«Түркия Елбасымызды бүкіл түркі әлемінің көшбасшысы ретінде мойындайды»

Жансейіт Түймебаев, ҚР Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі

 

Жансейіт Түймебаев,  ҚР Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі
Жансейіт Түймебаев,
ҚР Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі

– Жансейіт Қансейітұлы, елші атанып, Анадолы еліне барғаныңызға бірнеше жыл болды. Бауырлас елмен бүгінгі байланысымыз қай деңгейде? 

– Тіліміз ұқсас, түбіміз бір болғасын әдет-ғұрып пен дәстүріміз де алыс емес екен. Бауырлас ел деп бекер айтылмаса керек. Тәуелсіздіктен бері көп өзгеріске толы. Жақсы жағынан, әрине. Мәселен, ең алғашқы кезеңде ынтымақтастық, достығымыз бірнеше ғана миллион доллардан басталса, бүгін міне, 4 млрд доллларға жетіп отыр. Алғашқы кезеңнен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев құрған осы әріптестік, достық өте жоғары дәрежеде. Яғни, стратегиялық әріптестікке ұласты. Түркия мен Қазақстан арасында бұған дейін ешқандай проблема болған емес. Сондықтан да қарым-қатынасымыз қарыштап, мәдени, әскери, техника, білім, туризм саласында қарқынды дамуда. Сауда-экономикалық жағы өте жоғары деңгейде. Қазіргі күні Қазақстанда 1500-дей түрік фирмалары мен компаниялары жұмыс істеуде. Олар – әсіресе құрылыс саласында жүр. Астана мен Алматы қалаларында көптеген ғимараттарды салды. Сонымен қатар, текстиль, туризм саласында айтарлықтай шаруалар атқарылуда. Мәдениет саласына өздеріңіз куәсіздер. Екі елде өтіп жатқан концерт, театрлық қойылымдар бар. Облыстар арасындағы байланыс дамуда, оның құрамында Оңтүстік Қазақстан облысы да бар. Бұнымен тоқтап қалмаймыз. Яғни, жақын күндері Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған ресми сапармен Қазақстанға бармақ. Осы сапар барысында екі жақты сауда айналымын 15-20 млд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Оған қос тараптың да мүмкіндігі мол екені анық.

– Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл билік басында жүріп сырт елдерге жасаған сапарын санағанда Қазақстан алғашқы орыннан көрініпті. Тиісінше, біздің Елбасының да жиі баратын елдірінің бірі осы Түркия екен. Сапардың санын арттырған достық па, әлде түйіні көп мәселе ме?

– Құдайға шүкір, Түркия-Қазақстан арасындағы бауырластық һәм достық жоғары деңгейде. Оны ел Президенттерінің өздері де жиі айтып жүр. Жалпы мемлекет басшыларының достығы, бір біріне жақындығы екі елдің де қарым-қатынасының күшеюіне үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Ең алғашқы күннен бастап түрік мемлекетінің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына деген ілтипаты ерекше. Осы жылдар ішінде Түркияда ауысқан Президенттердің барлығы біздің Елбасымызбен өте тығыз қарым-қатынас пен достықта болды. Абдулла Гүл мырзаның өзі Нұрсұлтан Әбішұлын ең жақын досым әрі бауырым деп жиі айтады. Қысқасы, Ыстамбұл, Измит, Қыршехир қалаларында Назарбаев атына көше беруі осының дәлелі. Біз бұған үлкен мақтаныш, құрметпен қараймыз. Сонымен қатар, екі ел басшыларының бір-біріне жасаған сапарлары. Яғни, ол сапардың артында үлкен мақсат, жоспарлары бар. Нәтижесінде үкіметаралық отырыстар ұйымдастырылып, көптеген нақты шаралар қолға алынды. Стратегиялық-әріптестік құжаттарға қол қойылып, үлкен кеңес өз жұмысын бастады. Ол кеңестерге түрік елі тарапынан Режеп Тайып Ердоған, ал біздің елден Нұрсұлтан Назарбаев тікелей жетекшілік етеді.

– Түрік басылымдарынан түркі әлемінің ақсақалы – Нұрсұлтан Назарбаев дегенді жиі оқып қаламыз…

– Иә, ол – рас. Түркия мемлекеті, басшылығы, ғалымдар жағы біздің Елбасымызды тек қана екі ел арасын байланыстырушы ғана емес, бүкіл түркі әлемінің басын біріктіруші, көшбасшысы ретінде мойындайды, бағалайды. Оған дәлел – өзіміз қатысқан отырыс, жиындарда Президентінен бастап, шенеунік, ғалымдарына дейін осы ойды жиі айтады. Мәселен, Қазақстан елшілігі тарапынан жақында кітап жарық көрді. Оның ішінде бұрынғы ел басқарған тұлғалары С.Демирел, Абдулла Гүл, Премьер-министрі мен Мәжіліс басшыларының жеке-жеке мақалалары жарияланды. Осы мақалалардың ішінде бүкіл түркі әлемінде орны бар және соны басқарып келе жатқан әрі әлемге танытқан Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық орнын нақты айтып кеткен пікірлері бар. Сонымен қатар, қазіргі аумалы-төкпелі, экономикалық ауытқулар кезінде түркі жұртын біріктіріп, алға тарту жөніндегі рөлін көрсетіп берді.

– Түсінікті. Бірнеше жылдан бері Түркиядағы елшісіз. Бау-ырлас елден үйренетініміз қайсы? Атап өтсеңіз…

– Түркия экономикасы дамыған ел ретінде Еуропада 6-шы, әлемде 15-ші орында келе жатқан мемлекет. Өнеркәсіптік аймақтары жағынан көпке үлгі болған ел. Атап айтқанда, Түркияның бір өзінде 60 мыңға жуық фабрика, зауыт 300 мыңдай шағын кәсіпорын мен цехтар бар. Олардың барлығы арнайы жоспарланған, ұйымдастырылған өндірістік аумақ ретінде істейді. Ол жөнінде түрік үкіметі арнайы заң қабылдаған. Міне, осы өнеркәсіптік аумақтарды біріктіріп, бірнеше жыл ішінде 9-10 облыстың басшылары делегациямен келіп, тәжірибе алмасып, келіссөз орнатып кеткен болатын. Осындай өндіріс аймақтарды Қазақстанда да құруға ұсынып, қазір еліміздің үш облысы осындай үлгімен арнайы аймақ құрылуда. Бұған түрік бауырларымыз мамандарын жіберіп, көмек беруде.

– Рахмет!

Сұхбаттасқан – Самат Сүлей

«Оңтүстік Рабат», №8, 25.02.2015