Облыстық қуыршақ театры – үздік үштіктің қатарында. Анығырақ айтсақ, ел аумағында өнер ошақтары арасында ұйымдастырылған жылдық бәсеке мәресіне жетті. Республикалық ұлттық мәдениет сарапшылары ұжымды «Сала үздігі -2015» атағына лайық деп тапты.

Еңбектің еленуі, алғыс хат, ақ тілек-құттықтаулар. Мұндай марапат-құрметті облыстық қуыршақ театрының ұжымына арналады. Әрдайым балалардың көңілін аулап, ертегілер еліне саяхат жасап, тарихты жаңғыртатын театр республикалық ұлттық мәдениет сарапшыларының шешімімен үздік үштікке енді. Мәртебелі «Сала үздігі-2015» атағын иемденіп отыр. Кәсіби шеберлігімен көзге түскен мамандар да марапаттан шет қалмады.

Рәшида Оразбаева
Рәшида Оразбаева

Рәшида Оразбаева, «Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін» марапатының иегері: «Өте қуаныштымын! Еңбегімді елеп, мәртебелі сыймен марапаттағаны үшін айтар алғысым шексіз! 10 жылдан бері қуыршақ театрында қызмет етіп келемін. Әрине, балаларға қызықты қойылым сыйлап, олардың бойына жақсы қасиеттерді қалыптастыру үшін біз аз жұмыс жасамаймыз. Әрдайым сапалы дүниелерді ұсынуда жауапкершілік танытып келеміз деп ойлаймын. Дегенмен, қызметтің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Енді алдағы уақытта да өнер саласында кішкентай көрермендеріміз үшін жаңа премьералық қойылымдарды ұсынатын боламыз».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=fx45oc_t8Tw[/youtube]

Облыстық балаларға арналған қуыршақ театры осыдан 32 жыл бұрын ашылды. Оның Оңтүстікте қызметін бастауына қоғам қайраткері Асанбай Асқаров бастамашы болған. Бүгінде өнер ошағының қоржынында «Алтын балық», «Достық мектебі», «Киелі алма», «Жол жүру ережелер» сынды балакөңіл көрерменнің көзайымына айналған 130-ға тарта спектакль бар. Олар өз бағасын алып үлгерді.

Театр 2005 жылы Түркияның Стамбул қаласында өткен халықаралық қуыршақтар байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ал 2014 жылы облыс әкімінің жылдың үздік мәдениет және өнер мекемесі атанды. Бірақ, ұжым ізденуін тоқтатпақ емес.

Бақтияр Спанов
Бақтияр Спанов

Бақтияр Спанов, облыстық қуыршақ театрының директоры: «Мектептер мен балабақшалар жаздыгүні демалысқа шығып кетеді, біз де ол уақытта тоқтап қалуымыз мүмкін. Сондықтан іс-сапарларды ұйымдастырып жатырмыз. Аудан-ауылды аралап, алтын қоржынымыздағы қойылымдарды сахналаймыз. Алдағы күндерге ауқымды жоспарларымыз бар. Мәселен, 6 бірдей премьералық қойылымды шығаруымыз керек. Оның екеуін әзірге ұсындық, енді төртеуі қалды. Үздік қазір дайындалып, ізденіп, жаңа тұщымды еңбекті әзірлеп жатырмыз.»

Бүгінде облыстық қуыршақ театрында 67 адам қызмет етеді, оның 19-ы – шығармашалақ ұжым. Айта кетейік, қазіргі уақытта ел аумағында 54 театр бар болса, 9-ын жасөспірімдер мен қуыршақ театрлары құрайды.