Жалпы өңiрлiк өнiм көлемі 200 млрд. теңгеге артты

8-001

Асқар Мырзаxметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– ОҚО-да 900-ге жуық елдімекен бар. 200-ден аса ауыл және кент әкімдері бар. Оларға біраз өкілеттілік те берілген. Әсіресе салық жинау бойынша, елдімекеннің әлеуметтік мәселелерін шешуге олардың толық мүмкіндіктері бар. Өкінішке орай соның өзін әкімдер дұрыс пайдалана алмауда. Сондықтан біз қазір ауыл және кент әкімдерінің мүмкіндігін қайта қарастырып жатырмыз. Тиісті жұмыстар атқарылуда. Ең бастысы, Елбасы айтқандай қызметтік жауапкершілікті де арттыруымыз керек.

Кешегі аптада Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов алқалы елдің алдында өткен жылға қорытынды жасай отырып, алдағы күннің жоспарымен бөлісті.

Айтпақшы, «әкім есеп бергелі жатыр» деп алыс-жақынға хабар бергелі облыс бойынша 284 орында «Әкімге қояр сұрағыңыз болса, осында қалдырыңыз» дегенді меңзейтін арнаулы жәшіктер қойылыпты. Ал есеп беру жиынына облыстағы барлық ауданнан зиялы қауым, ақсақалдар алқасы сынды өкілдердің арнайы шақыртылып, қатысуына қарап-ақ, облыс жұртшылығы түгел қамтылды десе де болғандай. Тіпті ат арылтып Астанадан да жеткен меймандар болды. ҚР Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Парламент Сенаты-ның депутаты Қуаныш Айтаханов, қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Жасұлан Естенов есеп беру жиынында болды. Жалпы «Түркістан» салтанат сарайында есеп беру жиынына 1700 адам қатысты деген есеп бар. Жә, айтпағымыз ол жайында емес….

Ауылдағы ағайынның базынасын Түркістаннан «Түркістан» сарайына арқалап келгендердің бірі Әбдіғаппар Әбдісалимов болды.

Облыс басшысы өз есебін 2014 жылы жалпы өңiрлiк өнiм көлемі 200 млрд теңгеге артқанынан бастады. Осылайша аймақтағы экономикалық өсім 6 пайызды құраған. Өнеркәсіп өнімі 649,2 млрд теңгені құрап, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда 76,3 мың АҚШ долларына теңелген. Бұл өз кезегінде өзге облыстармен салыстырғанда көш ілгері кеткенімізді көрсетеді. Отандық өнім өндіру мәселесі жіті назарда тұр. (Бұл жайында 4-беттен оқи аласыз)

Индустрияландыру картасына облысымыздан 223 жоба енген. Мақтанарлығы оның 65 пайызы ауылда жүзеге асып жатыр. Осының негізінде 33 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Десе де, әзірге нақты 137 жоба іске қосылып, 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

8-002

Индустриалды аймақ құрудан да Оңтүстік өзгелерден озып тұр. Бұл аз десеңіз, Шымкентте тағы да жаңа 4 индустриалды аймақ құрылған. «Тассай», «Қазақ-түрік», «Бадам» және «Агро-индустриалды аймақ» деп аталатын бұл аймақтарда көздеген мақсат жүзеге асса, алғашқы үшеуінің өзінде 6 658 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал пилоттық жоба ретінде қолға алынып отырған агро-индустриалды аймақта 800 жұмысшы тұрақты еңбек етіп, жылына 25 мың тонна көкөніс жинап аламыз деген міндет те жоқ емес. Индустриалды аймақтар салынуы үшін облыс бойынша 1200 га жер арнайы бөлініп те отыр.

Айтқандай, осындай индустриалды аймақ аудандарда да қолға алынған. Әзірге тәуір деп тілімізге тиек болып жүргендері Түркістан қаласы мен Созақ, Шардара аудандары ғана болып тұр.

«Оңтүстік» индустриалды аймағындағы 38 кәсіпорында 2800 жұмыс орны ашылып, 18 млрд теңге инвестиция тартылған. Мұнда 33 жобаның құрылысы басталған. Жалпы аймақта 76,8 млрд теңге игеріліп, 6699 жұмыс орны бар 71 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде бюджеттік 1 теңгеге 18 теңге жеке инвестиция тартылды.

Оңтүстік Қазақстан – аграрлы өңір. 2013 жылмен салыстырғанда ауылшаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 28 млрд теңгеге артық өндірілген. (324,6 млрд теңге) Егіс көлемі 5 мың га ұлғайып, 779 мың га жеткен. Суармалы жер 21,6 мың га артқан. Былтыр облыс дихандары 2,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімдерін жинаған. Оның 490 мың тоннасы (көкөніс, бақша) Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталған.

Өңірде тамшылатып суару әдісі 7,2 мың гектарға қолданылған. Бұл әдістің тиімділігінен болар, мұндай егістік көлемі 34 мың гектарды құрап отыр. 910 гектарды құрайтын жылыжайымыз да бар. Онда былтыр 150 мың тонна өнім өндірілген.

Осылайша республикалық көрсеткіштің 87 пайызын Оңтүстік Қазақстан облысы еншілеп отыр.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша да белгіленген меже екі есе артығымен орындалған.

Балық шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Бұл салада алдағы екі жылға арналған іс-шара жоспары түзіліп қойылыпты. 400 млн теңге несие сол үшін алынған. Оның 300 млн-ны субцидияланбақ.

«Балапан» бағдарламасы бойынша 160 балабақша ашылған. Қамту көрсеткіші 2013 жылмен салыстырғанда 67,2 пайыздан 76,8 пайызға өскен. Мектеп салу ісі де жалғасады. Апатты мектептер жайы бүкіләлемдік қаржылық дағдарысқа қарамастан назардан биыл да түспейді (бұл жайында 6-беттен оқи аласыз).

Ал білім беру ісіндегі жетістігіміз ретінде былтыр мектептің 436 түлегі «Алтын белгіге» лайықты болғаны, республикалық пән олимпиадасында біздің облыс шәкірттері жүлделі 1-орынды жеңіп алып, Қазақстандағы «Ең үздік олимпиадалық команда» аталымы бойынша марапатталғаны айтылды.

Айтпақшы…

Есеп беру жиналысы жиынға келген азаматтар тарапынан қойылған сұрақ-жауапқа ұласқанда (1700 адам жиналған) зал ұйқыдан оянғандай болды.

Дегенмен, кей сауалдарға жауап А.Мырзахметовтың баяндамасында айтылып кетсе де сол дәйектерді қайталап айтып беруін сұранғандай әсер қалдырды.

Мысалы, Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұпарбай Әсемов «кәсіпкерлікті дамытуға бөлінетін қаржы дағдарысқа байланысты қысқарып кетпей ме?» деген сұрақты қойғанда баяндамада айтылғандай керісінше өңірімзде кәсіпорындар ашу, индустриалды аймақтар санын арттыру көзделіп отырғанын, себебі мұның астарында жұмыссыздықты жою, отандық өнім көлемін арттыру, ішкі нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз ету жатқанын көзі қарақты азамат түсінуге тиісті еді ғой деп ойладық. Олай болса, осы тақылеттес сауалдар алдын ала ұйымдастырылған-ау деген ойға жетеленіп кеткенімізді жасырмаймыз.

Ал, Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылынан келген Абай Ережеп ақсақалдың көтеріп отырған мәселесі көптің көңіліндегі жәйт.

– Ауылымыздағы электр желілері 60-шы жылдары тартылған. Ескіріп, тозығы жеткен, үзіле беретін тұсы аз емес. Осыларды жаңасына алмастыру ісі қашан жүзеге асады екен?-дейді ауылдықтардың аманатын арқалап келген ақсақал. Елдің жайын ойлағандық осылай болса керекті.

8-003

Бұл орайда тиісті сала мамандарымен келісімдер жасалып жатқанын, инвестиция тарту арқылы жарықпен қамтамасыз етуші компания осындай ескірген бағаналар мен сымдарды біртіндеп алмастыруға кірісіп кеткенін, игі шара жалғасын таба беретіндігін жеткізген әкім жауабына ақсақал риза болды.

Ауылдағы ағайынның базынасын Түркістаннан «Түркістан» сарайына арқалап келгендердің бірі Әбдіғаппар Әбдісалимов болды. Шаруа қожалығы бар дихан елде егістікті суғаратын судың тапшылығы сезіліп отырғанын жеткізді.

Елді күлдірген де сау-ал, өтініш, тілектер болды. Мысалы…

А.Мырзахметов те шаруаның жайынан хабардар болып шықты. Су комитетімен келісім жасалып жатқанын, бұған дейін бір каналға екі азамат қожайын болып келгенін, қазір тексеру, анықтау, шешу амалдарынан соң каналға бір қожайын қалғанын, негізінде біртіндеп каналдарды мемлекеттік коммуналдық меншікке алу мәселесі қарастырылып отырғанын айтты. Тіпті Түркістанда жаңадан «Иқан» су қоймасы салынатындығын, бұл жоба іске асса, түркістандық дихандар судан тапшылық көрмейтінін жайып салды. Жұрт жағымды жаңалықты құптай кетіп, қол шапалақтау білдіріп жатты. Елге осындай нақты шешімдер керек қой.

Өзін тәуелсіз сарапшымын деп таныстырған Несіпжан Әмірова ирригация мәселесін көтерді. «Шымкент қаласы ғана емес, аудандар да осы ирригация жүйесінің тозғандығынан зардап шегіп отыр. Су алу, су басу көктемде жауын-шашынды күндері жыл сайын белең алатын проблема болды. Шымкентте жауын жауса көшеге шыға алмай қалатын болдық. Мамандарды, тіпті аудан әкімдерін кезек-кезек Ташкентке жіберіп тұрыңызшы, Асеке! Үйреніп келсін өзбекстандық мамандардан» деп салды. Жанайқай. Расында да жиі көтерілетін мәселе. Жиі көтерілгендіктен де болар, мұның да шешу жолдары қарастырылып жатқанын облыс әкімі атап өтіп, жүйе жақсаратындығына уәде етті.

Елді күлдірген де сауал, өтініш, тілектер болды.

Мысалы, қоғамдық ұйым белсендісі Жарқынбек Сейтімбетұлы «Сіз әкім болып келгенде мектепке мұғалім болып орналасу 500 АҚШ доллары еді, қазір 5 мың доллар болып кетті… Осыны қашан тиямыз?» деген сауалын тағы да қойды. Тағы да дейтініміздей бар. Облыс әкімінің есебін аңдып жүріп, дәл осы сауалды жыл сайын алқалы жиында көлденең тартатын азаматтың діттегені не екенін түсіне алмадық. Түсінгенде… мақсаты дұрыс. Білім саласындағы жемқорлықты қайтсек жоямыз деп шырылдайды. Бірақ, жыл сайын биік мінберде тұрған облыс басшысы «нақты факті келтіріңізші? Пара алып жатқан мектеп директорын атап беріңізші? Неден қорқасыз? Кімнен қорқасыз? Ақыры осы келеңсіздікпен күреседі екенсіз, нақты факты келтірсеңізші..»,-дейді. Тағы да сол жалпылама қойылатын сұраққа тиісті жауабын алады.

Есесіне сайрамдық ұстаз Оразкүл Жолдасованың апатты мектептер жайын нақты дәйектер келтіре отырып, көтергені орынды болды.

Ж.Шалабаева

«Оңтүстік Рабат», №8, 25.02.2015