Отырар телеарнасындағы «Жаңа күн» сазды ақпараттық бағдарламасында әр жұма күні имандылық тақырыбы қозғалып отырады. Осы орайда студияға қонақ шақырту дәстүрге айналған. Бүгінгі студиямыздың қонағы — Шымкент қалалық Әбділхаммит Қаттани мешітінің бас имамы Әбдірахманов Бақдәулет Нұрматұлы.
— Аға, 20 сәуір — қасиетті үш айдың басталатын күні. Осы үш қасиетті айлар жайында айтып беріңізші…
— Биссимиляхи рахмани рахим. Бірінші Алла Тағалаға көптеген мақтау сөздер болсын. Негізі, бұл айлар таңсық нәрсе емес. Дегенмен Исламда ойып тұрып орын алатын күндер, түндер, айлар бар. Міне, осы үш айдың абзалы жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтып кеткен. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Ережеп — Алла Тағаланың айы, Шағбан — менің айым, ал Рамазан — менің үмбетімнің айы» деген хадис қалған.
Енді Ережеп айына тоқталар болсақ. Ережеп айын бұрыннан қадірлеп, қастерлеп ерекше құрметтейтін болған. Дін келгеннен кейін де оның құрметі аса түсті. Бұл айда, тіпті, соғысу харам. Шариғатта харам болған төрт ай бар. Алла Тағала Құранда ақиқатында аспан мен жер жаратылғаннан бері Алланың жаратқан айларының саны он екі деп белгілеген. Бұл дінде дұрыс деп Алла Тағаланың өзі айтып кеткен. Жаңағы айтқан төрт ай: Зулькада, Зульхиджа, Мухарам және Ережеп айлары. Осы Ережеп айында тарихи оқиғалар өте көп болған. Біздің пайғамбарымызға нәсіп етілген Миғраш кеші секілді, Рағайып түні секілді. Ережеп айының бірінші жұмасы ол Рағайып кеші болып табылады.
Рағайып деген сөз — араб тілінің Рағима деген сөзінен шыққан сөз. Рағайып түні — 24 сәуірден 25 сәуірге қараған түні. Бұл түнде адамдар құлшылық жасап, Алладан дұға тілесе, Алла Тағала оның сауабын еселеп береді. Рағайып деген сөздің мағынасы құнды, жаухар, игілікті дегенді білдіреді. Яғни бұл түн Рамазан айы жақындады дегенді жаршылайтын түн болып саналады. Ережеп айында ең кем дегенде бір күн ораза ұстау Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннет амалдарына жатады.
— Осы тұста бір ой келеді. Ережеп айы келді деген хабарландыруды көшедегі жарнамалардың жазып қоюға бола ма?
— Өте орынды сұрақ. Біз әкімдіктің мамандарына осындай өтініш жасадық. Алдағы уақытта оң нәтиже болады деген сенімдеміз.
— Сұхбатыңызға үлкен рахмет!