«Ордабасы» футбол командасының тарихында алғаш рет футболшыларды жанкүйерлерге ресми таныстыру салтанаты өтті. Салтанатты кеш «Мега» ойын-сауық кешенінде өтті. Биыл шымкенттіктердің қатарын 10 жаңа футболшы толықтырып отыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=K0e8QFBOZMc[/youtube]
Олар: Иван Божич (шабуылшы)
— Сергей Малый (қорғаушы)
— Александр Симчевич (қорғаушы)
— Ринат Абдуллин (қорғаушы)
— Бронислав Трайкович (қорғаушы)
— Кирилл Петров (жартылай қорғаушы)
— Рауан Сариев (жартылай қорғаушы)
— Андрей Сидельников (қақпашы)
— Сергей Бойченко (қақпашы)
— Александр Гейнрих (жартылай қорғаушы)
Оның үстіне биыл «Ордабасы» клубының «Техас» фанклубының мүшелері команданың арнайы әнұранын шырқады. Салтанатты кеште оны кәсіби өнерпаздар орындаса, 7 наурыз күні ел чемпионатының алғашқы ойынына жиналғандар әнұранды бірлесе айтады.
Команданың бас бапкері Виктор Кумыков та ордабасылықтарды биылдан бастап жаттықтырады. Осыған дейін қарағандылықтардың атын Европада шығаруға атсалысқан маман биыл шымкенттіктермен бірге жеңістерді бағындырмақ. Үш оқу-жаттығу жиынында Виктор Балютович команда құрамын толық жасақтаған.
«Ордабасы» командасы құрылғалы мұндай таныстыру кеші болған емес. Бұл да болса клубтың биылғы маусымға жоспары берік екенін аңғартады. «Кем дегенде жүлделі орыннан көрінуіміз қажет» дейді клуб президенті Берік Омарбеков.
Артем Касьянов, «Ордабасы» ФК ойыншысы: «Жанкүйерлермен мұндай кездесулердің жиі өтіп тұрғаны дұрыс қой. Бүгін көңіліміз көтеріліп, ойын алдында жаңа бір серпіліс алғандай болдық. Әрине, Оңтүстік жұртшылығының алдында ұятқа қалмауымыз керек. Алдағы уақытта тек жеңіске жетіп, алтын немесе күміс медаль тағамыз деп сенемін.»
Премьер-лига командалары арасындағы ел чемпионатының алғашқы турында шымкенттік «Ордабасы» Павлодардың «Ертісін» қабылдайды. Матч 7 наурыз күні орталық стадионға жоспарланған.