Шымкентте «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы басталды

542

«Ардагерлерді ардақтайық». Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қаламызда осындай тақырыптағы акция бастауын алды. Шарапаты мол шара аясында қала билігі мен мәслихаттың бірқатар депутаттары соғыс және тыл ардагерлерінің үйін аралап, жағдайларымен танысып жатыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TqzOHL9HXKA[/youtube]

Тыл ардагері Бибігүл Жұмағұлова әлі күнге шаруадан қол үзбеген. Қолы қалт ете қалса болды ине-жібін ала тігінге отырады. Инені өзі сабақтап, мың көркем өрнектелген кестені де тоқиды. Жалғызілікті кейуананың жанына жұбанышы — қолөнер. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның ел басына күн туған заманда мұндай жұмыстардың ауыр жеңілін таңдауға мұршасы да болмаған.

Бибігүл Жұмағұлова, тыл ардагері: «Жасымнан жетім қалдым, балалар үйінде тәрбилендім. Кейінірек педагогикалық оқу орнына түстім, оны тәмамдамай жатып диплом берді. Себебі ол жылдары соғыс басталып кетті, небәрі 17 жасымда мұғалім болдым. Кішкентай болып алып, мектеп басқарған едім. Мұның барлығы да көз алдымда.»

Бибігүл Жұмағұлова
Бибігүл Жұмағұлова

Ардагердің ерен еңбегі еленді. Қала әкімдігінің өкілдері мен мәслихаттың бірқатар дептутаттары тыл ардагерін үйіне арнайы іздеп келді. Жағдайымен танысты. Алдағы мерекемен құттықтап, сый-сыяпатын табыстады. Ал қария да қонақтарға өзінің қолөнер еңбектерін таныстырды.

Нұрлан Бекназаров, қалалық мәслихаттың хатшысы: «Бибігүл әжейге келген кезде теледидары кішкентай екенін байқап кеткенбіз. Бүгін үлкен теледидарды тарту еттік. Енді өзге де қариялардың тұрмыстық жағдайларына қарап, керек-жарағын алып береміз. Бұл сыйлықтар бір күндік емес, Елбасының тапсырмасы бойынша әрбір қарттың, ардагердің материалдық жағдайын тікелей бақылауда ұстаймыз.»

«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы 9 мамыр Жеңіс күні мерекесіне дейін жалғаспақ. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 185 соғыс ардагері мен 6000-нан аса тыл еңбеккері бар. Оның 15-і — жалғызілікті қариялар.