілінген поляктарды күштеп қоныс аударту ісі 1931-1949 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүргізілгенін айтады.
Репрессия жылдарының Сталин мақұлдаған құжаттары: поляктарды құтты мекенінен Сібір мен Қазақстанға жер аударуға олардың қоныстанған аумағы және кеңестік идеологияны қабылдамағаны себеп дегенді жазады. КСРО-ның батыс шекарасын нығайтып, «Сталин сызығы» деген атаумен белгілі фортификацияланған нысандарды салу кезінде шекаралас аймақтардағы халықтарды ішкі аудандарға жіберу жоспары қатар орындалды. Поляктардың ұжымдық шаруашылық құруға ықылас танытпауы, кеңестендіруге көндікпеуі, өзінің ұлттық-діни болмысын сақтауға тырысуы, реті келсе Польшаға көшуге бейім тұратыны оларды жаппай депортациялауға түрткі болды.
Украинаның Житомир, Волынь, Киев, Винница, Хмельницкий және тағы басқа облыстарындағы поляктарды қазақтың ұлан-асыр даласына жөнелтудің ірі-ірі екі оқиғасы 1936 жылдың мамыр-маусым және қыркүйек айларында ұйымдастырылды. Бір тәулікте апыл-ғұпыл жолға әзірлеп, әй-шайға қарамастан эшелондарға тығып, үш апта ішінде Солтүстік Қазақстаннан бір-ақ шығарды.
Екіншісі – 1939-1941 жылдарға сәйкес келеді. Осы жылдары КСРО құрамына Батыс Украина мен Батыс Белоруссия толықтай кірді. Мұндағы кеңес билігіне жақпаған ұлттарды 1940 жылы Қазақстанның Талдықорған, Алматы, Жамбыл, Ақмола, Павлодар облыстарына қоныстандырды.
1936 жылдың күзінде Украинаның Хмельницкий облысынан Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауылына депортацияланған поляк отбасыларының қатарында Белошицкий әулеті де бар. Осы әулеттің ұрпақтарының бірі — Шымкентте тұратын Елена Евгеньевна Белошицкая. Оңтүстіктің тумасы Еленаның айтуынша, атасы Феликс Белошицкий мен әжесі Христина Белошицкая күздің қара суығында қолдарына ұстаған бір ғана түйіншектерімен Тайынша ауылына келіп түседі. Өңменінен өткен ызғарлы күндерде тоңы қата бастаған жерді қазып, жертөле жасайды. Ішерге асы жоқ отбасыға сонда Тайыншаның қазақтары көмек береді. Балық аулаған қазақтар өздерінің олжаларын поляк отбасымен бөліседі. Осылайша, әп-сәтте бөгде ел, жат жерге тап болған Белошицкий отбасы қазақтардың жәрдемімен қыстан аман шығады. Бірақ, өздерімен бірге келген үш қызынан мәңгіге айырылады.
Украинаның орманды алқабынан жер аударылған әулет Тайыншаның жапан даласында ғұмыр кешіп, ұрпақ өрбітеді. Үш ұл бала дүниеге келеді. Бір ұлдары Евгений Алматыда жоғары оқу орнын тәмамдап, 1966 жылы жолдамамен Шымкентке жұмыс істеуге жіберіледі. Шымкентте жүріп Жамбылға депортацияланған еврей әулетінің Анна есімді қызымен танысып, отбасын құрады. Екі қыз, бір ұл бала сүйеді. Евгений Белошицкийдің өзі қазір Ресейде тұрады. Ал, Еленаның әпкесі осыдан жеті жыл бұрын Польшаға көшіп кеткен. Ағасы да Шымкентте.
Елена Белошицкая, ОҚО поляк этномәдени орталығының төрайымы:
– Біздің орталық 1997 жылы құрылды. 1999 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша облысымызда 2500 шамасында поляк болса, бүгінде 500-дейі ғана қалды. Жастардың дені Польшаға кеткендіктен, олардың басым бөлігін қарттар мен жас балалар құрайды. Вокалды-аспапты рок топ құрылған. «Варшавианка» атты би тобымыз жұмыс істейді. Жексенбілік мектепте поляк тілін үйретеді. Басқа ұлт өкілдері, мысалы қазақтар Польшаға оқуға баруды жоспарлап, поляк тілін үйренбек болса, онда біздің орталықтың есігі әрдайым ашық.
Поляктардың Қазақстаннан өз тарихи отандарына оралуын үш кезеңге бөлеміз. Бірінші кезең, өткен ғасырдың 90-жылдарында жүрді. Қазақстандағы тоқырау жылдарында тарихи отандары оралуға мүмкіндік жасаған неміс, еврей, поляк ұлттары Қазақстаннан үдере көшті.
Екінші кезең, 2000 жылдары еді. Польша Республикасы «Репатриация туралы» заң қабылдап, тарихи отанына оралушыларға жасалатын жеңілдіктерді ресми бекітті. Сол кезде поляктардың Қазақстаннан көшуі қарқынды болмаса да айтарлықтай жүрді.
Үшінші кезеңге қазіргі поляк жастарының кетуін жатқызады. Бірақ, соңғы уақыттары олардың Қазақстаннан кетуі саябырсыған.
Жалпы, Польша үкіметі шетелдегі поляктарға көмек қолын созып, жәрдем береді. Мысалы, Қазақстандағы қарт поляктарға көмір, отын, дәрі-дәрмек алуға ақша бөледі. Шеттегі поляктардың Польшаға келуіне, туған-туыстарымен кездесуіне жағдай жасайды. Егер кімде-кім «өз тарихи отанына ораламын» десе, онда оған Польшаға көшіп келген соң үй беріліп, жұмыспен қамтамасыз етіледі, материалдық көмек көрсетіліп, балалары балабақшаға орналастырылады. Бірақ, бұл үшін өз ұлтының поляк екенін, бұрын репрессияға ілініп, депортацияланғанын құжат түрінде дәлелдеуі керек. Сонда ғана жоғарыда аталған көмектерге қол жеткізеді.
Поляктар – бейбітсүйгіш халық. Осы күнде елімізде 45 мыңға тарта өкілі тұрады. Статистикалық деректерде поляктардың саны 35 мың деп көрсетілген. Бірақ, нақты саны бұдан әлдеқайда көп. Өйткені, КСРО заманында көптеген поляктар өздерін басқа ұлт ретінде көрсеткен. Оған кеңес заманындағы билік тарапынан поляктарға деген оң көзқарастың болмауы себеп. Сондықтан да көбісі қазір өздерінің шын ұлттарын айғақтайтын құжат түріндегі дәлелдері жоқ. Осы уақытқа дейін Қазақстандағы поляктардың қатысуымен бірде-бір этносаралық келіспеушілік болмаған.
Жәнібек НҰРЫШ
«Оңтүстік Рабат», №11, 18.03.2015