Қасиетті Рамазан айы 11-наурызда басталады

Қасиетті Рамазан айының басталуына 1 аптадан аз уақыт қалды. Биыл ұлық ай 11 наурызда басталады. Ал Қадір түні 5-сәуірден 6-на қараған түнге тұспа-тұс келіп отыр. Шымкентте 60 мешітте санитарлық талапқа сай ауызашар өткізуге рұқсат берілді.

Биыл мұсылмандардың ұлық айы – Рамазан 11 наурызда басталады. Ал айдың қасиетті Қадір кеші сәуірдің 5-нен алтысына қараған түнге түсіп отыр. 10-сәуір – Ораза айт мерекесінің бірінші күні болып есептеледі.

Бақдәулет Абдурахманов, Шымкент қаласының бас имамы: «Осы күнге дейн сұрап жатады, басында үш күн, ортасында үш, аяғында үш күн ораза ұстасақ бола ма дейді. Оның бәрі қалмасқа кетті ғой. 30 күн Ораза ұстау – мұсылманмын деген, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі бүтін, бас бостандығы өзінде адам ораза ұстауға міндетті».

Дін өкілдері азық-түлік бағаларын назарға ала келе, биылғы пітір құнын да бекітті. Биыл пітір садақа – екі келі ұн бағасымен 640 теңге болып бекітілді. Ал фидия садақасының төменгі құны – 3000 теңге. Айта кетейік, Шымкентте 60-тан аса мешітте санитарлық талапқа сай ауызашар беруге рұқсат етіледі. Дін мамандары – Оразада ауызашар беретін кезде ас мәзіріндегі тағамдардың халал болуына мән беруді сұрайды.

Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласы бас имамының орынбасары:
«Қойылып жатқан ішіндегі жеміс, тәтті өнімдер, сусындар болсын қарау керек. ҚМДБ жанынан халал стандарттау бөлімі ашылған. 1000-нан астам азық-түлікке бүгінгі таңда халал сертификаттар берген. Сауда желілерінде, базарларда бар, сол жерлерден сұрастырып барып алса азық-түлікті дейміз. Орталық мешітте мамандар бар, солардан тізімді алып, сол арқылы дастарханға халал өнмдерді қойса деген өтінішіміз бар».

Өткен жылы қасиетті айда демеушілердің көмегімен 32 мың отбасыға азық-түлік таратылды. Биыл да жақсы дәстүргі айналған «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәттілері» және «Ел үлесі – пәтерге» акциялары жалғасын табады.