– Серік, жеңіс құтты болсын! 5:0 есебімен «Поляк аттарын» жеңу жанкүйер үшін үлкен қуаныш сыйлағаны рас. Ал сіз үшін ше?
– Біздің жігіттердің жеңіске жететініне сенімді едім. Шынымды айтсам 5:0 есебімен мұндай нәтижеге қол жеткізу мен үшін де тосын сый болды. Көпшілік польшалықтар бізге мықты қарсылас емес дейтін де шығар. Бәлкім мұнымен келісуге де болады. Бірақ, польшалықтардың бокс тарихына еніп үлгерген елдердің бірі. Бұл жақтан талай әлем, олимпиада чемпиондары шыққан. Дегенмен, иә, дәл қазіргі таңда бұл елдің боксы бізге қарағанда сәл төмендеу. Алайда спортта біреудің бағы, енді біреудің бабы шабуы мүмкін екенін де ұмытпау керек. Яғни, үнемі көш басында тұрып құлап кетуің бір сәтте. Сондықтан да кез келген қарсыласпен бәсекеге шығарда мықты дайындық пен тәжірибе қажет. 75 және 91 келі салмақ дәрежесіндегі боксшыларымыз үшін алаңдағанымды жасырмаймын. Себебі қос боксшының осы кездесу арқылы рейтингте орны айқындалуы тиіс еді. Бағымызға қарай екеуі де қарсыластарын артта қалдырды.
Мен әсіресе, шымкенттік жанкүйерлерге ризашылығымды айтқым бар. Матч бастала салысымен былғары қолғап шеберлерімізге олар ерекше жігер берді. Оңтүстікқазақстандықтардың боксқа деген қызығушылығы жоғары екені анық байқалды. Кезінде рингке шыққан адам ретінде жанкүйердің қолдауы кез келген спортшы үшін ауадай қажет екенін жақсы түсінемін. Польшалықтармен өткен жекпе-жектегі жеңіске көрермендердің де өзіндік септігі тиді. Сонымен қатар, бүкіләлемдік деңгейдегі доданы ұйымдастырған облыс әкімдігіне, бокс федерациясының жергілікті өкілдігі мен спорт және дене шынықтыру басқармасына клуб атынан алғысымды айтамын.
– Клубтың алдағы жоспарларымен бөлісе кетсеңіз…
– Наурыздың 21-іне клуб үшін тағы бір маңызды кездесу болады. Бұл матчта Шымкентте өтеді. Кезекті қарсыласымыз – Әзірбайжанның «Baku Fires» клубы. Бұл командамен біздің жігіттер бірнеше рет кездескен. Жеңдік те, жеңілдік те. Алдын ала нәтиже қалай болатынын болжағым жоқ. Бірақ, арландық жігіттер намысқа тырысатыны анық. Бұдан өзге Қазақстан Бүкіләлемдік бокс сериясының бесінші маусымындағы 4 кездесуін өткізеді. Майами, Сан-Хуан, Сан-Луис және Бергамо қалаларында өтетін жекпе-жектерден де жеңіс күтеміз. Егер біздің боксшылар осы кездесулердің бәрінде жеңіске жетсе, демек Қазақстан маусымның жартылай финалына жолдама алады. «Astana Arlans»-тың ендігі мақсаты – маусымның жеңімпазы атану. Меніңше біздің саңлақтар ол үшін бар күш-жігерін салады.
– Жігіттердің бүгінде көш бастап тұрғанын білеміз. Сіздіңше өзге клубтардан біздің ерекшелігіміз неде?
– Спорттың басқа саласын қайдам, дәл бокс түрі біздің елде жақсы дамыған. Тәжірибе мол, тәжірибелі бапкерлер де аз емес. Қызығушылық жоғары деңгейде. Сонау Кеңес заманынан аты әлемге айналған ағаларымыз бар. Олардың ізін кейінгі буын басып келеді. Мұның бәрі боксқа деген назардың, қолдаудың ерекше екенін аңғартады. Соның ішінде оңтүстік спортшыларын ерекше атап өткім келеді. Оңтүстікқазақстандық жігіттердің ел боксында алар өзіндік орны бар. Мұны ҚР Бокс федерациясындағылар да үнемі айтып отырады.
Дәл мына қасиетіміз өзгелерде жоқ деп айтқан дұрыс емес. Біз «мынау әлсіз» не «анау мықты қарсылас» демей барлық ойыншыға бірдей қараймыз. Көш бастауымыздың сыры осы шығар (күліп).
– Бапкерлік істі қолға алу жақын арадағы жоспарыңызда бар ма?
– Ондай ой жуық арадағы жоспарымда жоқ. Мен кеше ғана чемпион болған адаммын. Шәкірт тәрбиелеу – әлі ерте. Үйретерімнен үйренерім көп. Оған қоса кәсіби клубтағы басшылық қызметім бар.
– Өзге спортшылар, мәселен олимпиада чемпионы Ольга Шишигина секілді саясатта бақ сынап көргіңіз келмейді ме?
– Саясатқа аса жақындардың қатарынан емеспін. Рас, кейде ел азаматы ретінде саясаттағы жаңалықтарды, елде, әлемде орын алып жатқан жайттарды бақылап отырамын. Соның ішінде спортқа қатысты оқиғалар орын алса назарым ерекше ауады. Не дегенмен жұмысым кәсіби спортпен тікелей байланысты. Егер өзіме сенімді болсам, халық қолдап жатса, неге бағымды сынамасқа?! Бірақ, бүгін не ертең түпкілікті саясатқа кетемін дей алмаймын. Бәрін де уақыт көрсетеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №11, 18.03.2015