Бүкіл әлемдік бокс сериясының (WBS) бесінші кезеңіндегі тоғызыншы жекпе-жек Шымкентте өтті. Астананың «арландары» Польшаның «гусарларымен» кездесіп, бес боксшымыздың да мерейі үстем болды. Естеріңізде болса, осыған дейін де бұл командамен отандастарымыз жұдырық түйістірген болатын. Алайда, ол кезде есеп бүгінгідей 5:0 болмаған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ewOVdUyf2RE[/youtube]
Бокс кешінде алғашқы болып ринг төріне шымкенттік Ержан Жомарт пен Давид Ягодзиньский шықты. Жекпе-жек бес раундқа жалғасты. Кездесудің бірінші минутынан бастап-ақ 21 жастағы жерлесіміз тізгінді қолға алды. Тіпті, бесінші раундқа жеткенде Ержанның шаршағаны байқалса да қарсыласын жұдырықтың астына алуға тырысты. Оның үстіне Оңтүстік жанкүйерлерінің қолдауы да өз үлесін қосқаны даусыз.
Ержан Жомарт: «Бұл — менің «арландықтардың» қатарындағы алғашқы жекпе-жегім. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Давид оңай қарсылас болмай шықты. Дегенмен, сәттілік менің жағымда болды. Қолдау көрсеткені үшін жерлестеріме алғысымды білдіремін!»
56 келі салмақта сынға түскен Мейірболат Тоитовтың қарсыласы Сильвестер Козловский епті боксшы екенін алғашқы екі раундта-ақ байқатты. Үшінші кезеңге келгенде отандасымыздың шаршағандай болғанымен, төреші Астана «арланының» қолын көтерді. Жалпы есеп — 2:0
«Арландардың» капитаны Самат Башеновтың қарсыласын техникалық нокаутқа жібереді деп жанкүйерлер күтпеген болатын. Алайда, кездесудің тең ортасында поляк Казимеж Леговскийдің жеңілгені анық байқалды. Шаршап-шалдыққан шетелдік спортшы алғашында тайып құласа, кейіннен нокдаун да алды. Дегенмен, бесінші раундқа дейін жетті. Тек соңғы минуттарға дейін шыдай алмай, төреші техникалық нокаут белгіледі.
Самат Башенов: «Бұл боксшымен бірінші рет кездесіп отырмын. Үшінші раундта «аперкотты» көп жасап, сол жақтан да соққылар жасауға тырыстым. Ең бастысы, жеңіске жеттім. Командама қажетті ұпай сыйлай алдым.»
Отандық Мейрімінің жұдырығына «гусарлардың» капитаны Томаш Яблонский де төтеп бере алмады. Қос боксшы да бес раунд бойында бірін бірі тоқпақтың астына алғанымен, жеңімпазды анықтау оңай болмады. Жанкүйерлер тақым қысып, Мейірімді қолдауға тырысты. Сөйтсек, бұл жолы да жеңіске жету «арландықтарға» бұйырған екен. Төрешілер бір ауыздан жеңісті Мейірім Нұрсұлтановқа берді.
Бокс кешінің соңғы жұбы және ең тартысты жекпе-жекті ауыр салмақтығылар көрсетті. Қазақстандық Василий Левиттің қарсыласы бүкіләлемдік рейтингте көш бастап тұрған Игорь Якубовский болатын. Осыған дейін жеңіліс көрмей, кездесуді бел ортасынан нокаутпен аяқтап жүрген Василий бұл жолы жеңіске жете ала ма деген күдік мамандарда болғаны рас.
Кездесудің алғашқы үш минуты да кездесуге анық сипат бере алмады. Тек үзілістен кейін отандасымыз «гусарды» жұдырықтың астына алды. Ал үшінші раундта салмақты соққыларының көмегімен Василий Якубовскийді үш рет нокдаунға жіберіп, поляктың бапкері ринг төріне ақ орамал тастады.
Василий Левит: «Әр жекпе-жекте нокаутпен жеңемін деген мақсат қоймаймын. Кездесу барысында солай сәті туып қалады. Бұл жолы да күтпедім. Оның үстіне қарсыласым да мықты екені даусыз. Дегенмен, сәттілік менің жағымда болды деп ойлаймын!»
Бұл жеңіспен «Astana Arlans» В тобында бірінші орнын нақтылай түсті. Бесінші маусымда өткен тоғыз матчтың барлығында жеңіске жеткен отандастарымыздың келесі жұдырықтасуы тағы да Шымкентте өткізеді. Наурыздың 21-і күні «арландарымыз» Бакудың боксшыларымен жұдырық түйістіреді.