5 сәуір күні, 69 жасқа қараған шағында Қазақстан футболының ардагері Бауыржан Исаұлы Баймұхамедов дүние салды.
Бауыржан Исаұлы 1948 жылдың 15 ақпанында дүниеге келген. 1965 жылдан бастап футбол ойнай бастады. Өнер көрсеткен командалары — Алматының «Қайраты», Шымкенттің «Металлург», «Мелиоратор» және «Жігер», Ақмоланың «Динамо» және «Целинник», қарағандылық «Шахтер», «Звезда» (Пермь) және «Цемент» (Новороссийск) клубтары.
Бапкерлік жолды 1982 жылы бастаған. Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Ресейдің түрлі командаларын жаттықтырып, 1994 жылы Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкер болып тағайындалды.
«Ордабасы» футбол клубы және «Отырар» медиахолдинг Бауыржан Баймұхамедовтың қазасына байланысты жақындары мен туыстарына көңіл айтады.