Шымкенттік бокс жанкүйері Геннадий Головкинді пір тұтамын деп, көлігіне жалған нөмір жасап алған. Сөйтіп, оған қазақстандық былғары қолғап шеберінің аты-жөнінің бас әріптерін жазып қойыпты. Бұған қоса бас-аяғы бір сағаттың ішінде куәліксіз көлік басқарған 40 жүргізуші ұсталды. Мұның барлығы — Шымкентте өткен рейдтің нәтижесі.
Полиция қызметкерлері Қонаев даңғылын тұтасымен жауып алып, жүргізушілерді тексеріп жатыр. Шымкенттегі рейдті қалалық ішкі істер басқармасының басшысы Данияр Мейірханның өзі басқаруда. Бір сағаттың ішінде 40-қа жуық тәртіп бұзу фактісі тіркелді. Солардың көбісі — көлікті тиісті куәліксіз басқарғандар.
Дидар Омаров, Шымкент ҚІІБ ЖПП полкының взвод командирі: «Қазір облыстық ішкі істер департаменті мен қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері Қонаев даңғылының бойында жұмыс істеп жатырмыз. Бір сағаттың ішінде Қазақстан Республкиасы әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодекстің 612-бабын бұзған азаматтар анықталып, 40 көлік ақылы айып тұрағына қойылды.»
Рейд барысында тек жүргізуші куәлігін ұмыт қалдырғандар ғана кездескен жоқ. Жеке күзет агенттігіне тиесілі көліктің жүргізушісі қауіпсіздік белбеуін тағынбапты. Оған қоса арнайы жарық белгісін алуға мәжбүр болды. Ал жол талғамайтын тағы бір көлікті басқарған азамат алдыңғы терезесін күңгірттеп алыпты. Онысын мойындап, жапсырманы сол жерде алып тастады.
Осы сәтте тәртіп сақшылары ерекше мемлекеттік нөмір тағылған көлікті байқап қалады. Ол абыр-сабырда көліктердің арасынан өтіп кеткен. Дереу нөмірі күдік туғызған көлікке іздеу салынады.
[youtube]http://youtu.be/nQWTMB8qbMg[/youtube]
Арада 5 минут өтпей жатып Киа маркалы көлік Рысқұлов даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысында тоқтатылды. Оны № 720 автоэкипаж мүшелері байқап қалыпты. Көліктің рөліндегі жас жігіт нөмірдің заңды түрде шыққанын күтпей, асығыс жасатып алдым деп ақталды.
[youtube]http://youtu.be/bhefx4HEhVs[/youtube]
Полиция қызметкерлері ақ түсті көлікті ақылы айып тұрағына жеткіземіз деп шешті. Қазір осы оқиға бойынша тексеру амалдары жалғасуда.
Айта кету керек, 2013 жылы Шымкентте жалған нөмірді көлігіне тағып жүрген жүргізуші ұсталған болатын.
Бұл рейд республика аумағында өтіп жатыр. Облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы осылай деп мәлімдеді. 17 наурыздан 19-на дейінгі аралықтағы үш күн бойы тәртіп сақшылары күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, заң бұзушыларды анықтайды. Кінәлі азаматтар қатаң жазаланады дейді құқық қорғаушылар.