Президент сайлауын өткізуге келгенде Оңтүстік жұртшылығы белсенділік танытып отыр. Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының мамандары осылай дейді. Сауалнама саяси оқиғаға деген халықтың көзқарасын айқындап берді.
Орталық қызметкерлері 18 жастан жоғары облыстың барлық аудан-қалаларында тұратын әртүрлі ұлт өкілдерінен 1600-ден астам тұрғынға сұрау салған. Қорытындылар сайлаудың қоғамдық-саяси ақуалға оң әсері болатынын аңғартады. Қатысушылардың 96,4 пайызы сайлау туралы бастама дәл мерзімінде көтерілді деп санайды.
Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы 2015 жылдың 26 сәуірінде өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған үндеуі барысында жария етті.
Зерттеу қорытындылары Президент сайлауына тұрғындардың белсенділігі өте жоғары екенін көрсетіп отыр. Сауалнамаға қатысқандардың 85,1 пайызы міндетті түрде дауыс беруге баратынын айтса, 10,5 пайызы дауыс беруге қатысуы мүмкін екенін алға тартқан. Ал респонденттердің 4,4 пайызы саяси оқиғадан қалыс қалуы мүмкін екенін жасырмады.